Basty betEl іshі

Еленбей кеткен ер Қасым

(Ұлы Отан соғысында Отан қорғау жолында басын бәйгеге тіккен гвардия аға лейтенанты Қасым Ералыұлының рухына арнаймын)

(Басы газетіміздің
№17,25,26,28 сандарында)

Құрметті оқырман! Газетіміздің 17 сәуір №28-ші нөмірінде Н.Ералиевтің «Еленбей кеткен ер Қасым» тақырыбымен жарияланған мақаласындағы: «1980 жылы 22 сәуірде Полина апамды, толық аты-жөні – Полягея Романовна Масутина шалы Литтау Владимир Ивановичті, Лена жеңгемді, Әбдірәсіл көкемді, Наташа қарындасымды Ералиева Наталья Владимировнаны, інілерім Володя, Игорь, Ералиев Владимир Владимировичті, Ералиев Игорь Владимировичті алыс сапарға Батыс Еуропаға Германия еліне шығарып салдым» деген сөйлемдегі 1980 жылы деген цифрды 1998 жылы деп түзетіп оқуларыңызды сұраймыз». Редакциядан.
Кенжесі Әбделі екеуі төркініне барып жан сауғалады. Қасым балалар үйінен кейін педтехникум бітіріп, мұғалім болды. 20 жасында Қызыл әскер қатарына алынды. Әскери өмірдің барлық өнерін үйреніп, енді елге қайтқалы тұрған кезде 1939 жылы ақ финдермен соғысқа алып кетті. Халкин-Голде жапон самурайларымен шекаралық қақтығыстарды басуға қатысты.
Қасым 1940 жылы бір соғысты аяқтап, туған жерге 5-6 жылдан кейін бірақ келіп, Кеңбұлақ, Кеңес мектептерінде алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ берді. Үлкен соғыстың болмай қоймайтындығын жан-тәнімен сезген жас офицер 17-18-дердегі жас жігіттерді соғыс өнеріне шыңдай берді, шыңдай берді. 1920-25 жылдары туылған Жуалының жігіттерінің жартысына жуығын төніп тұрған соғысқа дайындап үлгерді. Ол туралы кейін Ұлы Отан соғысына қатысып, елге аман-есен келген Зиябек, Ақылбек, Базарбай сияқты көптеген майдангер көкелерімнен естіп білдім. Қошқарата-Боралдай өңірінен соғысқа барған ардагерлердің көбісі өле-өлгенше еленбей кеткен асыл ер Қасым Ералыұлы туралы айтып өтті.
Жасындай жарқылдаған, сымша тартылған, екі иығына екі кісі мінгендей кең иықты, кеуделі, сымбатты, қайратты Қасымға хас сұлулар шеттерінен ғашық болыпты. Мен ол қыздардың қартайған кездерінде айтқан әңгімелерін өз ауыздарынан талай рет естідім. Бірақ Қасымға қазақ қызына қосылуға Құдай жазбаған екен. Орынкүл анасына әне-міне келін әкеліп түсірем деп жүргенде соғыс басталды деген жаман хабар келіп жетті. Жуалыға сол кездегі Сталин колхозының төрағасы Жүнісәлі ағасына анасы мен жалғыз бауыры Әбделіні табыстап, 1941 жылдың 22 маусымында-ақ соғыстың бірінші күні жайдақ атқа қарғып мініп, қасына Әбдіғаппар деген құрдасын ертіп, 45 шақырым жердегі әскери комиссариатқа шауып кеткен.
Содан бері 79 жыл өтті…
Соғыс басталмай тұрып командир болған қазақ жігіттері аз еді. Оқ пен отты қатар көріп ысылған қазақ офицерін командование бірден майданға жібермей, оқ-дәрінің иісі әлі мұрнына бармаған жап-жас бозбалалар мен орда бұзар отызға келгенімен, әскерде болмағандарды cоғыс өнерінің тактикасына, былайша айтқанда, «соғыс әліппесін» үйретуге пайдаланды. Немістер Оралға жақындап қалды. Қасым Орал тауының ормандарында Пермь облысының Соликамск қаласында танкіге қарсы соғысатын кіші командирлерді дайындайтын әскери училищеде сабақ берді. Бірақ есіл-дерті қайнаған қан майданға бару болды. Жоғарғы командованиеге майданға жіберуін өтініп рапорттарды бұрқыратады. Олар болса, «Жоқ, сіздің тәжірибеңіз осындағыларға ауадай қажет» деп біразға дейін жібермейді.
