El іshі

Кәсіподақ қашанда еңбек адамымен бірге

«Қазақстандық салалық мәдениет,спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы” ҚБ Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Дүйсенәлі Бықыбаевпен сұхбат.

-Дүйсенәлі Дыбысалыұлы, қазір кей адамдарда кәсіподақ тек марапат беріп, шипажайларға жеңілдікпен жолдама тарататын ұйым деген түсінік қалыптасқан. Осы ретте, «кәсіподақтың алға қойған мақсат-міндеті не, атқаратын миссиясы қандай?» деген сауал туындайды.
– Иә, бұл сөзіңіздің жаны бар. Кәсіподақ ұйымы десе көп жұмыскерлер демалысқа жолдама беретін мекеме ретінде қарайды. Алайда, бұл ұйымның негізгі міндеттері мұнымен шектелмейді.Кәсіподақ – еңбек адамдарының мұң-мұқтажын, мүдделерін, еңбек құқығының бұзылмауын қадағалап, оған әлеуметтік-экономикалық қолдау көрсететін басты ұйым. «Еңбек адамына – лайықты өмір» деген қағида бұл қарапайым еңбек адамына арналған ұран емес, әрбір азаматтың өмір сүру «аксиомасы» болуы тиіс. Осы мақсатта мәдениет, спорт, туризм және ақпарат саласында болып жатқан түрлі жетістіктер мен жақсылықтарда кәсіподақ ұйымдарының қосып жатқан үлесі мол.
Кәсіподақ қоғамдық ұйым болғандықтан, ол қарапайым жұмысшылардың жанашыры десе болады. Кәсіподақ еңбек адамының мүддесін қорғаушы, еңбек қатынастарында, жұмыспен қамтылуға, жұмысқа қабылдауға және жұмыстан босатуға, жұмыс уақыты мен демалыстың ұзақтығы мен режиміне, жалақының мөлшеріне, байланысты мәселелерді шешу басты бағыты.
Кәсіподақ ұйымының жұмыс берушілермен келіссөз жүргізген кезінде әдетте ең басты назар аударатын мәселелері мыналар: еңбек жалақысы, жұмыс уақытының мөлшері; жыл сайынғы еңбек демалысы; денсаулығының жарамсыздығына немесе басқа да себеппен жұмысқа шықпай қалуы; жұмыстан босатылуы; әлеуметтік қамсыздандыру; еңбек шарттары (қауіпсіздік және т.б.).
-Өзіңіз осы ұйымды басқарған уақыттан бері қанша еңбеккердің мәселесі шешіліп, қаншасына түбегейлі нүкте қойылды?
– Мен басқарғалы, айтарлықтай еңбек даулары бола қойған жоқ. Дегенмен, жұмыс болғаннан кейін еңбек берушімен еңбеккерлердің арасында түйіткілдер болмай қоймайды. Мәдениет саласында да, спорт саласында да жалақыға байланысты, басқа да біраз мәселелер болды, бірақ оның барлығына дер кезінде және заң аясында жұмыс берушімен бірлесе отырып, шешімін тауып, жұмыс атқарып отырамыз. Кей ұжымдарда, ұжымдық шарттарда көзделген жеңілдіктерді қаражаттың жоқтығына сілтеп орындағысы келмейтін жағдайларда болып тұратыны бар, ол кезде де еңбеккерлер мен еңбек берушімен өзара түсіндірме жұмыстар жүргізіп, біртіндеп шешіп жатқан жағдайлар да бар.
– Кәсіподақ филиалы тарапынан оның мүшелеріне қандай жағдай жасалуда? Олардың заңды құқықтары қаншалықты қорғалуда?
– Кәсіподақтар жұмысына Мемлекет басшысынан бастап жергілікті атқарушы билік те әрқашан қолдау білдіріп отырады. Кәсіподақ ұйымы жергілікті билікке сүйене отырып, еңбек адамының әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысуда. Мәселен, ауылдық жерге жұмысқа келген жас мамандарға бір жолғы көмек, жеңілдетілген несие т.б. кәсіподақ ұйымының араласуымен бюджеттік мекеме мамандарына коммуналдық пәтер беру мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. Оқу гранттарының санының өсуінде де кәсіподақ ұйымының рөлін айта кету керек. Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат саласындағы жетістіктерімізбен қатар әлі де шешілмеген өзекті мәселелерге кәсіподақ ұйымы бей-жай қарай алмасы анық.
