El іshі
Ұлағатты кездесу
1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі мен №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның ұжымы бірлесе отырып, аталған білім ошағында «Қарттарым – асыл қазынам!» атты ұлағатты кездесу өтті.
Кездесуге ауданның Құрметті азаматтары, ұлағатты ұстаздар, қадірменді қариялар Әбілқасым қажы Ергебеков, Аманжол қажы Дүрәліұлы және Дәулетжан Байдалиев қонақ болып шақырылды.
Тағылымы мол іс-шарада оқушылар ардагерлерді ерекше көңіл-күймен, қошеметпен қарсы алды. Қадірменді қарияларды мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Динара Қырғызбаева мектеп ішінде арнайы қойылған оқушылардың қолөнер көрмесімен таныстырды. Ол оқушыларды еңбекке баулу басты талаптардың бірі екенін айта келе, мектепте 35 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан ұстаз Серік Асанов сабақ барысында балалардың қолөнер шеберлігін шыңдайтынын жеткізді.
Жиын 4 «Б» және «В» бастауыш сыныптар мұғалімдері Айна Бозтаева және Жанар Аймаханованың ұйытқы болуымен «Әкелер бізде қонақта» атты онкүндік аясында «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» атты қариялармен кездесуімен басталды. Шараны жүргізушілер кездесудің мақсаты – ауданға белгілі, өлкеміздің өсіп-өркендеуіне, ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып жүрген ел ағаларымен кездесіп, олардың бойындағы асыл, дара қасиеттерін өскелең ұрпақтың бойына сіңіру екенін атап өтті.
Одан кейін оқушылардың әке туралы өлең-тақпақтарына кезек берілді. Балалар кезекпен «Асқар таудай әкем бар менің» деп жарыса өлең шумақтарын оқып, көпшілікке тарту етті. Сондай-ақ балалар ардагерлерге сұрақтарын қойып, жауаптарын алды. Оқушылардың бірінің сұрағы ұлағатты ұстаз Әбілқасым Ергебековке қойылып, олар атаның балалық шағының қалай өткені жайлы сұрады. Қадірменді қария балаларға әкесінің Ұлы Отан соғысына кетіп, қайта оралмағанын, төрт жасынан бастап еңбекке араласып есейгенін айта келе, балаларды тазалыққа, еңбекқорлыққа, имандылыққа, білім нәрімен сусындататын ұстаздарын қадірлеуге, оқу-білім алуға шақырды.
Келесі кезекте оқушылар «Асыл арна» телеарнасының «Берекелі шаңырақ» бағдарламасына Әбілқасым Ергебековтың сұхбат беру сәтінен үзіндіні тамашалады.
Бейнероликтен кейін батагөй ақсақал Аманжол қажы Дүрәліұлы балаларға ел ағасы атану үшін қазақ халық әдебиетіндегі жырларды, нақыл, қанатты сөздерді, мақал-мәтелдерді көп оқып, көңілге тоқу керектігін айта келе, оның адам өміріндегі алар орны зор екенін баса айтты. Ал, ардагер ұстаз, өлкетанушы Дәулетжан Байдалиев өзінің өмір жолын балаларға қызықтыра айта келе, «Ғибратты ұстаз» кітабынан бірнеше нақыл сөздерін оқып берді.
Шараны Аманжол қажы Дүрәліұлы балаларға ақ батасын беріп қорытындылап, балалармен естелік суретке түсіп, оқушылар ардагерлерге сыйлықтарын табыстады.
«Тәрбие тал бесіктен басталады» демекші, бастауыш сынып оқушыларымен кездесу ардагерлердің мектептің акт залында жоғары сынып оқушыларымен жүздесуіне ұласты. Шараны мектеп директоры Гүлнар Мұсаханова мен «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мейіржан Телеушов жүргізді. Олар балаларға бүгінгі шараның мақсатын айта келе, келген қонақтармен таныстырды.
Кездесуде Әбілқасым Ергебеков сөз алды.
-Қартты құрметтеу – халықтты құрметтеу деген сөз. Қарты бар ел қазыналы ел саналады. Қадірменді қарияларды қадірлеп, білім ошағына шақырып, құрметтегендеріңізге алғысымды білдіремін. Бұл білім ошағындағы менің еңбек жолым есімде тайға таңба басқандай сақталып қалған. Балалар менің жаным секілді. Сондықтан сендерді имандылыққа, адамгершілікке, еңбекқорлыққа, оқу-білімге ден қоюға шақырамын, – деді ұлағатты ұстаз.
Кездесуде ардагерлер өнеге толы өмірлік және еңбек жолдарын әңгімелеп беріп, өлкетанушы Дәулетжан Байдалиев «Тілек» өлеңін мәнерлеп оқып берді.
Шараны ұйымдастырушылар қазыналы қарттарды қадірлеп, естелікке сыйлықтар табыс етті.
Айгүл АМАНҚҰЛ,
«Жаңа өмір»