El іshі

ТҮЛКІБАС аудандық басылымы 90 жылдық мерейтойын атап өтті

Өткен жұмада Жуалымен көршілес, тарихы бір Түлкібас ауданының «Шамшырақ» аудандық апталық газетінің 90 жылдық мерейтойы өтті.
Іс-шара барысында Түлкібас ауданының әкімі Нұрлан Байғұттың қолдауымен «Шамшыраққа – 90 жыл» атты стелланың ашылу салтанаты болды. Шараға аудан басшылары, газет ұжымы мен ардагерлері, тұрақты оқырмандары, басылым жанашырлары, аудандық мәслихаттың депутаттары, көршілес аудандық басылымдардың редакторлары, облыстық БАҚ өкілдері, ауданның қадірменді қариялары жиналды.

Стелланы ашу құрметі аудан әкімі мен Ұлы Отан соғысының ардагеріне берілді. Құттықтау сөздер легінен кейін аудандық мәдениет үйінің өнерпазы мерейтойға арнау орындады.
Салтанатты шарадан соң «Шуағын шашқан Шамшырақ» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі болды.
Тұсаукесер рәсімін жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты, «Шамшырақ» газетінің ардагері Мархабат Байғұт пен ҚР Журналистер Одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай жасады. Аталған журналистермен бірге бірқатар ардагер журналистер естеліктерімен бөлісіп, игі тілектерін білдірді.
Ал аудандық мәдениет үйінде аудан басшысының қолдауымен ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен аудандық басылымның 90 жылдық мерейтойына орай «Түлкібас – құтты мекен» атты облыстық ақындар айтысы өтті.
Айтысқа сегіз ақын қатысты. Құтты мекен Түлкібасты, ауданның «Шамшырағына» айналған басылым мен Тәуелсіз еліміздің бағындырған белестерін жырға қосқан ақындар айтысты сағынған халыққа тамаша көңіл күй сыйлап, бір серпілтіп тастады.
Аймақ басшысының қолдауымен өткен айтыстың жүлдегерлеріне аудан әкімінің Алғысхатымен бірге қомақты ақшалай сыйлықтар тапсырылды.
Айтыстың бас жүлдесін аудан әкімінің өзі тапсырды.
Ақынын іздеген, қаламгерлерін, сөз өнерін жоғары бағалап, құрмет көрсете білген аудан басшысына той қонақтары ризашылықтарын білдірді.
Соңынан қонақтар мейрамханада бас қосты. Мұнда аудан әкімі мен аудандық мәслихаттың хатшысы редакция ұжымы мен ардагерлерін, штаттан тыс тілшілерін Құрмет грамотасы мен Алғысхаттармен марапаттап, сыйлықтар тапсырды.
Тағылымды, көрерменіне рухани демалыс сыйлаған шарадан түлкібастықтардың сөз өнеріне, әдебиетке, мәдениетке, тарихқа деген ерекше құрметін, кісілікті, ұйымшылдығын, қарапайымдылықтарын байқап, тебіреніп қайттық.
«Өсер елдің ұлдары бірін-бірі батыр дейді» демекші, түлкібастықтардың бір-біріне деген қолдаулары мен құрметтері, мерейтойды менікі-сенікі демей,барлығы біркісідей атсалысып жүргені көңілдерді тебірентті.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close