Мамандардың жетіспеушілігі, мардымсыз жалақы, түрлі еңбек даулары т.б. бүгінгі таңдағы кәсіподақ ұйымының алдында әлі шешуін таппаған өзекті мәселе. Кәсіподақ ұйымдары осы сияқты мәселелерді оңынан шешілуге т.б. сұрақтарға жауап беру үшін тынымсыз жұмыс атқаруда. Оған республикалық Кәсіподақтар федерациясы мен республикалық салалық кәсіподақтар атқарған жұмыстар айғақ, съезд материалдары, 2021-2023 жылдарына қабылданған бағдарламалары, осы кәсіподақтың жұмысын алға жүргізуге бағытталған жұмыстар. Осы бағдарлама туралы және еңбек заңнамасына енгізіліп жатқан жаңа өзгерістермен таныстыру мақсатында бастауыш кәсіподақ төрағаларының қатысуымен ағымдағы жылдың сәуір айында «Еңбек заңнамасы. Еңбек қауіпсіздігі. Еңбек қорғау» атты облыстық семинар ұйымдастырылды. Семинарда Еңбек кодексінде қарапайым қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған жаңадан енгізілген тармақшалары талқыланып, бірқатар өзекті мәселелерге жауап берілді.
Тағы бір айта кетерлігі, Еңбек кодексіне біраз өзгеріс жоспарланған. Мәдениет, спорт қызметкерлерінің жауапкершілігін, біліктілігін, көмек сапасын көтеру арқылы мәртебесін де биіктету көзделген. Бірақ, өкінішке орай, кодекстің өзі мәдениет, спорт қызметкерлерінің жағдайын жасауда әлеуметтік-экономикалық, еңбек қатынастары бойынша жеңілдіктер мен кепілдік беруді толық қамти алмайды. Сондықтан кітапханашылар мәртебесіне арнайы бөлек заң болуы керек. Сол заңда жалақы, еңбек қатынастары, әлеуметтік жағдайлары бойынша маңызды мәселелер қамтылса абзал. Мұғалімдерге байланысты «Ұстаз мәртебесі туралы» Заң қабылданды. Осыған орай «Кітапхана ісі» деген заң керек деп ойлаймын.
Барлық еңбек ұжымдары есеп беру-сайлау жиналыстарында өздерінің қалауымен қоғамдық негізде бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасын немесе төрайымын сайлайды. Жұмыстың пәрменді болуы олардың өкілеттілігіне тікелей байланысты. Сайланған адам сауатты маман болумен бірге, еңбектің құқықтық-заңнамалық негіздерін бес саусағындай меңгеруі керек. Бойларында адами қасиеттері, адамға жанашырлығы биік дәрежеде болуы тиіс. Ондай қасиеттері, еңбек ұжымында беделі болмаса, туындаған дауларды оңтайлы шеше алмайды. Қиындықтар туындайды.
Елдің барлық аймақтарында, аудандарда мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының өкілдері жұмыс жасайды. Олар жергілікті билік органдарымен бірлесе отырып, мәдениет және спорт мекемелеріндегі кез келген арыз-шағымдарды тексереді. Ақ-қарасын анықтайды. Соның нәтижесінде пайда болған дауларды ушықтырмай, келіссөздер арқылы дер кезінде шешудің жолдарын іздестіреді. Бұл жерде адами қасиет алда тұрып, қарапайым жұрттың мүддесі бірінші кезекте болуы қажет. Қоғам дамуы, нарық дәуірі бізден осыны талап етеді.
– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда «Халық бірлігі және жүйелі реформалар- ел өркендеуінің берік негізі» атты өзінің халыққа Жолдауын жариялап, еліміздің алдағы даму стратегиясын айқындап берді. Жолдауда елдің тұрақты дамуын қамтитын, барлық салаға тың серпін беретін жаңашылдық айтылып, қоғамдағы өзекті мәселелер қозғалған. Еңбек адамдары үшін өте маңызды бастамаларын, соның ішінде ең төменгі жалақыны көтеруді мәдениет, спорт салалық кәсіподақ мүшелері зор ықыласпен қабылдады.
