Qoǵam
Әрбіріміз күресуіміз қажет
Өздеріңіз білетіндей, сыбайлас жемқорлық бұл құқықбұзушылықтар және қылмыстар болып бөлінеді. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтар дегеніміз, бұл – қандай да бір шешім қабылдағанда жеке немесе заңды тұлғаларға артықшылықтар беру, өз мүлкі немесе табысы туралы мәліметтерді толық бермеу немесе жасырып қалу, бір-бірімен туыс адамдардың тәуелділікті қызметте жұмыс жасауы және т.б. Бұл құқықбұзушылықтар үшін лауазымды қызметкерлер сәйкесінше әкімшілік, тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Ал, сыбайлас жемқорлық – қылмыс. Бұл – тұлғалардан белгілі бір істі атқару үшін ақшалай немесе басқалай сыйақы алу, өзінің қызметтік лауазымын асыра пайдалану, қызметте әрекетсіздік жасау және т.б.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң негізінен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқықбұзушылықтың алдын алуға, олардың жолын кесуге, кінәлілерді жауапқа тарту арқылы лауазымды адамдардың тиімді қызметін қамтамасыз етуге, сондай-ақ халықтың мемлекет пен оның құрылымдарына деген сенімін нығайтуға, білікті мамандарды мемлекеттік қызметке кіруге ынталандыруға, мемлекеттік міндеттерді атқаратын адамдардың риясыз адалдығы үшін жағдайлар жасауға бағытталған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреспен тікелей айналысатын прокуратура, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер, салық, кеден, шекара қызметтері, қаржы және әскери полиция секілді арнайы органдар бар. Бірақ, бұл тек қана осы органдардың қызметі деп түсінсек, қателесеміз. Сыбайлас жемқорлықпен әрбір мемлекеттік орган, әр мемлекеттік қызметші күресуі тиіс. Сонда ғана қоғам үшін қауіпті болып табылатын дертпен өз дәрежесінде күресіп, өз құқығымыздың бұзылмауына қол жеткізе аламыз.
Нұрғали Ералиев,
Жуалы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының
бас маманы