El іshі
“Жаңа өмір” – досым, сырласым!
Қай істі болсын істегісі келмеген адамның әйтеуір сылтауы бітпейді. Ал шын ынталы адам істің жолын да, бабын да табады. Бұл туралы Бауыржан Момышұлы атамыз былай дейді: “Атқа мініп жүре алмайтынға жуас та асау, жебе де қысқа, тартпа да бос, ердің үсті де қолайсыз, тізгін де ұзын көрінеді – барлық сылтауды жайып салады”.
Кітап, түрлі басылымдарды оқып, көңіл бөлуге уақыт тауып жаныңды жадыратуға, көңіл-күйіңді жақсы істерге бағыттап, өмір тынысына ілесу де үлкен білімділікті қажет етеді.
Адам баласы ешнәрсені іштен біліп тумайды. Көрумен, оқумен, еңбекпен шыңдалады. Ол деген тынымсыз, өмір бақи іздену деген сөз.
Оқу арқылы көңілге тоқығаның көп болған сайын өмірге деген құштарлығың артып, белсене өмір сүресің. Өмірдің мәнін дұрыс бағалай білесің. Демек, жалқаулық, немкеттілік қасиеттен алыс жүрген жөн. Әрнәрсеге байыпты көзқарасты өзің қалыптастыруың керек. Сонда сенің өмірге деген көзқарасың ерекше болмақ.
Біздің жас кезімізде қазіргідей телефон, теледидар болған жоқ. Біз тек радио хабарлармен, кітап оқумен қанағаттанып, қанаттанып өскен ұрпақ өкілдеріненбіз. Бірақ жас кезімізден шала сауатты ата-анамыздың білімге деген үлкен құштарлығын, ұлағатты үлкен кісілердің аузынан батырлар жырын, лирикалық шығармаларын, яғни тамаша, тамсанарлық сұлулық пен қолжетпес орындалмай қалған армандар туралы қисса жырларды естіп өскен, сол сезімдерге тамсанып өскен ұрпақ едік. Ауылдың мамыражай өмірінде табиғатымыздағы қонақжайлылық, бауырмалдық қасиеттерді көріп өскен ұрпақпыз.
Жақсылыққа жаны жақын, жоқ адамға асарлатып там салып беретін, жалғыз биесін сауып ауылға қымыз мұрындық беретін пейілі кең халық едік. Өрістен қайтқан қой-ешкіні бала-шаға, үлкендер болып қарсы алып, қозы-лақ көгендеп, қой-ешкі сауысып, айдың жарығымен-ақ шаруамызды тындырып жүруші едік. Қонақ шақырсақ май шамның жарығымен үлкендердің ортасында сол кісілердің қолдауымен үлкен көлемді қалың кітаптарды әртүрлі мақаммен әндетіп оқитынбыз. Кейде үлкендердің қошеметіне мәз болып, оқыған дүниеміздің мазмұнына мән де бермейтінбіз.
Кітап оқығанда әндетіп, мәнерлеп оқуды бала кезден үйрендік.
Ол кезде ауылда жақсы үлкен жиегі ескірген, көне кітаптарды ерекше бағалап, орап құрметпен алып жүретін кісілер болатын(есімдері есімде қалмапты). Ол кісілер осындай бас қосуларда біз сияқты балаларды таңдап алып кітап оқытатын. Ұнаған балаларды өздерімен бірге ертіп жүретін. Сондай таңдау қыз бала болған соң көбінесе маған түсетін. Мен жан-жағыма мақтана қарап, қателеспей, жылдам оқи жөнелетінмін. Шіркін, балалық. Бұл оқиғалар бастауыш кластарда болды.
Жатқан жерлері жаннатта болсын! Алғашқы ұстаздарым марқұм Найзабай, Жолтай ағайлар (фамилиясы есімде жоқ) болды. Бесінші, алтыншы сыныпта қазақ тілі және әдебиеті пәнінен Талапбек Байділдаев деген кісі сабақ берді. Ұстазымыз сабағын өте қызықты өткізуші еді. Ол кісінің бағыт-бағдар беруімен Сәбит Мұхановтың «Ботагөз», «Мөлдір махаббат», Мұхтар Әуезовтың «Абай» трилогиясын қызығып оқыдық.
