Qoǵam
Жаратқанның разылығы үшін
Күллі мұсылман баласы үшін Жаратушы иеміз – Алла тағала белгілеп берген екі ұлық мерекесінің бірі Құрбан айт та келіп жетті. Жұрт Жаратқанның разылығы үшін құрбан шалып, кең дастарқан жайып, еңбектеген сәбиден еңкейген қартқа дейін шат-шадыман қуанышқа бөленетін осынау ұлы мерекеде ағайынның ырысты ынтымағы мен берекелі бірлігі тағы бір мәрте паш етілді.
Үш күнге созылатын бұл мейрам жыл сайын мұсылман күнтізбесі бойынша Ораза айт мейрамынан 70 күн өткеннен соң Зүлхижжа айының оныншы жұлдызында, яғни Арафа күнінен кейін басталады.
Жалпы ислам дініндегі мейрамдардың барлығы тек мұсылман қауымын ғана емес, сонымен бірге барша адамзат баласын татулық пен бірлікке, сыйластық пен ауызбіршілікке, кешірімге үндейтіні баршамызға белгілі. Құрбан араб тілінде «жақындау», яғни жасаған сауапты істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу дегенді білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы «міндеттелген шарттарымен санаса отырып, құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды.
Мейірім мен ізгіліктің, бауырмалдық пен сыйластықтың жаршысы болған Құрбан айт мерекесі ауданымызда да тиісті деңгейде өткізілді. Жер-жерлерде дін жанашырлары мен ізгі ниетті азаматтардың ұйытқы болуымен түрлі қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып, тұрмысы нашар отбасылардың, кембағал жандардың қоғамның жүрек жылуын сезінуіне, мерекелік көтеріңкі көңіл-күйде болуына барынша жағдай жасалды.
Таңертеңнен көңіл мен ниетті тазалап, жақсы киімін киіп, иіс-суын себініп, тәкбір-тәшригін айтқан жамағат аудан орталығындағы Зиябек Толымбайтегі атындағы аудандық орталық мешітке ағылды. Ауданның бас имамы Нұрлан Әмірбаев жиналғандарға құрбан шалудың үкімдері, мәні мен мақсаты, шарттары туралы уағыз айтты.
Құрбан айт намазы өтеліп болғаннан кейін шағын құтба оқылды. Ауданның қадірменді азаматтарының бірі Кемелбек Дәуренов жиылған қауымды Құрбан айт мерекесімен құттықтап, батасын берді. Ауданның бас имамы Нұрлан Жұмакерімұлы көмекке зәру жандарға жасаған қамқорлығы мен асыл дінімізге ұдайы қолдау көрсеткені үшін бір топ кәсіпкер азаматтарға аудандық орталық мешіттің Алғыс хатын табыстады.
Мешіт ауласында аудан басшыларының атынан екі жасар тана мен бір қой құрбандыққа шалынып, еті тұрмысы төмен отбасыларға таратып берілді.
Жамағат айт мерекесін атап өтуге үйді-үйге тарқасты.
* * *
Құрбан айт мерекесі күндері аудандағы барлық мешіттерде айт намазы оқылып, Жаратқанның разылығы үшін құрбандық шалынды. Жамағат көтеріңкі көңіл-күймен үйме-үй аралап, айттың құрметіне жайылған дастарханнан ауыз тиісті.
Билікөл ауылдық округінің орталығы Қарабастау ауылында «Міраз ата» мешіті қайырымдылық шараларымен қабат аяқдоптан турнир ұйымдастырды. Турнирдің соңында мешіт имамы Жәнібек Аптауов қатысқан командаларға алғысын айтып, жеңімпаздарға жүлделер үлестірді.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»