El іshі
БАЛУАНДАР ӘУЛЕТІНІҢ АЙТУЛЫ ӨКІЛІ Қуан Сейділдаевтың ұлттық спортты дамытудағы еңбегі зор
Қазақ күресі – ұлттық төл спортымыз. Біздің күрес ешқандай күрес түрлеріне ұқсамайды. Бүгінгі таңда жүргізіліп отырған спорттық-теориялық және әдістемелік зерттеулер бойынша қазіргі самбо, дзюдо, еркін күрестердегі негізгі айла-тәсілдер қазақ күрес өнерінен алынғаны дәлелденуде. Яғни, дәстүрлі көшпелілер күресі әлем спортының дамуына зор үлес қосты деуге болады. Әсіресе, белбеу пайдаланып күресу тәсілінің бай тәжірибесі Ұлы Даладан бастау алып, Шығыс пен Батыс елдеріне танымал спорт түрінің алғышартына айналды. Белбеу арқылы белдесудің өзіндік сипаты болған, ол белге оралған қайыстан ұстап, тізесі не алақаны жерге тигенге дейін күрескен. Бұл күрес жылдамдық, ептілік, күш және айла-тәсілдердің кең диапазонды қимыл-қозғалысымен қызықты. Сондықтан да оның адамның көңіл-қуанышын арттыратын, қанын қыздырып, ерлікке, елдікке баулитын қасиеті бар.
Ал бүгінде қазақтың ұлттық спорты – күрес ешқашан тіршіліктен тыс қалмай, бірге жасасып, әлем чемпионаттарын өткізетін деңгейге дейін жетіп отыр. Өткен ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысында сайын дала төсінде сайран салып, салтанат құрған бабаларымыз Иманжүсіп, Балуан Шолақ, Қажымұқан күш-қуатымен бірге ақыл-парасатымен, ақындық-әншілігімен де ерекшеленіп, нағыз ұлт мақтанышына айнала білді.
Боралдай ауылдық округінің орталығы Көлтоған ауылында тұратын Сейділдаевтар әулетін былайғы жұртшылық балуандар әулеті деп таниды. Ауыл-аймаққа сыйлы қария бола білген Сейділда Байтөреұлы кезінде Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарына белгілі шабандоз және жауырыны жерге тимеген балуан кісі болған. Үлкен әулеттің алтын діңгегі бола білген Сейділда қарияның кіндігінен бірнеше ұрпақ тараған. Ата ұрпақтары бүгінде Көлтоған ауылында және Қарасаз, Б.Момышұлы ауылында, Тараз және Алматы қалаларында тұрады.
Балуан, атақты тақымгер Сейділданың ортаншы ұлы Мұстаханнан алты ұл, төрт қыз тараған екен. Мұстахан Сейділдаев «Путь к коммунизму» колхозында агроном, тағы басқа жауапты қызметтер атқарған. Оның алты баласының ішінен балуандық пен шабандоздық ортаншы ұл Қуанышбекке жұғысты болды. Бір қызығы Қуанышбекті ауылдастары Қуан деп атайды екен.
–Менің шын есімімді ешкім атамайды. Ағайын-туыстар, ауылдастарымның барлығы мені Қуан деп атайды,- дейді ол бізбен алғаш танысып, сөйлескен сәтте.
Ауылдың дамуына еңбек сіңірген атпал азамат, тұла бойы құрыштан құйылғандай балуан бітімді жігіт ағасы Қуан ағамызбен таныстығымыз әрі қарай әулет жайына, оның балуандығы жайына ауысты.
