Qoǵam

Қызмет алу тұрғындарға қолжетімді бола түсті

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасымен өткен жылы өңірдегі аудандарға қарасты ауылдардағы кітапханалар ішінен цифрландырылған ақпараттық орталықтар жабдықталып, ашылып жатқаны жөніндегі қуанышты хабарлар аудандық газеттің бетінде дүркін-дүркін жарияланып келеді. Өткен жылдан бері мұндай жағымды жаңалықтарды ауыл тұрғындары жақсы көңіл-күймен қабылдап отыр. Айта кету керек, алдыңғы аптаның бедерінде Күреңбел ауылдық кітапханасында цифрландырылған ақпараттық орталықтың тұсауы кесілсе, енді, міне, аудан орталығымен іргелес жатқан Көктөбе ауылында да дәл осындай орталық оқырмандарға есігін айқара ашты.

Көктөбе жұртшылығының қуанышын бөлісуге Көкбастау ауылдық округінің әкімі Ержан Серкебаев, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сауытбек Махамбетов келіп, кітапхана ғимаратының ішінен жабдықталған цифрландырылған ақпараттық орталықтың лентасын салтанатты жағдайда қиды. Орталық төрт компьютермен және бір әмбебап көшірме құралымен, сонымен бірге кең жолақты интернет желісімен қамтамасыз етілген. Енді ауыл тұрғындары және кітапхананың тұрақты оқырмандарға аталған орталықтан керекті анықтамалар алу, сонымен бірге электрондық үкімет порталы арқылы қызмет түрлерін алу қолжетімді бола түсті.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламасына байланысты кітаптар мен танымдық материалдар да назардан тыс қалмай ыңғайластырылған жаңа сөрелерден орын алып отыр. Мұндағы жиһаздардың барлығы дерлік жаңадан алынған. Көктөбе ауылдық кітапханасында Рабиға Нұрлыбаева көп жылдан бері оқырмандарға қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді.
Ақпараттық цифрлық орталықтың салтанатты ашылуынан соң ауылдық клубта қазақ халқының аяулы ақын қызы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына арналған әдеби жыр кеші ұйымдастырылды. Өлең әлемінде нағыз ақынға тән өршіл жырларымен халқының жүрегінен орын алған ақынға арналған «Өлең, мен сені аялап өтем…» деп аталған әдеби кеш барысында Фариза Оңғарсынованың өмірі мен шығармашылығы кеңінен таныстырылды. Сонымен бірге №30 Көктөбе орта мектебінің оқушылары ақынның әр тақырыпта толғана жазған жалынды жырларын жатқа оқыды. Көктөбе ауылдық клубының маманы Меруерт Алдабергенова, аудандық халық шығармашылығы және мәдени-демалыс орталығының қызметкері Назерке Ахмет «Мен қазақ қыздарына қайран қалам», «Қазақ елі» әндерін көрерменге тарту етті.

Назгүл Досмұхасан,
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің
І курс студенті

Таңдаулы материалдар

Close