Ғасырлар бойы адамзаттың арманы: бейбіт өмір сүру, жылы киім кию және тойып тамақ ішу болды. Ал соғыс не әкелді? Тамақ орнына-оқ, өмір орнына-өлім, киім орнына-кебін әкелді.
…Шығыстан батысқа қарай эшелон-эшелон әскер кетіп бара жатса, батыстан шығысқа қарай босқындар ағылуда еді. Елден, жерден, мал-мүліктен айырылған жұрттар жан сауғалап шегініп жатты. Сондай аласапыран заманда Қасым 17-18-дегі орыс қызы Полинаға жолығады. Мектепті жаңа бітірген Воронеждік жас қыз комсомолдық жолдамамен Карелияға барған кезінде соғыс басталып кетіп еді. Олар мінген пойызды немістер бомбалаған екен. Ондағы адамдардың көбісі өліп, қалғаны жараланып, Полина анасы екеуі бомбаның алапат толқынынан көлге құлап, одан адамдар қайықпен алып шығып, әйтеуір аман қалыпты. Ал Қасым болса бұдан бір жарым жыл бұрын Карелия мен Финляндияда соғысып қайтқан еді. Полина соғыстың не екенін өз көзімен көріп, босқындармен бірде аш, бірде тоқ болып үш айда келіп жеткен жері осы Орал тауы еді. Қазақ деген халықты еміс-еміс естігені болмаса, өмірінде көрмеген жас қыз, суреттей сымбатты, сарт-сарт етіп команда беріп жүрген жас қазақ офицеріне бір көргеннен ғашық болады. Білімді, орысша орыстың өзінен артық сөйлеп тұрған еңселі бойлы, қара шашты, қара қасты, қыр мұрынды, үстіндегі әскери киімі өзіне құйып қойғандай болып жарасып тұрған 25-тегі Қасымды ұнатпау, жақсы көрмеу мүмкін емес еді.
Бұл менің қиялымнан туған әңгіме емес. Полина апамның өз аузынан естігендерім. 1993 жылы 24-ші мамырда қызмет бабымен Б.Момышұлы ауылы Д.Қонаев көшесі №34 үйге Көлтоған ауылынан көшіп келдім. Полина апам біздің көшенің №76 үйде тұрады екен. Жолыққан сайын ол кісіден Қасым атам туралы ерінбей сұрай беретінмін, сұрай беретінмін…
Төменде сол кісінің айтқандары мен жазған хаттарынан естеліктері.
-1941 жылдың сентябрь айының 3-числосында атаңды алғаш рет көрдім. Құжат бойынша 1915 жылы 25-ші тамызда туған. Таныстық, гвардия аға лейтенант шенінде, лауазымы командир, батальонда 400-450 адамды басқарады. Команда береді, соғыс тәсілдерін үйретеді, жаттықтырады, жүгіртеді. Әскери жаттығулар жасайды, орманға алып кетеді, жекпе-жек ұрыстарына баулиды, ерлікке жол ашады, поляға апарып атыс өнерін үйретеді, мылтық атқызады екен, ол жағын енді мен жақсы білмеймін…
