27 ақпан күні Астанада Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен партияның кезекті XVIII съезі өтті. Еліміздегі ең ірі саяси ұйымның құрылғанына 20 жыл толуына орай ұйымдастырылған кезекті съезд партияның 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты жаңа бағдарламасының қабылдануымен айшықталды. Аталған құжатта Елбасының елімізді жан-жақты жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыруға партияның қосатын нақты үлесі мен жұмысы көрсетілген.
Осы үлкен белесті бағындырар жолда партияның Саяси Кеңесі мен Бюросының құрамы жаңартылып, партия жарғысына кейбір нормаларды енгізу арқылы, ең алдымен, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуіне байланысты партияның мемлекеттік тілдегі атауында латын әріптері қолданылатын болды.
Съезд тізгінін ұстаған «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев алғашқы сөзді Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ұсынды. Елбасының съезде сөйлеген сөзінің толық нұсқасы ел газеті «Егемен Қазақстан» және облыстық «Ақ жол» газетінде жарияланған.
Жалпы, съезде күн тәртібінде «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі бағдарламасы туралы мәселе қозғалып, партияның Жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.
Съезд жұмысына 2 мыңға жуық адам қатысты. Олар еліміздің барлық өңірлерінен келген делегаттар және қонақтар. Съезге біздің ауданнан үш делегат, атап айтқанда, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова, «Орталық» бастауыш партия ұйымының төрағасы Руслан Сайлаубаев, «Қарасаз» бастауыш партия ұйымының төрайымы Бақыткүл Жексекеева қатысып қайтты.
«Нұр Отан» партиясы – еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосып, үлкен саяси күшке айналған партия. Партия съезінде қоғамдағы ең өзекті мәселелер айтылып, Президент Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік мәселелерді шешу міндеттерін айқындап берді.
2030 жылға дейінгі 10 бағыттан тұратын халықтың әлеуметтік-экономикалық ахуалын көтеруге бағытталған жаңа бағдарлама қабылданды. Оған қажетті қаржы бөлінеді.
Анар Ахметова – республикалық Саяси
кеңестің мүшесі
Ерекше тоқталар жаңалық, нұротандықтар, жуалылықтар үшін жетістік, үлкен қуаныш – «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ахметова Анар Садыққызы «Нұр Отан» партиясы республикалық Саяси кеңесінің құрамына кірді. Бұл туралы ел газеті «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды. Республикалық Саяси кеңес құрамына Жамбыл облысынан үш адам кірген. Олар: «Қазфосфат» серіктестігінің бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров, Қазақстан паралимпиада құрамасының капитаны Зульфия Габидуллина және біздің жерлесіміз Анар Ахметова.
Анар Садыққызы Саяси кеңестің Жұмысшы орган құрамында хатшылықта болды. Бұл, әрине, тынымсыз еңбектің жемісі. Үлкен қуаныш әрі үлкен жауапкершілік. Сондықтан әріптесіміз Анар Садыққызын құттықтай отырып, еңбегіне табыс және әрдайым абырой биігінен көрінуіне тілектеспіз!
«Жаңа өмір» ақпарат