Қуанышбек Мұстаханұлы 1968 жылы Көлтоған ауылында үлкен отбасында туған. Жастайынан әке тәрбиесін, ана өнегесін көріп өскен ол еңбекке, ауыл шаруашылығына жақын болып өседі. Ауылда қой бағып, шөп тасып, біз сөзбен айтқанда, еңбекке жақын болып өседі. Ауылдағы С.Бәйтіков атындағы орта мектепті (бұрынғы М.Лермонтов атындағы орта мектебі) бітірген соң Луговойдағы ауыл шаруашылығы техникумына есеп-қисап жөнінен оқуға түседі. Оқып жүріп те спортпен тұрақты айналысады. Қуан жастайынан атасы Сейділда мен әкесі Мұстаханға еліктеп өскендігінен болар, қазақ күресіне жаны жақын болды. Бала кезінен-ақ ұлттық спорттың осы түрінің қыр-сырына қанықты. Осы салада арнайы оқу орнын бітіріп, белгілі бір мамандық алмаса да ол қазақ күресінің қыр-сырын, әдіс-тәсілдерін бес саусағындай біледі. Бозбала шағында аудан арасындағы күрестерге қатысып, жеңімпаз атанып жүрді. Кейіннен мектеп бітіріп, техникумда оқып жүргенінде де «менмін» деген талай мықты балуандардың өзінің жауырынын жер иіскетті. Сөйтіп, студент кезінде-ақ қазақ күресінен Қазақстанның чемпионы атанды. Кейіннен даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының 80 жылдық мерейтойына орай Түлкібас ауданының Кемербастау ауылында өткен турнирде жеңімпаз болғанын қазір де аса мақтаныш сезіммен айтады. Жеңіліссіз жеңістің келмейтінін ол жақсы біледі. Жеңілістен, сәтсіздіктен сабақ ала білу де нағыз балуанға тән қасиет.
«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, Қуан Сейділдаев қазақ күресімен қатар еркін күрес және самбо күресімен де айналысады. Ал шабандоздығы мен тақымгерлігі өз алдына. Бүгінде ердің жасы елудің жуан ортасына келсе де күресті тастаған жоқ. Қайта балуанның екінші тынысы ашылғандай. Олай дейтініміз, Қуан Сейділдаев жақында ғана Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласында өткен самбо күресінен Қазақстан Республикасының чемпионатында топ жарып, ауыр салмақта кезекті рет ел чемпионы атанды.
Бұл туралы таратып айтар болсақ, ағымдағы жылдың мамыр айының 16-18 жұлдызында Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына мерейтойына орай «Есірткісіз болашаққа» атты ұранмен самбо күресінен спорт шеберлері арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты ұйымдастырылды. Ардагер спортшылардың жас ұрпаққа үлгі болуы, жасөспірімдер арасында самбо күресін дамыту, балуандардың спорттық шеберліктерін арттыру, жастарды достыққа, патриоттық сезімге, ұлттық мәдениетке тәрбиелеу – аталған жарыстың басты мақсаты болып табылатынын айта кеткен жөн.
М-1 мен М-7, дәлірек айтқанда, 35 пен 65 жас аралығындағы дүбірлі дода ел чемпионатына Қазақстанның түкпір-түкпірінен барлығы 296 спортшы қатысып, бақтарын сынады. Алаш баласының апайтөс ардагер балуандары күш пен біліктілік, айла-тәсіл сынасқан бұл дүбірлі додаға Жуалы ауданынан тоғыз балуан қатысып қайтқан болатын. Жарыс ережесіне сәйкес 50 мен 54 жас аралығында белдескен 79 келідегі жерлес балуан, №15 Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы, ардагер балуан Жолсейіт Сейділдаев, 55-59 жас аралығында 88 келіде сынға түсіп, аудан намысын қорғаған тағы бір жерлесіміз, жеке кәсіпкер Дәурен Әбітаев ел чемпионатының ІІ орын жүлдегері атанды.
Ал 98 келіден жоғары ауыл салмақта білекті де жүректі ардагер балуан Қуан Сейділдаев барлық қарсыласынан әлдеқайда басым түсіп, кезекті рет ел чемпионы атанды. Бір сөзбен айтқанда, даңқты батырлар мен генералдарды түлеткен қасиетті Жуалы ауданының балуан жігіттері аудан намысын ойдағыдай қорғап, чемпионатта жоғары дәрежеде өнер көрсеткенін қуанышпен айтқымыз келеді.
Ардагер балуандар арасындағы ел чемпионатында Қуан Сейділдаев ақтық белдесуде Нұр-Сұлтан қаласының атынан сынға түскен балуан, самбо күресінен әлем чемпионы деген атағы бар Бегалы Жұмасияновты айқын басымдылықпен жеңеді.
