El іshі

Желтоқсан желі ызғарлы…

аудандық тарихи-өлкетану музейінде желтоқсаншылар жастармен кездесті

Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың қаншама ғасырлар бойы армандаған еркіндігі. Сол арманның орындалуына жол салған, ол – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі еді. Осы ретте, жастарға тарихы тереңде жатқан егемендігіміздің келу жолын түсіндіру, патриоттық сезімдерін ояту, Желтоқсан оқиғасының құрбандарын ұмытпау және мақтан тұту мақсатында аудандық тарихи-өлкетану музейінде “Желтоқсан – Тәуелсіздік бастауы” атты кездесу өтті.

Кездесуді музей қызметкерлері ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырып ұйымдастырып, оған аудандағы желтоқсаншыларды шақырды. Сонымен қатар, шараға Б.Момышұлы ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуренов және №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның ұстаздары мен оқушылары қатысты.

Кездесуге шақырылған желтоқсаншылар музейдің экспонаттарын тамашалап, өлке тарихымен танысты.

Музейдің екінші қабатындағы “Рухани жаңғыру” залында жуалылық желтоқсаншылардың тізімін әзірлеп, кітап көрмесін жасақтаған.

Басқосу Желтоқсан оқиғасына арналған хроникалды деректі бейнесюжетті көрумен басталды. Сюжетте алаңдағы жастардың алаңсыз күйі, қазақ қыздарының әдемі күлкісі, ержүрек жігіттердің қайсарлығы мен өр мінезділігі көрсетілді. Желтоқсаншылар бейнесюжетті көре отырып, сол бір ызғарлы күнді күңірене еске алды.

Одан кейін аудандық тарихи-өлкентану музейінің маманы, өлкетанушы Дәулетжан Байдалиев тарихтан сыр шертіп, “Желтоқсан – Тәуелсіздік бастауы” атты ауқымды баяндама жасады.

-Бұл кездесу мәңгілік елдің босағасын бекітер бүгінгі жас аға ұрпақтың өткенінен тағылым алып, жастар өз тағдырларына өздері иелік ететін азаматтар болуы үшін, өмірдің өзінен алынған шынайы оқиғалардың ортасында болған аға- апаларын көрсін, әңгіме-өнегесін естісін деп, тарих беттеріндегі қалған парақтарды еске түсірелік деп ұйымдастырылды. Осы орайда, жуалылық желтоқсаншылардың басын қосып, естеліктерін тыңдауды мақсат тұттық. Тәңірдің тәтті сыйы Тәуелсіздікті жақындатуға атсалысқан қайсар желтоқсаншыларға әрдайым алғысымыз шексіз. Біз олардың ерліктері  мен қайсарлығын ұмытпауымыз керек.

Биыл Желтоқсан көтерілісіне 35 жыл, Тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отыр. Осы мерекелік датаға байланысты Жуалы аудандық тарихи-өлкетану  музейінің ұжымы өткен маусым айында Тараз қаласыңдағы «Желтоқсан, 86» деп аталатын облыстық желтоқсаншыларға арналған музейге тәжірибе алмасу және жуалылық  желтоқсаншылар туралы материал жинақтау мақсатында барып қайтты.

«Желтоқсан-86» музейі облыстың бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметов мырзаның бастамасымен ашылған еліміздін облыстарының ішінде желтоқсаншыларға арналған жалғыз рухани орда. Музей алдындағы алаңқайға Желтоқсан қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың ескерткіші орнатылған.

Дүниені дүр сілкіндірген Тәуелсіздігіміздің туын алғаш көтерген әйгілі 86-ның Желтоқсан оқиғасы халық тағдырымен тікелей байланысты. Желтоқсан оқиғасы біздің тарихымыздағы бұрынғы өткен жиырмасыншы ғасырда өткен қасіретті нәубеттердің санатына қосуға болатын оқиғалардың бірі. Ол кеңестік жүйенің солақай саясатына, ұлт басына үйірілген үрей бұлтына,тоқырау тажалының табанына тапталған ар-намыстың ышқынған бұлқынысы болатын, – деді баяндамашы.

Тарихқа көз жүгіртіп, өткенімізді бағамдап, болашаққа қадам жасау керек. Желтоқсаншылар өткен күндерін еске түсіргенде алаңдағы оқиға көз алдыларына келеді. Жастардың жазықсыз жазалануы мен талаптарын ой елегінен өткізіп, өткен күннің еншісіне қалдырады. Бірақ бұл естелік ұмытылмайды. Мәңгі жүрекке қалған сызат секілді әрдайым Желтоқсан айы жақындаған сайын еске қайта түседі. Бұл жолы да жуалылық желтоқсаншылар қаһарлы Желтоқсан көтерілісі туралы естеліктерімен бөлісті.