– Кәсіподақтар қарапайым еңбек адамының жалақысын дәйекті түрде жоғарылату, оның ішінде ең төменгі жалақыны көтеру мәселесін шешуге берген ұсынысы, қолдау тауып, Мемлекет басшысы ең төменгі жалақыны 42 500 теңгеден 2022 жылдың 1 қаңтарынан 60 000 теңгеге дейін ұлғайтуды тапсырды. Соның ішінде, мәдениет, спорт қызметкерлерінің жалақысының 2022 жылдан бастап 2025 жылға дейін жыл сайын 20% көтерілгендігін «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалына қарасты еңбек ұжымдары мен бастауыш кәсіподақтар ризашылығын білдіріп отыр. Сонымен қатар, Жолдауда ауылдық жерлердегі бұқаралық спортты дамыту, заманауи үлгідегі инфрақұрылымдарын жетілдіріп, спорттық нысандар салынуы сияқты қордаланған түйінді мәселелердің де шешілетіндігі спортшылардың қанағаттанушылығын туғызып отыр.
Жалпы, еңбек адамдарының әлеуметтік мәселелерін шешуде кәсіподақтың рөлі жоғары. Кеңес өкіметі кезінде кәсіподақсыз ешбір мәселенің түйіні шешілмейтін еді. Бірақ кейінгі уақытта кәсіподақ деңгейінің төмендеп кеткені рас. Соның салдарынан бүгінде тіпті кәсіподақтың не екенін де білмейтіндер көп. Дегенмен оның имиджін көтеруді алға қойып, жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Нәтижесінде бұл ұйым қайтадан жанданып келеді. Болашағы да зор деуге болады.
Кәсіподақтың негізгі үш міндеттемесі бар. Кәсіподақты біреу құрып бермейді. Қызметкерлер өздерінің мүдделерін қорғау үшін құрады. Қандай мүдде дегенде, осы үш міндеттеме еске түседі. Біріншісі, жалақы мәселесі мен қосымша төлемақылар. Ол лайықты түрде жоғары деңгейде болу керек. Қызметкерлер атсалысып, күш-жігерлерін салуы қажет. Екіншісі, еңбек қатынасындағы құқықтарды сақтау. Басшы келіп: «Маған ұнамайсың» деп жұмыстан шығарып тастауына жол бермеу керек. Біреулер жазаланып жатады, қысқартуларға ұшырайды. Осындай кезде көмекке кәсіподақ келуі тиіс. Үшіншісі, еңбек қауіпсіздігі, яғни жұмыс орнының қауіпсіз болуы.
Кәсіподақтар өзінің қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасы және халықаралық актілер мен келісімдерде бекітілген өзге де заң нормалары аясында, өздері қабылдаған жарғыларға сәйкес, мемлекет органдар мен саяси, қоғамдық ұйымдардан тәуелсіз жағдайда жүзеге асырады.
-Жақсылық жасау – имандылықтың, тәрбиеліліктің, парасаттылықтың айқын көрінісі. «Не берсең де балаға бер, бала үшін жаса» деген халқымыздың игі дәстүрінің төркіні де осыдан шықса керек. Бұл ретте кәсіподақ филиалы нендей шаралар атқаруда?
– «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ-нің Жамбыл облыстық филиалы салаға қарасты 200-ге жуық көпбалалы отбасылар мен жас отбасыларға, жалғыз басты аналарға азық-түлік себеттерін жасақтап, табыстады.
Кәсіподақ мүшелерінің денсаулығын түзету мақсатында санаторийлармен келісім-шартымыз бар, жүйелі түрде ем алушыларды жіберіп отырамыз. Осы күнге дейін 30-ға жуық адам ем алып, қайтты.
Жаңарған Түркістанға 135 кәсіподақ мүшелерінің барып-қайтуы ұйымдастырылды.
Кәсіподақ мүшелерінің жазғы демалыстарын тиімді пайдалану мақсатында Ыстықкөл, Алакөл демалыс орындарына өткізу ұйымдастырылды, бұл кәсіподақ ұйымдарының өзара ынтымақтастығын нығайта түсетініне және жақсы көңіл-күймен жұмысқа оралуына ықпал жасайды.
Жамбыл облыстық филиал тарапынан кәсіподақ мүшелерінің кәсіптік мерекелеріне орай, ерекше еңбек етіп жүрген белсенділер кәсіподақ атынан марапатталып, көңіл бөлініп отырады.