Бәрі де құпия ол туралы өзі де ештеңе айтпайды. Айтатыны, Командир – ұстаз, солдаттардың ерекшелігін танып, тәрбиелеуші, әр солдаттың қолынан қандай іс келетінін дәл анықтап, орынды жұмылдырушы. Қасым бірден ұнады. Қызметінен сәл қолы босаса, біз жатқан баракқа келіп, киноға шақыратын. Мен әрине, баратынмын. Мамам екеумізді жайлы пәтерге орналастырды. Өзі туралы алыстағы анасы мен Әбделі інісі туралы жиі айтатын. Біраз уақыттан кейін өте салмақты түрде маған үйленуге ұсыныс жасады. Анамнан рұқсат сұрады. Мен Қасымға сендім, оны құлай сүйдім. 1941 жылдың 13 желтоқсанында Соликамск қаласының ЗАГС-інде (АХАЖ) заңды некеге тұрдық. Бір топ офицер жолдастары келіп, бізді құттықтады. Сол күні кешке кішігірім стол жасап, біздің үйленгенімізді атап өттік. Қасыммен бірге тұрған төрт ай төрт күндей болып өте шықты. Атаңның есімде қалған әңгімелерінің бірі: «Фин жеріндегі соғыста күннің суықтығы соншалық винтовканы майлайтын майлар қатып қалатын, түкірген түкірік жерге жеткенше мұзбұршақ болатын» дейтін. 1939 жылдың қысында 24 жастағы рота командирі Ералиев Қасым 7-ші армияның құрамында «Маннергейм сызығын» (Финляндияның әскери және мемлекеттік қайраткері маршал Карл Густав Эмиль Маннергеймнің бастамасымен салынған бекініс) бұзып өтуге бағытталған шабуылға қатысты.
1940 жылдың қаңтар айы болатын. Балтық теңізінің жағасында Финляндия шекарасына жақын орналасқан Ленинград облысындағы Выборг қаласының маңы. Қаладан бірнеше шақырым жердегі ұрыс даласында жау оғынан ауыр жараланып, қардың астында қаны қатып қалған командирге санитарлық взвод көмекке келеді. Тіршілік нышаны сезілмейтін командирді алғашында санитарлар өлдіге санапты. Өйткені, шейіт болғандар өте көп, жау снаряды дәл түскен зеңбіректің күл-талқаны шыққан. Татар дәмі таусылмаған командирдің тірі екенін кірпігі қимылдағанынан біліп госпитальге жеткізген.
Арада бірнеше күн өткенде госпитальде есін жиғанда жанында қан құйып отырған донор қыздың «Қандай әдемі қазақ!» деген жылы сөзін естиді. Шынында да аталарың сұңғақ бойлы, қою қара шашы артына қайырылған, көздері шүңірек, жанары өткір жігіт болатын. Командирлік тәжірибесін алға тартып сан мәрте соғысқа сұранды. Ел басына күн туған кезеңде тыныш жата алмайтынын айтып, майдан даласына ерікті түрде жіберуін талап етеді. Сөйтіп кеңес-фин соғысынан аман-сау оралғаннан кейін 1943 жылдың 29-шы қарашасында госпитальде қайтыс болды. Қандай өкінішті… жаңа 1944 жылға небәрі 31 күн қалғанда, арғы жағында Жеңістің шеті де көрініп қалып еді..
Кеңес-фин және Ұлы Отан соғыстарының бел ортасында жүрді. «Ат басына күн туса, ауыздықпен су ішер, Ер басына күн туса, етігімен су кешер» дейді бабаларымыз. Қазақ даласынан Батысқа майданға бет алған, Белоруссияға дейін ну орман, ми батпақтан ауыр техникаларды сүйреп, сыз окопта жатып, жауған оқ, жанған оттың ортасынан аман өтті. Қарамағындағы қарулас жауынгерлерінің қазасын көріп, жүрегіне ауыр салмақ түсті, фашист басқыншыларының қатыгездігін, аштық пен суықты басынан кешті. Қиын-қыстау кезеңдерде өзіне жүктелген командирлік тапсырмаларды аса шеберлікпен орындап, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарды. Талай қырғынды басынан кешірді. Орел-Курск жеріндегі шайқастың бел ортасында болды. Ол менің өмірімнің ең бақытты шағым еді,- деп еңіреп тұрып еске алатын алғашқы махаббатын, қайран Полина апам…
(Жалғасы бар)

Нұрғали ЕРАЛИЕВ,
майдангердің немере інісі.
Б.Момышұлы ауылы

Таңдаулы материалдар

Close