Qoǵam

Дәрігерлерге сый-құрмет көрсетілді

Дәрігер – әлемдегі ең қасиетті мамандықтардың бірі.
Елімізде жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісі медицина қызметкерлерінің күні болып атап өтіледі. Осыған орай өткен жұмада, яғни мереке қарсаңында аудан орталығындағы орталық саябақта мерекеге арналған «Деніңе саулық, дертіңе шипа сыйлаған» атты іс-шара өтті.

Жүргізушілердің мереке иелеріне арнаған өлең жолдарынан соң әсем әндер шырқалды. «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің әнші қыздары «Шақырады көктем» әнін, №4 Балалар өнер мектебінің директоры Майра Шәкірбаева «Асыл арман» әнін, Салтанат Мейіржанқызы «Елім менің» әнін тарту етті.
Сахнаға аудан әкімі Олжас Қаржауов көтеріліп, ақ халатты абзал жандарды мерекелерімен құттықтады.
-Заман өзгереді. Заманға қарай талап өзгереді.
Әр заманның өз саласы болады. Яғни, бір мамандық қажетсіз болып қалса, бір мамандықтың қажеттілігі артып, мәртебесі биіктей түседі.
Әлемді әбігерге түсірген індетпен күрес дәлелдегендей, дәрігер – өте маңызды, мәртебелі мамандық. Сіздерді бүгінгі күннің батырлары десе де болады.
Құрметті ақ халатты абзал жандар! Сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақыт тілеймін! Сіздерге бас иемін!- деді Олжас Есалханұлы.
Кезек сала үздіктерін марапаттау рәсіміне берілді.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасы аудандық балалар дәрігері Қалбике Әлиқызына, министрліктің Алғысхаты Ақтөбе дәрігерлік амбулаториясының аға мейіргері Татьяна Анатольевнаға тапсырылды.
Ал, Ұлттық медициналық қауымдастығының «Алтын дәрігер» төсбелгісімен аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Әсел Шарафатдинқызы, «Мейіргер» төсбелгісімен орталық аурухананың бас емшібикесі Нұрғайша Алғабайқызы марапатталды.
Сондай-ақ, бір топ сала қызметкерлеріне Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы басшысының, «Сенім» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының, аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының марапаттары тапсырылды.
Медицина қызметкерлерін аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков пен аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, ардагер дәрігер Сейітхан Жұмашев та құттықтады.
Келесі кезекте сахна төріне аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Нұрбай Ергебеков шығып, әріптестерін мерекемен құттықтап, денсаулық сақтау саласында елеулі табыстарға қол жеткізген медицина қызметкерлеріне аудандық аурухана бас дәрігерінің Құрмет грамоталарын тапсырды.
Мерекелік шара әсем әнмен жалғасты. Мадина Свамбаева «Кімсің сен?» әнін орындаса, жұқпалы аурулар бөлімінің мейіргері Аружан Қуат «Ақ халатты абзал жандар» әнін тарту етті.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close