El іshі
Билер мен Аналар кеңесі есеп берді
Аумалы-төкпелі, алмағайып замандарды бастан кешкен халқымыздың өзіндік басқару жүйесі болған. Ол – ел қамын жеген ерлері, сөзін сөйлеп, жағдайын ойлаған шешендері, әділдіктің ақ туын түсірмеген білімпаз билері.
Биді байлық та, барлық та жасай алмайды. Би тұғырына қара қылды қақ жарып айтатын әділ, парасатты жандар ғана көтерілген.
Би әділ төрелік айтумен қатар, бүкіл бір халықтың ұрпағын тәрбиелеуде де теңдесіз қызмет атқарумен қадірменді саналған. Сан ғасырлар бойы халқымызбен бірге жасасып келе жатқан би рөлінің бүгінгі қоғамда қайта жаңғырғаны ұлттық қадір-қасиеттерімізді сақтауға тигізер үлесі зор деп есептейміз.
Жалпы Билер кеңесі мен Аналар алқасының жас ұрпақ тәрбиесінде алар орны бөлек.
Аудандық орталық кітапхананың «Білім» залында аудандық ардагерлер кеңесінің жиыны өтті. Онда аудандық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған Билер кеңесі мен Аналар алқасының есебі тыңдалды.
Жиынды ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков ашып, сөз кезегін аудандық Билер кеңесінің төрағасы Сағындық Тоқбергеновке берді. Ардагер баяндамасында өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып, бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
-Билер кеңесі өткен жылы 94 іс қарады. Оның ішінде сот барысында тоқтатылған азаматтық істер, даулар – 35, сот барысында тоқтатылған әкімшілік істер, даулар – 18, билер кеңесінің татуластыруымен тоқтатылған қылмыстық істер, даулар – 6, билер кеңесінің сотқа дейін татуластырумен тоқтатылған даулар – 34, дәл осындай жолмен тоқтатылған қылмыстық істер – 1.
Қаралған істердің көбісі қарыз өндіру және келтірілген шығынды өндіру. Осы мәселеде мен кәсіпкерлерге қарыз берген азаматтардан қолхат алуын ескертер едім.
Одан кейінгі мәселе – жер дауы. Яғни, жайылым жердің тарлығы. Аудандық жер қатынастары бөлімі ауыл маңынан жекелерге жер бергенде халықтың қамын ойласа деген тілегіміз бар.
Қаралған істердің 17-і отбасылық даулармен неке бұзу туралы. Істі қарау кезінде түсінгенім ер азаматтардың жұмыссыз бос жүруі, табыс көзі жоқ. Енді бірі апталап, айлап вахтада Атырау, Нұр-Сұлтан, т.б қалаларда жұмыста жүруі ерлі-зайыптылардың арасына сызат түсіреді деп ойлаймын.
Жалпы билер атқаратын жұмыстың аясы кең. Қазіргі кезде тұрғындар сүт бағасын реттеу, таксилердің жолақысын реттеуде де билерге жүгінетін болды,- дей келіп, Сағындық Құралбайұлы Билер кеңесі мүшелерінің жұмысы жайлы, яғни өмірлік тәжірибелеріне сүйеніп, белсенділікпен жұмыс істеп жүрген Билер кеңесінің мүшелерін атап өтті.
Сонымен бірге аудандық билік тарапынан Билер кеңесінің жұмысына қолдау қажеттігін жеткізді.
Билер кеңесі төрағасының есебін тыңдаған ардагерлер оның жұмысын қанағаттанарлық деп бағалап, өз ой-пікірлерімен бөлісті.
Аманжол Дүрәліұлы қазіргі таңда жас отбасылар арасында ажырасудың көптігін, осы мәселені, яғни жас ұрпақ тәрбиесін, жастарды отбасылық өмірге дайындау мәселесін мықтап қолға алу қажеттігін, сондай-ақ аудан ішіндегі кейбір мәселелердің әлеуметтік желіге тарап кетпеуі үшін мәселенің алдын алу керектігін айтты.
Мұратбек ақсақал: «Қариясы бар ел – қазынал ел» деп бекер айтылмаған. «Билік айту оңай, біліп айту – қиын». Жас ұрпақ тәрбиесінде ісімен де, сөзімен де үлгі боларлық ел сөзіне тоқтайтын қариялардың орны бөлек» дей келіп, Сағындық Тоқбергеновтың жұмысына оң баға берді.
