Qoǵam

әр адамның өз кәсібі болғаны абзал

Үстіміздегі жылы Қазақстан халқына арналған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауда:«Бизнесті өркендетудің тұрақты көздерін қалыптастырып, жеке инвестицияны ынталандыру және нарық еркіндігін қолдау керек. Дәл осы бизнес арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, қазақстандықтардың басым бөлігі табыспен қамтамасыз етіледі… Сонымен бірге, халық тұтынатын тауарлардың ауқымды номенклатурасын игеріп, «қарапайым заттар экономикасын» дамыту үшін кәсіпорындарымызға көмектесу кажет. Бұл экспорттық әлеуетімізді жүзеге асыру тұрғысынан ғана емес, сондай-ақ ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру үшін де маңызды» делінген.
Бүгінгі таңда Үкімет пен Президент елімізде халықтың әл-ауқатын көтеру, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында жұмыссыз, өз кәсібін ашып, жұмыс істеймін деген азаматтарды арнайы бизнестің қыр-сырын меңгеру үшін оқытып, жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етіп, бизнес ашуға баса назар аударуда.
Біздің ауданда бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде? Аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі үстіміздегі жылдың жарты жылында қандай шаралар атқарып, саланың дамып, өркендеуіне қаншалықты үлес қосып отыр? Осы және басқа да мәселелерге қатысты төменде аталған бөлімнің басшысы Талғат Әміралиев айтып берді.-Бүгінгі таңда аудан көлемінде (облыстық статистика басқармасының ақпаратына сәйкес) 4436 кәсіпкерлік субъектілері тіркелген, оның жұмыс істеп тұрғаны 4097. Сол субъектілер ішінде 3 орта, 157 шағын кәсіпорындар (заңды тұлғалар), 1979 жеке кәсіпкер және 2297-і шаруа қожалықтар. Осы шаруашылық субъектілерінде барлығы 9022 адам жұмыс атқаратын болса, соның ішінде 109 адам орта кәсіпорындарда, 679 адам шағын кәсіпорындарда, 2050 адам жеке кәсіпкерлікте, 6184 адам шаруа қожалықтарында жұмыс істейді. Үстіміздегі жылдың қаңтар-мамыр айларында өнеркәсіп өндірісі бойынша 3 млрд 510 млн 100 мың теңгенің өнімдері өндіріліп, қызметі көрсетіліп, сауда айналымы жасалынды. Ол өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 103,4 % құрады.
Ауданда төрт шағын микрокредиттік ұйым кәсіпкерлік субъектілеріне несие тарату қызметімен айналысады. Үстіміздегі жылдың бес айында бұл ұйымдар барлығы 1812 адамға 983 млн 421 мың теңге несие берді, (2018 жылдың осы мерзімінде 1204 адамға 721 млн 856 мың теңге берілген).
«Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасын іске асыру мақсатында 14 ауылдық округте халықпен кездесулер ұйымдастырылып, бағдарламаның ережесі, мақсаттары туралы кәсіпкерлерге, шаруа қожалықтары басшыларына түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Наурыз, сәуір, мамыр айларында ауылдық округтерде шағын және орта бизнесті дамыту, «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша ауылдық жерлерге инвестиция тарту, өз кәсібін ашуға, кәсібін дамытуға несие алу жолдары түсіндірілді. Сол мақсатта бағыт-бағдар беру бойынша жасалған іс-шараға сәйкес кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі, кәсіпкерлік палатасы, инвесторларға қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінен құрылған жұмысшы топ барлық ауылдық округті аралап, ауыл тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында мамандар олардың барлық сұрақтарына жауап беріп, іс жүзінде жасалып жатқан шаралардың маңыздылығын жеткізді.
Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік басқармасының тапсырмасына сәйкес, 29 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерге «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде грант беру тетігі бойынша 31 жобаның құжаттары жинақталып, комиссия қарауына жолданды.
Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы- 2020» бағдарламасының бірінші бағытымен субсидияланатын несие алу және инфрақұрылымды дамыту мақсатында ауданның ауылдық округтерінен келіп түскен ұсыныстар (жобалар) қаралып, нақты 5 жобамен жұмыс жүргізіліп, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры қолдауына ие болып, барлығы 91 млн 422 мың теңге несиеге қол жеткізілді.
Сонымен қатар Көкбастау ауылдық округінен «С.Тоқтаев» шаруа қожалығының мал шаруашылығы фермасына өндірістік инфрақұрылым (электр желісі) жүргізу мақсатында қажетті құжаттары толықтай жинақталып, Аймақтық үйлестіру кеңесінің қарауына жолданып, оң шешімін алды. Жоба құны 21,1 млн теңгені құрады.
Билікөл ауылдық округінен «Береке» шаруа қожалығының құжаттары өндірістік инфрақұрылым (электр желісі) жүргізу мақсатында толығымен жинақталып, Аймақтық үйлестіру кеңесінің қарауына жолданды, жоба құны 24,3 млн теңгені құрап отыр.
Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында «Бизнес-кеңесші» жобасы бойынша 53 адамға және «Бастау-бизнес» жобасы бойынша 94 адамға оқу курстары өткізілді. Сертификат алған азаматтардың ішінде 30 кәсіпкердің құжаты жинақталып, несие алу мақсатында қаржы институтының қарауына жолданып, 16 азамат 64 млн теңге несие алып, өз жұмыстарын бастады.
Қазақстан Республикасының индустриалды-инновациялық дамуының 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында, кәсіпкерлікті қолдау картасын екінші өзектендіру мақсатында, бүгінгі күні ауданда жаңа ережелердің талаптарына сай келетін бір жобамен жұмыс жүргізілуде. Ол, Шақпақ ауылдық округінен қуаттылығы жылына 17550 тонна жол битумын шығаратын кіші зауыт құрылысының басталуы. Жоба құны 161,0 млн теңгені құрайды. Құрылысты «ШақпақДорСервис» ЖШС жүргізуде. Жоба облыстық кәсіпкерлікті қолдау картасына енді және үстіміздегі жылдың үшінші тоқсанында іске қосылады деп жоспарлануда.
«ҚазГидроОперейтинг» ЖШС-мен «Көксай» каналының бойынан қуаттылығы 18 мВт құрайтын кіші су электр станцияларының құрылысы жүргізілуде. Жоба құны 5,2 млрд теңгені құрайды. Бүгінгі күні «ҚазГидроОперейтинг» ЖШС-мен ГЭС-тің төрт каскадын тұрғызу үшін іргетасын бекіту және бетондау жұмыстары жүргізілді. Электр станциясының құрылғылары толық жеткізіліп, құрастыру жұмыстары жүргізілуде. Бірінші каскадты іске қосу ағымдағы жылдың шілде айына жоспарланып отыр.
Аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басты мақсаты – аймақтағы еңбек етіп отырған кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, олардың ісін одан ары дамыту. Сондай-ақ, аудандағы белсенді, білімді өз ісін ашамын деген азаматтарға көмек беріп, несие алуға барлық мүмкіншілік жасау, олардың отбасының әл-ауқатын көтеру, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту болып табылады. Сондықтан, Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаевтың Жолдауларындағы берген тапсырмаларын орындау жолында аянбай еңбек етеміз деп сендіремін.
Жазып алған
Гүлмира Дембаева,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close