Basty bet

Дамуға серпін беретін жеті қағидат

Тұрғындарға Жолдаудың басым бағыттары түсіндірілді

Бауыржан Момышұлы ауылы әкімі аппаратының мәжіліс залында Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов ауыл тұрғындарымен кездесіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы, одан туындайтын міндеттер мен еліміздің коронавирустық инфекциядан кейінгі дамуы төңірегінде келелі әңгіме-сұхбат өткізді.

Жиынды ауыл әкімі Көбейсін Хайралапов ашып, сөз кезегін облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкеловке берді.
– Баршаңызға белгілі, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті халыққа Жолдауы елімізде орын алған қауіпті індеттің қиын тұстарын еңсеру барысында дер мезгілінде жарияланған тарихи құжат деп білемін.
Әрбір Жолдау – қоғамымыздың қозғаушы күші. Бұл Жолдау да ел еңсесін көтеріп, халықты жігерлі істерге бастайтын сондай күш боларына сенімдімін. Өйткені, Жолдауда бүгінгі қиындықтардан шығу, әсіресе, осы бір сындарлы сәттегі әлемдік нарықтың жаңа ахуалына дайын болу керектігі жан-жақты айтылған,- деді баяндамашы.
Серғали Өмірзақұлы Жолдаудың мазмұны мен рухын жиналғандарға өз пайымымен, өз көзқарасымен қарапайым етіп, тәптіштеп, ұғынықты етіп жеткізуге күш салды.
Жаһан жұртшылығын алаңдатып отырған пандемияны еңсеру үшін азаматтардың бойында қоғам үшін жоғары жауапкершілік пен берік тәртіп қажеттігін еске салған баяндамашы адам шығыны аз болған Жапония, Оңтүстік Корея және Вьетнам елдерін мысалға келтірді. «Мәселен, заң құрметтеліп, тәртіп берік сақталатын 95 млн. халқы бар Вьетнам елінде індет жұқтырғандар саны небәрі 500 адамға жуықтаса, бірде-бір өлім-жітім тіркелмеген. Ал бізде қалай? Қазір вирус жұқтырушылар саны азайғанымен, күз айында тағы бір толқынына дайын отыруымыз керек. Ғалымдар инфекцияға қарсы 176 түрлі вакцина ойлап тауып отыр» деп сабақтады сөзін ол.
Баяндамашы бүгінгі таңда өзекті болып отырған экономикалық өсімді қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқаты мен табысын арттыру міндеттеріне де тоқталды. Осы ретте ол Мемлекет басшысының Жолдауда «Әртараптандырылған және технологияға негізделген экономика құру – жәй қажеттілік қана емес. Біз үшін бұдан басқа жол жоқ. Сонымен қатар, экономика халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы керек. Ұлттық табыстың өсімінен түсетін игіліктерді әділ бөлу, тиімді әлеуметтік «лифтілерді» орнықтыру жөніндегі қоғамның өткір талабы міндетті түрде орындалуға тиіс» деп атап көрсеткенін еске салды.
Әрі қарай еліміздің жаңа экономикалық бағдарына айналуына тиісті жеті басты қағидатқа жеке-жеке тоқталған Серғали Өмірзақұлы олардың әрқайсысын егжей-тегжейлі сипаттап берді.
– Алдымен, игіліктер мен міндеттердің әділ бөлінісі, жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлі, әділ бәсекелестік, кәсіпкерлердің жаңа буыны үшін нарық ашу, өнімділікті көбейту, экономиканың ауқымдылығын және технологиялық сипатын арттыру, адами капиталды дамыту, жаңа үлгідегі білім саласына инвестиция тарту, «Жасыл» экономиканы дамыту, қоршаған ортаны қорғау мен мемлекет тарапынан дәйекті шешімдер қабылдау және сол үшін қоғам алдында жауапты болу. Бұл ретте біз бәсекеге қабілеттілігімізді көрсететін артықшылығымызға және нақты мүмкіндіктерімізге сүйенуіміз керек.
Бұл жеті қағидат Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатын дамытуға жаңа серпін берері сөзсіз. Жалпы, өткен уақыт шағын және орта бизнеске жедел қолдау қажет екенін, озық технологияға негізделген тиімді экономика болмайынша, модернизациялау мүмкін емес екенін көрсетті. Сондықтан, мен адами капиталды дамыту қағидатын Жолдаудың негізгі тармақтарының бірі деп санаймын. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мен басқа да салаларды қамтыған Жолдауды ойдағыдай жүзеге асыру билік пен қоғамға деген халық сенімін арттырудың бірден-бір кепілі екендігіне сөз жоқ, – деді баяндамашы.
Баяндамашы Жолдаудағы жергілікті өкілді және атқарушы органдардың қызметі, әкімдердің сайланбалылығы туралы пікірлердің де көкейге өте қонымды деп есептейді. Оның пайымынша, жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржылық мүмкіндіктерін арттыру қажеттілігі талас тудырмайтын мәселе. «Кейбір ауыл әкімдерін халықтың өзі сайлап көруі де бұл жұмыс учаскесінде басшылардың белсенділігін арттырмаса, басқа зиян әкеле қояды деп ойламаймын. Мәслихаттар, егер кейбір құзіреттіліктері кеңейе түссе, қоғамға, ортақ ісіміздің алға басуына айтарлықтай серпін әкелер еді. Мәселен, бұл ретте тексеру комиссияларының да ықпалын арттыруға болар еді. Ал, мәслихат отырыстарының онлайн көрсетілімдерін енгізу біріншіден, өкілетті орган жұмысын халыққа кеңінен жария етсе, екіншіден, депутаттар қабылдайтын шешімдерде сайлаушылардың өзекті мәселелерінің ескерілуіне түрткі болары анық»,- деп түйді Серғали Өмірзақұлы.
– Бір сөзбен айтқанда, өз тарапымыздан қолдау тапқан маңызды құжаттың өн бойында қамтылған міндеттер, егер сәтімен жүзеге асырылса, қоғам тынысына одан сайын қан жүгіртіп, біраз істерімізді оңға бұрып, күткендегідей қалыпқа келтіруге көмектесе түсеріне күмән жоқ, – деп аяқтады сөзін баяндамашы.
Ауыл әкімі Көбейсін Хайралапов жиналғандар атынан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкеловке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын баршаға түсінікті, ұғынықты етіп баяндап бергені үшін алғысын білдірді.

Таңдаулы материалдар

Close