Естемес Аманбекұлы өз жұмысына тиянақты, жанашыр азаматтардан құралған Билер кеңесінің жұмысына сәттілік тіледі.
Келесі кезекте аудандық Аналар алқасының төрайымы Күлбақыт Айтқұлова баяндама жасады.
-Аналар алқасына жүктелген жауапкершілік жүгі ауыр. Аналар алқасының мүшелері жеті адамнан тұрады. Олар көпбалалы, өнерлі әже және түрлі салада жемісті еңбек еткен тәжірибелі аналар мен бүгінде ауданның қоғамдық өміріне өзіндік елеулі үлес қосып жүрген жандар,- деді Күлбақыт Тұрымханқызы. – Аналар алқасы жұмысын аудандағы көпбалалы, аз қамтылған отбасылдардың тізімін анықтап, оларға тиісті көмек көрсетілуіне ықпал жасаумен бастаған. Сонымен бірге мектеп оқушыларымен, ата-аналармен жас ұрпақ тәрбиесі, жауапкершілік жайлы жауапты сала мамандарымен бірігіп түрлі іс-шаралар ұйымдастырудамыз. Әйел-аналардың құқықтық сауаттылық деңгейін көтеру мақсатында және зорлық-зомбылыққа душар болған жандарға кеңес береміз. Осы мақсатта Аналар алқасының атқарған жұмысы айтарлықтай. Мәселен, Айгүл Омарова «Қыз болашағы – ел болашағы» тақырыбында Пушкин атындағы орта мектептің жоғарғы сынып оқушыларымен кездесу өткізді.
Ауылдағы бір отбасында келін мен ене арасында түсінбеушілік орын алып, Айгүл Омарова осы отбасында татуластыру жұмыстарын жүргізді.
Аз қамтылған 24 отбасына азық-түліктей көмек көрсетті. Аталар, әжелер ансамблін құрды. Ауылда осы құраммен тамаша концерт ұйымдастырды.
Қариялар күні қарсаңында ауданда Аналар алқасының ұйымдастыруымен үлкен концерт өтті.
Өткен жылы елімізде коронавирус пандемиясына байланысты ауыр жыл болды. Алайда аналар кеңесінің мүшелері соған қарамастан қайырымдылық жұмыстарымен айналысты.
Үстіміздегі жылға да аналар кеңесі жұмыс жоспарын жасаған болатын. «Қазақтану» жобасы аясында ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау, насихаттау мақсатында мәдени іс-шаралар ұйымдастыратын боламыз. Жас отбасылармен, қыз балалармен түрлі тақырыпта еркін форматта жиындар өткіземіз.
Жалпы біз аналар алқасы мен ардагерлер кеңесі тығыз байланыста жұмыс жасауымыз керек. Тараз қаласында өткен «Елдік елге байланысты» атты форумның жалғасы іспетті ауыл-ауылда жұмыс жасасақ. Қоғамдық маңызы бар мәселелерді қолға алып, шешілуіне атсалыссақ. Жас ұрпақ тәрбиесінде түйткілді мәселелер өте көп.
Қоғамда сыбайлас жемқорлық мәселесі өршіп барады. Осындай өзекті мәселелерді қолға алып, қоғамның дамуына үлесімізді қоссақ,- деді К.Айтқұлова.
Аналар алқасы мен ардагерлер өз ұсыныс тілектерін ортаға салып, К.Айтқұлованың жұмысына оң баға берді.
Естемес Аманбекұлы аналар алқасына бүгінде аналар мен қыздардың арасындағы қазақы әдемі байланыстың нашарлап кеткенін айта келіп, жұмыс барысында «Егер ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле» деген қанатты сөзге ерекше мән беру қажетігін, жалпы тәрбие мәселесін қолға алуды тапсырды.
Жалпы халықтың рухани саламаттығын арттыруда Билер кеңесі мен Аналар алқасының жұмысының рөлі зор. Сондықтан жұмыстарына сергектік пен сәттілік тілейміз!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ, «Жаңа өмір»
Суреттерді түсірген
Сәбит Күзембаев