El іshі

Ауылдан жеткен ақпарат

Боралдай
Ауылдық округ әкімі аппаратының ұйымдастыруымен және «Дүйсебаев» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Кемал Дүйсебаевтың демеушілік жасауымен аз қамтылған бес отбасыға ұн таратылды.
Қарасаз
Ауылдық округте көктемгі дала жұмыстары қызу жүріп, нәтижесінде 1335 гектарға күздік бидай, 3071 гектарға арпа, 3226 гектарға мақсары, 5 гектарға қытай бұршағы, 10 гектарға күнбағыс, 120 гектарға картоп, 31 гектарға көкөніс өнімдері, 12 гектарға дәндік жүгері және 25 гектарға сүрлемдік жүгері егілсе, 317 гектарға таза жоңышқа себілді.
Қызыларық
Дән сіңіруге мамыр айында жауған жаңбыр біршама кедергі болса да, көктемгі дала жұмыстары уақтылы аяқталды. Ауылдық округте жоспарланған 6127 гектарға дәнді дақылдар түгел егілді. 612 гектар алқапты бидай дақылы алды. Майлы дақылдар 1725 гектар жерге егілді. Округтегі шаруалар жанар-жағармаймен жеткілікті көлемде уақтылы қамтамасыз етілді.
Шақпақата
Айлардың сұлтаны саналатын қасиетті Рамазан айында Шақпақата ауылы мен Ынтымақ ауылының 1977 жылы туған азаматтары мен азаматшалары округ бойынша 13 отбасын аралап, қайырымдылық шарасын өткізді. Аз қамтамасыз етілген және асыраушысынан айырылған, көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі балалары бар, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға азық-түлік пен күнделікті тұтыну заттарын үлестірді.
Сонымен қатар, көпшіліктің сұранысы бойынша ауылдық округ әкімі аппаратының бюджетінен бөлінген қаражатқа Ынтымақ ауылына кіреберіс қақпа орнатылды.

Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close