El іshі

Диқан еңбегінің ақталғаны күзгі өнімге байланысты

 

Жол бойы тақта-тақта болып қыр асып жатқан егіс алқаптары. Егінге орақ салған комбайндар самал желмен тербелген егін толқынында жүзіп жүрген кемедей. Айналаға қарасаң ғажап көрініс.Әр белде қайнаған еңбек.

Жалпы Боралдай ауылдық округінің диқандары еңбекқорлығымен ерекшеленеді. Мұндағы жер егін салуға өте қолайлы. Әрі десе егінді көп себетін осы округ тұрғындары. Егін барысы туралы ақпарат берген Боралдай  ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ғали Ауғанбаев бізді Көлтоған ауылындағы «Алтынай» шаруа қожалығына алып келді. Шаруашылықтың құрылып, жұмыс істей бастағанына да 22 жылға жуықтапты. Қожалық еншісінде 700 гектарға жуық жер бар. Оның 200 гектары арпа, 150 гектары бидай, 120 гектары мақсары, қалған жердің барлығына жоңышқа егіледі. Әрі бұл қожалық  ірі қара мен ұсақ мал және жылқы ұстайды. Техникадан екі «Енисей» комбайны, бес трактор, екі КамАЗ көлігі бар.

Қожалық жетекшісі Ербол Рүстембековті жұмыс басынан кездестіре алмағанымызбен, орақ басында жүрген бригадирі Талғат Исақовты әңгімеге тарттық.

Талғат аға осы шаруашылық құрылғалы бері бригадир болып жұмыс істейді.

-Бұл шаруашылықты басында Ерболдың ағасы Ғани құрды. Бірақ ағасы Алматыға қоныс аударуына байланысты шаруа қожалықтың жұмысын інісі Ерболға тапсырады.

Қай істі болсын бастауда қиыншылықтар көп болады. Ол кезде субсидия берілмейтін. Жеңілдетілген жанармай беріледі. Бірақ, оның өзі кеш беріледі. Оны күтіп отырсақ, егін егетін кез өтіп кетеді.Сондықтан өзіміз амалын тауып сатып алып егеміз. Диқанның еңбегінің ақталғаны күзгі өнімге байланысты. Кей жылы өнім, баға жақсы болады. Кей жылы еккеніңді ақтамайды. Шаруашылықты құрғанда  80 гектар жеріміз болған. Уақыт өте егін егетін жеріміз ұлғайып, осы күнге жеттік.

Шаруашылық баяғыдан тек қана егін шаруашылығымен айналысады. Қазір осында еңбек етіп жатқан жігіттердің басым бөлігі шаруа қожалық құрылғаннан бастап жұмыс істеп жүргендер. Олардың жалақылары уақтылы төленіп отырады.

Биыл көктемнен бастап жауын аз болғандықтан егін сирек шықты. Арпаның 60-70 пайызы жерде қалды десекте болады. Жылда арпаны орғанда 300-400 тонна өнім алынатын, биыл 100 тоннадай да ала алмадық.

Жинаған арпа, бидай өнімдерін қамбаға төгеміз. Өзіміздің астық жинайтын қамбамыз бар.

Ал, жинап жатқан мақсарыны аудандағы «Азық-түлік нанмен жабдықтау» ЖШС-на апарып өткізудеміз.

Қолда бар техниканың барлығы таза бейнетпен келді.Бұл жердегі техникалардың барлығын өзіміздің қаражатымызға алынды. Үкіметтен  лизингке ешқандай техника алған жоқпыз.

Өздеріңіз байқағандай, мақсары да биыл жылдағыға қарағанда нашар шықты. Бәрі  жауынның аз болуының салдарынан. Енді осы мақсарыны шашпай-төкпей жинап алған соң, жерді күзгі бидай егуге дайындаймыз,- дейді бригадир Талғат Исақов.

«Алтынай» шаруа қожалығындағы жердің жартысы ауылдағы ағайындардікі. Оларға жиын-терім біткен соң өз үлестерін береді. Олар біреуі арпа, бидай десе, біреуі мақсары майын немесе ақшалай алады екен.  Ербол аға ауылдағы қайырымдылық шаралардан қалмай, үнемі қатысып, ақшалай көмектесіп отырады.

Ербол Рүстембеков ауыл әкімшілігінің жанынан өз қаражатына 50 адамға арналған асхана соқтыруда. Ол жерде ауыл тұрғындары құдайы тамақ бере алады.  Асхана жақында пайдалануға беріледі.

Шаруашылық төрағасы қыс мезгілінде де жұмыспен қамтып отырған жұмысшыларына  көмектеседі. Елдің алғысын алып отырған Ербол ағамыздың жұмысына сәттілік тілейміз.

Округ әкімі аппаратының бас маманы айтқандай, Боралдай ауылдық округінде мақтанарлық шаруалар атқарылуда. Егін орағында жүрген комбайнның қаңтарылып тұрғаны жоқ. Түгелге жуық жаңартылған.

Баян Тұрсынқұлқызы,

«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close