«Мың бір түннің» төрт томын пән сабақтарының арасына қойып, ата-анамыздан жасырып оқыдық.
Кейінірек шетел аудармаларын оқыдым. Бір кітапты бастап оқысам бас көтере алмаушы едім. Сабақ, ата-анаға көмектесу, тамақ ішу, ойын деген жайына қалып, сол кітапты бітіргенше өзімді-өзім ұмытып, анамнан, мұғалімімнен ұрыс естуші едім. Неткен құштарлық десеңізші!
Балалықтан кейінгі кездерімде, яғни бой түзей бастағанда осы оқыған кітап кейіпкерлеріне еліктеумен болдым. Өзімді Ботакөзге, Бәтеске, Жібекке ұқсатып сұлулық әлеміне ендім. Соларға ұқсағым келіп, шашыма көңіл бөлдім, әдемілікке, әдемі көрінуге тырыстым. Биші Шараға ұқсағым келіп, биледім. Мәншүк, Әлия сияқты батыл, батыр болғым келді. Күләшқа ұқсап әнші болғым келді. Ақұштап Бақтыгереева, Шырын Мамасерікова, Мариям Хакімжанова т.б. еліктеп өлең жаздым. Жалпы өнерге жақын, жанашыр болдым.
Сондықтан шығар, оқуға деген құштарлығым өмірлік серігім, сырласым, мұңдасым болып жүрегімнің төрінен орын алды. Мен адамдармен емес, шығармалармен, кітаппен, газет-журналдармен ой бөлісемін, іштей тебіренемін, шыңдалып өмірдің көшіне ілесіп келемін. Менің бұл тебіренісімді ауылда туып, ауылда өскен, алысқа ұзамай бар ғұмыры ауылда өткен кейуананың жан сыры деп білерсіздер.
1934 жылдан бері өмір сүріп келе жатқан «Жаңа өмір» газеті – менің ең жақын досым, сырласым. Қаншама басылымдардың ішінен оны тауып алып, ең бірінші көз жүгіртіп шығамын. Осы газеттен туған ауданым Жуалының тыныс-тіршілігін оқып отырамын. Ол менің жүрегімнің лүпілі сияқты жаныма жақын. Бұрынырақ Кеңес үкіметінің тұсында аудандық газет бетінде аудан сауыншыларының тізімі, олардың сауған сүттерінің көлемі туралы, ет-сүт өндіретін еңбекшілердің жұмысы жайлы бет-бет болып мақалалар, мәліметтер жарияланатын.
Ал, қазір Аллаға шүкір, еліміз тәуелсіз мемлекет болды. Егеменді ел болғанымызға 30 жыл толғалы отыр.
Қазір барлығы жаңаша сипатта дамып келеді. «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» деген осы.
Қазіргі басылымдарымыз, оның ішінде аудандық газеттің де бет-бейнесі өзгерді. Газет бетінде ауданның тыныс-тіршілігімен қатар, ұлттық құндылықтарымыз да дәріптеліп келеді. Партиоттық тәрбие, дін, діл, тіл, адами қасиеттер туралы тағылымды дүниелер көп. Әсіресе, ерекше ұнайтын тұсы – ұмытылып бара жатқан тарихи дүниелердің қайта жаңғырылуы, яғни тарихи-танымдық материалдардың, озық ойлы кісілердің еңбектерінің, естеліктерінің жариялануы. Осы дүниелер әрі қарай да кеңінен жариялана берсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Қазір елімізде жылдың ІІ жартыжылдығына газет-журналдарға жазылу науқаны жүруде. Мен ауылдан көпбалалы бес отбасына аудандық басылымға тегін жазып беруге өз үлесімді қостым. Бұл әрине үлкен шаруа емес. Алайда мұны басылымға деген жанашырлық сезімнен туындаған шынайы ықылас деп білерсіздер.
Құрметті оқырмандар, маңызды науқанды пайдаланып өзімізге газет-журналдарға, оның ішінде аудандық газетке жазылуды ұмытпайық!
Төлебала Күзембекқызы,
ардагер ұстаз.
Көлтоған ауылының тұрғыны