El іshі
Кітапхана ісі – Жаңа форматта
Кітапхана – ғасырдан-ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан, шырағы биік, парасаттылық пен білімділіктің, байлық пен біліктіліктің киелі ордасы. Адамға рухани байлық сыйлап, ғылым мен білімнің терең сырынан сусындатар мәдени орны. Кітапхана – оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір. Ата-бабамыздан жеткен асыл қазыналарымызды жас буынға жеткізуші кітапханалар.
Өткен замандардың тұңғиық тереңінен сыр шертетін тарихы да, əдебиеті де, басқа ғылым кереметтерін де кітапханадан табамыз. Жазушы Әбіш Кекілбаевтың сөзі осыған дәлел: «Мен кітапхананы ақыл-білім, адамгершілік ордасы деп білемін. Ал кітапханашыларды ешқашан жоғалмауға тиісті сол асыл қазынаның сақшылары санаймын» деген.
Тарих қойнауына тереңдеп бармай-ақ, бүгінгінің бигінен қарағанның өзінде кітапхана ісінің кең қанат жайып келе жатқанын көзі қырақты оқырман жақсы біледі. Ең, бастысы көпшіліктің кітап оқуға деген ынта-ықыласы арта түскені қуантады. Өйткені, қазіргі заман талабына сай кітапхана іші де жаңғырып, сөресі жаңа кітаптармен толығуда. Жетітөбе ауылдық округі Кәріқорған ауылдық кітапханасының да оқырмандар қатары толығуда. Бүгінде кітапханашы Айжан Жаңабаева және жас маман әдіскер Алуа Әленова тұрғындарға қызмет көрсетеді.
Кітапханада 11 394 кітап қоры бар, оның ішінде 6839 қазақ тілінде болса, 125 жаңа кітап түскен. Оқырманы саны – 563. Ауылдық кітапханадан Кәріқорған және Тасбастау ауылдарының тұрғындары кітап алып, рухани азық алады.
Бүгінгі күні кітапханада «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында цифрландырылған ақпараттық орталық 2019 жылы ашылған. Сол уақыттан бері тұрғындар орталықтан бүгінгі күнге дейін 300-ге жуық egov.kz порталынан түрлі қажетті анықтамалар алынған. Орталық үш компьютер, бір әмбепап принтер құрылғысымен қамтылып, «Қазақтелеком» АҚ-ның жылдамдығы жоғары интернет желісіне қосылған.
Кітапханашы «Рабис» бағдарламасына барлық кітапты енгізіп қойған. «100 жаңа оқулық» жобасы аясында оқырмандар QR кодпен кіріп, әлем әдебиеттерін оқи алады. Сонымен бірге, кітапханашы «Бабалар сөзі – ақылдың көзі» мақсаттық бағдарлама аясында қазақ әдебиетіндегі шешендер мен билердің, ақын-жыраулардың шығармаларына зерттеу жұмыстарын жүргізеді. «Жас қыран» қызығушылық клубында жастармен жыл бойына жұмыс жасалады. Жоспар жасалып, клуб мүшелері сайланады. 2021 жыл Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы деп белгіленген. Осы мақсатта кітапханашы, балалар әдебиетін насихаттап, түрлі әдеби іс-шаралар тартуда.
Әр кітапхананың өз оқырманы бар. Үнемі кітапханадан табылып, жаңа әдибиеттерді қызыға оқитын сыншыл әрі пікірін жеткізе алатын оқырманы болады. Кәріқорған ауылдық кітапханасының да мұндай оқырмандары жеткілікті. Кітапхананың Мадина және Балнұр Валиевалар, Тоғжан Шайдулин, Албина Пернебек сияқты тұрақты оқырмандары түрлі аудандық байқауларға қатысып, әрдайым жүлделі орындардан көрінеді.
Рухани орданың Жанар Бипозова есімді оқырманы ең көп кітап оқитын жан. Ол осындағы кітаптарды кезегімен оқып, мазмұнын да қысқаша жеткізеді. Жеткізіп қана қоймай, өзгелерге де оқыған кітаптарын насихаттайды. Сонымен бірге, тіл мамандары Әсем Бейсенбаева, Айжан Көрпебаева кітапханамен тығыз байланыс орнатып, оқушыларын кітап оқуға шақырады.
-Кітапханашы әр кітаптың мазмұнын білуі керек. Кітапханаға келген оқырманға жылы шырай танытып, сұраған әдебиетін тауып беруі тиіс. Бүгінде біздің өз оқырмандарымыз бар. Олар әрдайым осында келіп, кітап оқып, рухани азық алады. Әсіресе, жастар биыл қашықтан оқыту режімінде кітапханаға ағылып келді. Интернетті пайдаланумен қатар, кітап алып кетіп отырды. Цифрлық ақпараттық орталықтың бір пайдасы осы болды. Тұрғындарды тек анықтамалармен қамтамасыз етпей, рухани азық алуға үндеді. Жаңа кітаптармен, оның ішінде әлем елдерінің әдебиеттерімен танысты. Сонымен бірге кітапханаға жас маман келіп, оны да кітапханаға ісіне баулудамыз. Заман көшінен қалмай, кітапхана ісін де жаңғыртудамыз, – дейді Айжан Жаңабаева.
Айгүл Қалымханқызы, «Жаңа өмір»