Basty bet

Әр науқастың жағдайы жіті бақылауда

Денсаулық – баға жетпейтін жалғыз ғана асыл дүние. Ол жақсы болу үшін не уақытты, не күш-жігерді, не еңбекті, тіпті барлық дүниені аямай жұмсау керек. Бұл сөзімізге аты жаман індет кезінде толықтай көзіміз жеткен еді. Яғни, бұл індет адам өмірі мен денсаулығынан асқан байлық жоқ екенін түсіндірді. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында «Халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған. Коронавирус індеті денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сынақ болды» деп бұл саладағы бірнеше проблемаларды да атап өтіп, көпшілікке денсаулықтың кепілі – спорт екенін баса айтқан болатын.

Осы ретте, аты жаман індетпен күресте асқан табандылық пен жауапкершілік танытқан медицина қызметкерлері аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінде жұмыс істейді. Жалпы бөлімде екі дәрігер, бір аға медбике, тоғыз орта буынды медбике және он кіші медицина қызметкерлері еңбек етеді. Бөлімде І санатты дәрігер Жазира Мырзалиева және ІІ санатты Ақмар Демеуова медициналық қызмет көрсетеді.
Жұқпалы аурулар бөлімі қазіргі таңда жасыл аймақта. Бұрынғыдай қауіпті аймақ жоқ. Тек мұнда сүзгі кабинеті бар. Науқастанып келген адамды осы арада қабылдап, алғашқы медициналық көмек көрсетіледі. Бөлім 23 төсекке арналған. Оның ішінде 13 төсек балалар үшін жабдықталған. Бір палата реанимациялық болып есептелсе, алты палатаға Баврово аппараты қосылған. Жұқпалы аурулар бөліміне жақында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оттегі жолдары барлық палатаға тартылған.
Бөлімге көбінесе жұқпалы аурулардың түрлерімен науқастанған адамдар келіп түседі. Яғни, жедел респираторлы вирусты инфекция, бурцеллез, вирусты гепатит, желшешек, жедел ішек инфекциясы, минингит, ковид, пневмония және тағы басқа ауру түрлері. Аурулар көбінесе ауа райына байланысты өсіп, кеміп отырады. Қазіргі таңда көпшілік арасында жедел респираторлы вирусты инфекция жүруде. Бүгінде бөлімде әртүрлі диагнозбен 17 науқас ем қабылдауда.
-Жұқпалы аурулар бөлімінде 2013 жылдан бастап жұмыс істеймін, – деп бастады бөлім меңгерушісі Жазира Бейсенқызы. – Ал, меңгеруші қызметіне 2019 жылы тағайындалдым. Әрине, адам денсаулығы – ең басты байлық. Сол себепті әр науқастың денсаулығы мен өмірі біз үшін маңызды. Жауапкершілік пен антымызға деген адалдықты қажет етеді. Мұнда келген әр науқас дертіне шипа іздеп келеді. Әр науқасқа ем-дом тағайындаумен қатар, мұндағы денсаулық сақтау қызметкерлері жылы сөздерін аямайды.
Бөлімде науқастың диагнозына байланысты ем қабылдайды. Дәрігерлер медбикелерге нұсқаулықтарын береміз. Мейірбикелер науқастарға емдік шараларын уақтылы жасайды. Мәселен, бөлімде бурцеллез жұқтырған адам 15-18 күнге дейін жатқызылады. Ал, ЖРВИ диагнозы қойылғандар 7-8 күн аралығында ем қабылдайды. Аурулардың түрлері маусымдық болып табылады. Кейде жедел ішек инфекциясы көбейсе, вирусты аурулар өршуі мүмкін. Сол себепті, ауа райына қарай киініп, сақтанып жүрген абзал.
Бөлімде науқастар оқушауланған болып есептеледі. Өзге науқастарға бір жұқпалы ауру жұқпас үшін әр қайсысы бөлек палатаға орналастырылады. Бірге жиналып, асханада тамақ ішілмейді.
Қазіргі таңда бөлімде сүзгі кабинеті бар. Онда келіп түскен науқастан талдамалар алынып, ол эксперт тест арқылы бір күнде дайын болады. Талдамаларының нәтижесінде палатаға ауыстырылады. Мұнда науқастар жағдайына байланысты жолдамамен келеді. Көбінесе, балалар, жүкті әйелдер келіп түседі. Жалпы 70-75 науқас емделіп шығады, – дейді дәрігер.
Қазіргі коронавирустық инфекцияға байланысты ахуалдың тұрақтылығы жұқпалы аурулар бөліміндегі жағдайды бірқалыпқа түсірген. Бұрынғыдай медицина қызметкерлері күндіз-түні обаға қарсы костюмдермен жүрмейді. Оттегі баллондарын тасып, науқасқа да жүгірмейді. Лайым, осы қалыптан танбай, аты жаман індеттің жойылуын тілейді.
-Бөлімде науқасқа керекті ЭКГ аппараты, қан қысымын өлшеп көрсететін монитор, тыныс алу аппараты және өзге де медициналық құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектер жеткілікті. Күнделікті таңертең науқастардың жағдайы тексеріліп, бақыланады. Олардың тыныс алу жиілігі, дене қызуы, қан қысымы өлшенеді. Ем-домы жасалады. Сонымен қатар, дәл осындай дәрігердің бақылауы кешке қайталанады. Әр науқастың жағдайы жіті бақылауда ұсталады. Мен болмаған жағдайда кезекші дәрігерлер науқастарды қараусыз қалдырмайды. Өйткені, мұндағы әр науқастың жағдайы әртүрлі.
Кейде жұқпалы аурулар бөліміне жүкті әйелдер де келіп түседі. Осы кезде арнайы әйелдер дәрігерлері шақырылып, кеңес беріледі. Оның жағдайын тексеріп, ана мен баланың денсаулығы қадағаланады. Өзге де керекті дәрігерлер болса науқастың жағдайына қарай осында шақырылып, бірлескен жұмыс атқарылады. Сонымен қатар, мейірбикелер де жұмыстарына жауапкершілікпен қарап, дәрігердің нұсқаулығын орындайды.
Әрине, ең қиын кезең коронавирустық инфекциямен күрес уақыты болды. Алғашында бұл жұқпалы аурудың емделу жолдары мен себебі, нақты емдеу шаралары болмағандықтан қиындық туғызғаны белгілі. Бұрынғы қалыпты өміріміз өзгеріп, жұмыста көптеген өзгерістер орын алды. Оның барлығын ұжым болып бірге еңсердік. Кейіннен бұл індетпен күрестің нақты протоколдық емдеу шаралары мен жолдары қабылданып, белгілі болды. Артынша індетті жеңудің бір жолы вакцинациялау екендігі де дәлелденіп, көпшілік екпе қабылдай бастады. Соның себебі де болар, бүгінде жағдай қалыпты. Бөлімдегі медицина қызметкерлері де вакцинаның толық кезеңінен өтті.
Адам – мемлекеттің байлығы болса, оның денінің саулығы мен өмірі одан да қымбат. Сол себепті, әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарағаны абзал. Жұқпалы аурулардың алдың алу үшін саламатты өмір салтын сақтаған жөн. Пайдалы ас ішіп, қолды жууды ұмытпаған дұрыс. Дене шынықтырумен айналысып, таза ауада серуендеу де адамның денсаулығын жақсартады. Өзіңіздің және отбасы мүшелерінің денсаулығын күтіп, пайдалы іспен айналысуға кеңес берер едім, – деген дәрігер Жазира Бейсенқызы көпшілікті сақтық шараларын ұстануға шақырды.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close