-Спорттық бабымда екенімді ел чемпионатында тағы бір дәлелдеп шықтым. Чемпионат өз ойымдағыдай болды. Сәттілік серік болып қарсыластарыма ойлаған әдістерімді қолдандым. Білек күшім мен тәжірибемнің арқасында жеңіске жетіп отырмын деп ойлаймын. Осы дүбірлі додада жеңімпаз болумен қатар самбо күресінен әлем чемпионатына да жодаманы қоса иеленіп отырмын. Әлем чемпионаты ағымдағы жылдың қыркүйек айының үшінші онкүндігінде өтеді деп күтілуде. Онда да намысты ту етіп, барымды салатын боламын. Жаттықтырушы бапкерім ардагер балуан, қазақ күресінен ел чемпионатының жүлдегері, өзімнің сыйлас ағам Нұргелді Темірбековке алғыс білдіремін. Нұрекеңнің бағыт-бағдар көрсетуімен алдағы уақытта жаттығуды қайта бастамақшымыз. Сәтін салса, Латвияда өтетін әлем біріншілігінде чемпион болудан үмітім зор,- дейді Қуан Сейділдаев өз сөзінде.
«Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші, Қуан бесінші сынып оқып жүргенде екінші ағасы Әлібек оны ауылдағы шағын күрес залына жетелеп алып барады. Алғашында ол білікті бапкер, «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат, марқұм (жатқан жері жайлы болсын) Елгелді Оразалиевтің қол астында жаттығады. Міне содан бері спорттан қол үзген емес. Ауданға белгілі балуандар Тұрар Мақышев, Тұрар Алшынбаев, самбо күресінен әлемдік биіктерді бағындырған даңқты балуан Сәлкен Жартыбаевтармен бірге талай бәсекелерде аудан намысын қорғады. Спортпен тұрақты айналысқанынан болар, Қуан ағаның денсаулығы да мықты, рухы да биік.
Ата, әке жолын лайықты жалғастырған айтулы азамат Қуан Мұстаханұлы бүгінде шағын отанның отағасы. Жұбайы Айгүл Бейсенбаева екеуі бес ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіруде. Отанасы Көлтоған ауылындағы С.Бәйтіков атындағы орта мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Әке көрген ұлдың қашанда оқ жонатыны ежелден белгілі. Үлкен ұлы Жалғас та күрес өнерін жанына серік етіп жүр. Қазір аудан орталығындағы балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушылық қызметте. 2019 жылы қазақ күресінен өткен «Жуалы барысы» аудандық турнирінің жеңімпазы. Ортаншы ұлдары Олжас пен Жарас та спорт саласын таңдаған. Көптеген жарыстардың жүлдегерлері. Бес ұлдың арасында өскен қыздары Аяжан Алматы қаласында жоғары оқу орнында медициналық мамандықты игеруде. Кенже ұлдары Алмас пен Айбектің де күреске қызығушылығы бар. Бүгінде бұл әулеттің алтын діңгегі, алтын құрсақты Жәмила Нұранова 85 жастағы батыр ана. Ұрпақтарының тілеуін тілеп отырған жайы бар.
Қуан Сейділдаев «Путь к коммунизму» колхозында 10 жыл бухгалтер болып жұмыс істеген. Колхоз тарағаннан кейін біраз жыл кәсіпкерлік саласында да бағын сынап көрген. Бүгінде ауылдық округтегі алдыңғы қатарлы шаруашылық «Бастау» шаруа қожалығының жетекшісі. Егін егіп, мал өсірумен айналысады.
Сейділдаевтар әулетін балуандар әулеті деп тегін айтып отырған жоқпыз. Сейділда қариядан тараған тағы бір балуан азамат туралы айтпай кетуге болмайды. Қазақ күресінен әлемнің екі дүркін чемпионы, «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің жүлдегері, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Ғани Сейділдаевтың ұлттық спорттың дамуына қосып жүрген үлесі қомақты. Қалай айтсақ та, ұрпақтар сабақтастығы мен дәстүр жалғастығын сақтап жүрген айтулы әулеттің ұрпағы, ардагер балуан Қуан Сейділдаев ұлттық спорттың өз өкілі. Ол өз сөзінде төл күресіміздің өркендеуіне тұрақты қолдау білдіріп келе жатқан Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаевқа жуалылық балуандар атынан алғысын да қоса жеткізді.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»