El іshі
Ұлты орыс болғанымен, жаны қазақ
Дархан даласындай көңілі кең қазақ елі түрлі ұлт өкілдерін тар жол тайғақта құшағына алып, бауырына басқанын тарихтан білеміз. Бірлік пен жарасымды тірлікті ту еткен ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы бүгінде өзге жұртты еріксіз сүйсіндіріп келеді. Тіпті, елімізде соңғы уақытта қазақша сөйлейтін этнос өкілдерінің де саны артқан. Бұл түрі басқа болса да, тілегі бір отандастардың қазақ халқына деген, мемлекеттік тілге деген құрметі. Олар тек қазақ тілін ғана емес, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімізді де құрметтейді. Сондықтан өз тілін өгейсініп жүрген қаракөздерімізге үлгі болсын деген ниетпен қазақ тілін жетік білетін, ұлттық болмысымызды бағалайтын өзге ұлт өкілдерін жұртшылыққа таныстыруды жөн санадық.
Қазақ тілін туған тіліндей меңгерген, ұлты орыс болса да, жаны қазақ өзге ұлт өкілінің бірі – Евгения Олеговна.
Евгения Самойличенко Бәйтерек ауылында туған. 2005 жылы осы ауылдағы орта мектептің орыс сыныбын тамамдап, Ақбастау ауылындағы №16 Жуалы колледжін «Аспазшы» мамандығы бойынша бітіріп шығады.
-Мен колледжді 2006 жылы бітіріп, ауылдағы «Бәйтерек» бөбекжай-балабақшасына аспаз болып жұмысқа орналастым. Жұмысқа тұрғанымда мен қазақша мүлде білмейтінмін. Қазақ тілін еркін меңгеруіме жұмыс істеп, араласқан ортам, ұжымым көмектесті. Мені ешкім қазақ тілін үйрен деп қинаған жоқ. Қазақ тілін өз еркіммен үйрендім. Үйренгендерім бүгінде өз қажеттілігіме жарауда. Меңгерушіміз Сабира әпкейге көп рақмет! Маған алғашқыда түсіністікпен қарап, қазақша білмесем де, үйренсін деп қолдау көрсетті. Міне, балабақшада жұмыс жасағаныма биыл 15 жыл болды.
Әлі де қазақ тілін толықтай меңгердім деп айта алмаймын. Осы тілде еркін сөйлеп, жазсам да, ол қазақ тілін жетік білетіндігімді білдірмейді, – дейді Евгения.
Ұлты бөлек болса да, жаны қазақ Евгенияның айтуынша, тілді жетік меңгеру үшін ең алдымен қажеттілік, ниет керек. Өйткені, сол тілге күнің қарамаса, оны үйрену де мүмкін емес. Одан соң оны күнделікті қолданысқа енгізбесеңіз, тілді үйренуге жұмсалған күш пен уақыт құр босқа кетеді. Өйткені, сөйлесетін адам болмаса, тіл үйренуді әрі қарай дамыту да мүмкін емес. Қазіргі кезде оған қазақ тілін білгенінің көп пайдасы тиіп жүр. Ұлты орыс болғанымен, Евгения көбінесе қазақша сөйлейді екен. Ол отбасында қазақша сөйлейтін жалғыз жан емес. Үйінде әпкесі мен оның қызы да қазақ тілін өте жақсы біледі. Тек анасы мен әкесі қазақша түсінгенімен, қазақ тілінде ойын жеткізе алмайды. Сондықтан да, отбасында ол ата-анасымен орысша тілдеседі.
-Отбасымда төрт ағайындымыз. Әкем Олег Сергеевич Қырғызстанның Көксай деген жерінде дүниеге келген. Әкем үш жасқа толғанда ата-анасы Бәйтерек (бұрынғы Военный совхозға) қоныс аударады. Ата-аналары осында бас гидротехник және бас бухгалтер болып жұмысқа орналасады. Былайша айтқанда, әкемнің балалық шағы осы ауылда өтті десек те болады. Қазіргі таңда әкем Тараз қаласында жеке меншік фирмада жүргізуші болып жұмыс атқарады. Ал анам Надежда Руденко осы ауылдың тумасы, зейнетке шыққанша түрлі салада жұмыс істеді. Қазір сол бейнетінің зейнетін көріп отырған асыл әже.
Біздің көршілеріміздің көбі қазақтар. Көршілерімізбен тату-тәтті тұрамыз. Қазақтың салт-дәстүрін жақсы білеміз. Беташар, той, құдайы тамақ кезінде бәріміз бір атаның баласындай араласамыз. Қуанышымызды бөлісіп, мерекелерде бас қосып, бір-бірімізді құттықтауды да ұмытпаймыз. Әсіресе, Наурыз мерекесінде ұлттық тағамдарды пісіріп, үйде наурызкөже дайындап, дастарқан жайып, көршілерді дәм татуға үйге шақырамыз.
Қазақстан – біздің ортақ үйіміз, ортақ Отанымыз. Қазақтың даласы да, баласы да өзге ұлт өкілдерін жатсынбайды. Бауырына басып, бір нанды бөлісіп жеп, саялы мекендеріне паналатты,- дейді ол.
130-дан астам ұлт пен ұлысты бауырына басқан қазақ елінің құшағы әрқашанда ашық. Татулық пен бірліктен, ынтымақ пен достықтан құралған қамалды ешкім де бұза алмайды. Бірлігі жарасқан ұлт пен ұлыстарымыз барда біздің еліміздің болашағы әрқашан жарқын бола бермек.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»