Qoǵam
ынтымақ бар жерде тірлік бар
Бағзы заманнан-ақ дана бабалардан «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» деген аталы сөз қалған. Берекені бетке ұстаған, ортақ мақсатқа ұйысқан ел болу үшін бірлік пен ынтымақ сияқты құндылықтар басты орында тұратыны ақиқат. Осы ретте этносаралық қарым-қатынасты нығайту жөніндегі комиссия Жетітөбе ауылдық округі Кәріқорған ауылы №7 Т.Әкімов атындағы орта мектепте тұрғындармен кездесу өткізді.
Кездесуді ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы Бектархан Сүлейменов ашып, сөз кезегін аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Нарымбековке берді.
Марат Аманғалиұлы тұрғындарға кездесудің мақсатын түсіндіре келе, ел бірлігі, жастар тәрбиесі жөнінде әңгіме өрбітті. Сонымен қатар, ол жастардың бос уақытын, әсіресе әлеуметтік желідегі парақшаларына бақылау жасауды ұсынды. Жас өскелеңнің тәрбиесін отбасынан, мектеп қабырғасынан басталатынын және оған ауыл ақсақалдары да өз үлестерін қосу керектігі жайлы айтты.
Келесі кезекте сөз кезегі «Мехрибан» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Эсмира Мамедоваға берілді.
– Облыс әкімінің бастамасымен құрылған бұл топ мүшелерімен өткен аптаның ортасынан бастап бірнеше елді мекенде тұрғындармен кездесу өткіздік. Кездесу барысында ел бірлігі, ұлттар достығы, қазіргі жастар тәрбиесі сөз болды. Тұрғындармен ашық әңгіме өрбітіп, ұсыныс-тілектерін тыңдадық.
Ауданда бес этномәдени бірлестік бар, яғни әзірбайжан, шешен, славян, өзбек және неміс. Осы бірлестік этномәдени бірлестік жетекшілерімен және мүшелерімен бірлесіп жұмыс жасаймыз.
Менің әкем Гашен Нагиев деген азамат 1938 жылы Сталиннің бұйрығымен саяси қуғын-сүргінге ұшырап, қазақ жеріне жер аударылады. Әкемнің айтуы бойынша, көшеде кетіп бара жатқан жерлерінен ұстап алып, вагондарға салып жіберген екен. Ол кезде күн суық, боран болып тұрған екен. Алдында Сайрам ауданына тоқтап, кейіннен Созақ ауданы Жартөбе деген ауылдан түседі. Жат елге келгенде ол жердің тұрғындары жатсынбай, есіктерін ашып, төрлерінен орын берген. Дастарқанындағы ас-суын беріп, қонақжайлылық танытқан. Әкемнің қазақ еліне деген алғысы біздің санамызда жатталып қалды. Әкем өмір бойы мектепте тарих пәнінің мұғалімі болған, қоғамдық жұмыстарға араласқан. Ол кісі үнемі «Біз қуғын-сүргінді көрдік. Сендер көрмеңдер. Оқыңдар, адал еңбек етіңдер» деп ақыл-кеңесін айтатын. Қиын-қыстау кезінде көмек көрсеткен қазақ халқына алғысын білдіріп отыратын.
Әкемнің жүрген ізімен мен де жүрдім. Оқыдық, еңбек еттік, қоғамда белсенді танытудамыз. Өмір бойы перзентханада жұмыс істеп, талай баланың кіндік анасы атандым. Осындай кең-байтақ елімнің азаматы болғанымды мақтан тұтамын. Ең бастысы бірлігіміз бекем, татулығымыз берік. Бірлік болған жерде тірлік бар,- деп Эсмира Гашанқызы өмірлік тәжірибесімен бөлісе отырып, татулықтың туын биік ұстауға шақырды.
Сондай-ақ, кездесуде ауыл тұрғыны Шарханбек Қожаназаров: «Біз татулықты берік ұстаған елміз. Ынтымақ бар жерде – береке бар. Бүгінгі кездесуден барлығымыз ой түйіп отырмыз деп ойламын. Елімізде халықтың жағдайын жақсарту үшін түрлі бағдарламалар жүзеге асуда. Кәсіпкерлікке ден қойған азаматтардың қатары көбеюде. Міне, сондықтан ерінбей еңбек етейік. Бірлігіміз бен ынтымағымызды сақтайық. Ауызбіршілігімізден айнымайық. Ендігі мәселе жастардың санасын ұялы телефон улауда. Олардың көбісі кітап оқымайды. Барлығы сол ұялы телефонның ішіндегі әлемде. Бұл кеткен олқылық бәріміздің қателігіміз. Ендігі кезекте осы олқылықтардың орнын толтыру үшін бәріміз бірге жұмыс істеуіміз қажет»,- деді.
Жиынды аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Нарымбеков қорытындылап, тұрғындарды ел бірлігін сақтауға шақырды.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»