Basty bet
Елбасымен жүздескен бақытты сәттерім
Өмірімдегі ең бақытты сәттер, ол – Елбасымен болған кездесулер деп білем. Өйткені, Елордадан шалғай ауылда тұрып, жеке кәсіппен айналысып жүрген қарапайым адамның Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының қолын алып, дидарласуы бақыт емей немене. Өз басым Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлымен үш рет жүзбе-жүз жүздесіп, бір сәтке дидарласқанымды мақтан тұтамын.
Бірінші рет Елбасын 2011 жылы Астанада өткен ауылшаруашылық форумында көрдім. Мен онда облыстан барған делегаттардың қатарында болған едім. Бағыма қарай маған орын екінші қатардан бұйырыпты. Әрі десе Елбасы сөйлейтін тұғырға тұспа-тұс ортырған екенмін. Елбасының айтқан даналық сөздерін, айтқан ақылдарын ұйып тыңдадым.
Мұндай ортаға бірінші рет түсіп отырған мен Ақордадағы сән-салтанатқа таң-тамаша болдым. Елбасы форум өтетін залға кіріп келгендегі алған әсерімді айтып жеткізе алмаймын. Керемет. Халықтың Елбасына деген құрметі мен ілтипаты ерекше болды.
Форум соңынан концерт болды. Оны тамашалап болған соң Елбасы залда жиналғандарға бет түзеп, өзіне қарай қол созғандардың қолын алып келе жатыр. Маған дейін біраз аралық. Елбасының қолын алу мен үшін арман. Бақыттан басым айналып тұрғанда маған оншақты қадам жетпей бір қырына бұрылып кете барды. Не істеймін? Арманым орындалмайтын болды ма деп, абдырап қалдым. Дегенмен есімді тез жинап алған мен, не де болса да Президенттің қолын алып қалуға бекініп.
-Нұреке, Астанаға Сіздің қолыңызды алу үшін келіп едім, – деп айқай салып, алға ұмтылдым.
Елбасы менің даусымды естіп, кім бұл дегендей бері бұрылды. Жұрт қақ жарылым ілгері ұмтылған маған жол берді.
-Ассалаумағаллейкум, – деп жетіп бардым.
-Мә, саған қол керек болса, – деп Елбасы қолын созып, күліп тұр.
Төбем көкке екі елі жетпей қалды. Елбасы менен қайдан келгенімді сұрап, біліп алған соң.
-Бақытты бол, – деп езу тартып кете барды.
Мәз боп соңында мен қалдым. Бір кезде жүгіріп, қасыма белгілі саясаткер Ахметжан Есімов келді.
-Рақмет, інім. Елбасы саған қатты риза болып қалды, – деді.
Ал, Елбасымен екінші рет дидарласудың сәті Nur Otan партиясының ХV съезінде сәті түсті. Мен ол съезде партияның 50 тұлғасының бірі ретінде қатыстым. Бастап барған басшымыз, «Сен өткендегідей шошаңдамай тыныш отыр» деп ескерту жасады. Бұл жолы да Елбасы баяндамасынан соң халқына қарай жүрді. Бәрі жамырап, Елбасының қолын алып жатыр. Өз орайы келіп қалды. Елбасы менің тұсыма келген сәтте, жүзіме қарап:
-Сен менің қолымды алғалы тағы келдің бе? – деп, бірер сәт қасыма аялдап, тіршілігімді сұрады.
Менің не айтып, не қойғаным есімде жоқ. «Жақсы, жақсы» дей беріппін. Шынымды айтсам жүрегім жарылып кете жаздады. Осыдан екі жыл бұрын болған кездесуді Нұрекең әлі ұмытпапты. Елбасының есте сақтау қабілетіне қайран қалдым.
Үшінші кездесуім «Nur Otan» партиясының ХVІ съезінде болды. Елбасының баяндамасын тыңдадық. Барлық шара өткен соң, бұрынғысынша жұртшылықпен аман-саулық сұрасып жатты. Алдымда адам қарасы көп. Не істеу керек? Ойымда үшінші рет қолын алып қалсам деген дәмем бар. Шешімді тез қабылдап, адамдардың ту сыртын айнала Елбасы шығатын есік жаққа барып тұрдым. Елбасы есікке қарай жақындап қалғанда:
-Сіздің қолыңызды үшінші рет алу маңдайыма бұйырыпты, – деп қолымды создым.
Түріме қарады да:
-Бар болыңдар, – деп тағы да жымиып, өте шықты.
Бұл Елбасымен болған жүздесулер мені қанаттандырды. Жігеріме жігер, талабыма талап, қайратыма қайрат қосты. Осы бір сәттік кездесуден мен Елбасына, еліміздің болашағына деген сенімім арта түсті. Үнемі, жақындарыма, ұл-қыздарыма, бауырларым мен ел-жұртыма осы кездесуден алған әсерлерімді бөлісіп, Елбасымен еліміздің болашағы жарқын екенін айтып отырамын.
Керімқұл Бегалиев,
«Зылиха» шаруа қожалығының төрағасы