Кәсіподақ мүшелігін ұлғайту да – филиалдың мақсатты жұмысының бірі. Биыл жаңадан тоғыз кәсіподақ ұйымы құрылып, 205 кәсіподақ мүшесі қатарымызға қосылды.
Ақпарат қызметкерлері күніне орай ақпарат саласының бірқатар белсенді кәсіподақ көшбасшылары марапатталып, филиал атынан сыйақы табысталды. Осы мереке қарсаңында филиалдың қатарына жаңадан кәсіподақ мүшелігіне кірген «Баспасөз үйі» Өңірлік коммуникациялар қызметі коммуналдық мемлекеттік мекемесіне салтанатты түрде кәсіподақ билеттері табыс етілді.
Жамбыл облыстық кәсіподақ филиалы көп жылдар бойы екі әлеуметтік серіктеспен жұмыс жасап келді. Әлеуметтік әріптестікті дамыту және нығайту барысында 2020 жылдың соңында Жамбыл облысы әкімдігінің Туризм басқармасымен әлеуметтік серіктес ретінде меморандумға қол қойылып, кәсіподақ мүшелігіне өтті. Қазіргі кезде Жамбыл облыстық филиалы үш серіктеспен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап отыр.
-Кәсіподақтар күніне орай жылда мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Ал биыл олар несімен ерекшеленеді?
– Қазақстан кәсіподақтары күні 10 қазанда аталып өтеді. Бұл туралы ел Үкіметінің 2019 жылғы 22 мамырдағы № 303 қаулысы нормативтік-құқықтық актілердің ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған.
Бұл күні міндетті түрде салтанатты жиын өтіп, кәсіподақ белсенділердің жұмысы аталып өтеді. Саладағы кәсіподақ төрағалары қоғамдық негізде атқарады.Сондықтан жылына бір рет келетін кәсіподақтардың төл мерекесінде оларға аздап болсада қолдау көрсетіп отырамыз. Биыл естелік сыйлықтар алып, тапсырсақ деген ойымыз бар.
Сонымен қатар, нарық заманында кәсіподақтың маңызын арттырып, кәсіподақ жұмысын жан-жақты насихаттап, еңбекші қауымға кеңінен таныту, жұмыс берушілер мен кәсіподақ ұйымдарының жауапкершілігін арттырып, оның дамуы мен нығаюына жол ашу мақсатында «Кәсіподақ еңбек адамымен бірге» атты облыстық конкурс төрт номинация бойынша «Үздік очерк», «Үздік инсценировка», «Жамбыл: кеше, бүгін» және «Жаны саудың – тәні сау» бейнероликтер жариялаған болатынбыз.
Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясы 2021 жыл – Бастауыш кәсіподақ жылы деп белгілеп,«30 Еңбек елшісі» және «Халық бюджеті» жобаларын жариялады.
«30 Еңбек елшісі» республикалық жобасына республика бойынша 196 өтінім білдірген үміткерлердің ішінен жерлесіміз, біздің саланың кәсіподақ мүшесі «Жамбыл-Тараз» қалалық қоғамдық-саяси газетінің жас тілшісі Кирилл Бердецкий озып шығып, 30 жеңімпаздың қатарына ілікті.
Мереке қарсаңында ҚР Кәсіподақтар федерациясы «Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің ұйымдастыруымен алқалы жиын өтті.Облыстық филиал тарапынанда салтанатты жиын ұйымдастырылып, республикалық, облыстық жобаларға қатысқан жастарымыз өздеріне тиісті марапаттарын алатын болады.
Мекемелердегі кәсіподақ ұйымының жұмысы негізінен қоғамдық негізде атқарылады. Дегенмен, қазіргі кезде үлкен ауқымды шаралар атқарылып, қоғамның жұмысы біртіндеп жолға қойылып келеді.Алдағы уақытта да қарапайым халықтың мүддесін қорғау біздің басты міндетіміз болғандықтан, осы бағытта жұмысымызды жалғастыра беретін боламыз. Тәуелсіз мемелекетіміз өсіп-өркендеп, халқымыздың әл-ауқаты жақсара берсін, еліміз тыныш, халқымыз аман, әрбір күніміз шуақты болсын деген тілек айтқым келеді.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбатты жүргізген
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close