Күреңбелдік Нұрғали Есмұратов алғашқылардың бірі болып сөз алды. Ол 1986 жылы Алматы қаласында жұмыс істеп жүрген кезінде көтеріліске қатысқанын, алаңға өз еркімен бейбіт шеруге қатысқанын айтып өтті. Алаңда күміс көмей әнші Роза Бағланова “Менің Қазақстаным” әнін шырқап, жастарға басу айтқанын жеткізді. Бірақ бейбіт шерудің арты қақтығысқа ұласып, СОБР жасақтарының тойтарысынан кейін соққыға жығылып, жан-жаққа жастардың қашқаны туралы әңгімеледі.

Арамызда жүрген мемлекеттік қызметкер Нұржігіт Бөлекбаев та Желтоқсан көтерілісінің қатысушысы екен. Ол осы уақытқа дейін өзін тасада ұстап, енді ғана көтеріліске қатысқаны жайында айтып жүрген жайы бар.

-Біз ол кезде жас едік. Ойымызда ештеңе жоқ, алаңсыз жүрген жастар болатынбыз. Арман қуып, Алматы қаласына оқуға түсіп, қалаған мамандығыммен білім алып жаттық. Сол 1986 жылы желтоқсан айында болған көтеріліске қатысып, оқиғаның куәгері болдым. Әрине, ол күнді еске түсіру оңай емес. Дегенмен ел Тәуелсіздігін жақындатқан тарихи оқиға ұмытылмауы керек. Ол кездегі қаншама жазықсыз жастардың қаза болғаны, елге деген сүйіспеншілігі мен патриоттық сезімі насихатталуы тиіс.

Мен көтеріліске қатысып, қатты соққының астына алынып, тас қамау түрмеге де түстім. Есім кірелі-шығасылы болып жатқан кезде “бұл өте қауіпті адам” деп айтып жатқандар болды. Түрмеде ауылдағы әкемнен қорқып, аты-жөнімді өзгертіп айттым. Бірақ қалтамда барлық құжаттарым бар еді. Сол кезде қазақ полиция қызметкері маған жанашырлық танытып, тінту кезінде табылған құжатымды қайта орнына салып қойды. Көтерілісте қыздардың жігіттерге рух бергені, жігерлендіргені әлі күнге дейін есімнен шықпайды. Біздің қазақ қыздары қайсар жандар екенінің куәсі болдым, – деген Нұржігіт аға Тәуелсіздігіміздің баянды болуын тіледі.

Одан кейін желтоқсаншы Нұрбек Сарыбаев, билікөлдік Жанаркүл Жарылқапова, шақпақаталық Райкүл Әуелбекова және Гүлмира Алашбаева сөз алып, өз естеліктерімен бөлісті.

Желтоқсаншылар “Біз ол күні шерудің арты мұндай қақтығысқа ұласады деп ойламадық. Ел билігінен кемеңгер басшысы Дінмұхамед Қонаевты алып тастап, Колбинді тағайындағанын естідік. 70 жыл бодандыққа болған қазақ жұрты Лениннің “Әр ұлттың өз көсемі болуы керек” деген қағидасы бұл жолы орындалмағанына наразы болды. Не себепті, Д.Қонаевты алып тастағанын білгіміз келді. Бейбіт шеру жасап, талабымызды білдірдік. Бірақ, арты осындай қайғылы оқиға ұласты. Дегенмен, желтоқсаншы қайсар жігіттер мен қыздардың арқасында ел Тәуелсіздікке қол жеткізді. Ата-бабамыз аңсаған арманы орындалды. Енді, осы Тәуелсіздікті тұмарымыздай сақтап, келешегіміздің кемел болуы үшін жастардың бойында Отанға деген шексіз сүйіспеншілік пен партиоттық сезім жоғары болуы керек” деп игі тілектерін білдіріп, жастарға өз елінің патриоты болуға, тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетін бағалауға шақырды.

Шарада жуалылық желтоқсаншы, ақын Бауыржан Үсеновтің де аты аталмай кетпеді. Ақын өлеңдеріндегі астарлап азаттықты, тәуелсіздікті аңсағаны, жырына қосқандығы айтылды. Жуалылық ақынның “Үзеңгі дос” поэмасынан үзіндіні музей қызметкері А.Ғани, Мұхтар Шахановтың “Алаш ұландарына” өлеңін экскурсовод М.Қырықбай мәнерлеп оқып, мұзбалақ ақын Бауыржан Үсеновті еске алды.

Сонымен қатар, шарада Б.Момышұлы ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуренов сөз алып, желтоқсаншыларға бейбіт өмір үшін алғысын білдірді. Ендігі кезекте Желтоқсан көтерілісінің қатысушылары мен куәгерлеріне арнап, ауданнан тақта жасалып болмаса музей ашылуы керек деген ұсынысын білдірді.

Тағылымды әрі берері мол кездесу  Ә.Тінәлінің “Желтоқсан желі” әнімен қорытындылады. Желтоқсан желінде жастарды тоңдырған зұлмат көтерілісті бейнелеген әнді көзге жас ала отырып тыңдады.

 

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close