El іshі

Халық сөздің емес, істің адамын таңдауы тиіс

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, биыл саяси науқан – ауыл әкімдерінің сайлауы бұрынғыдан басқаша өрбімек. Басты ерекшелігі, халық әкімді тікелей өздері сайлайтынында болып отыр. Бұрынғы сайлауда әкімдердің кандидатуралары жергілікті қауымдастықтар жиналысында талқыланып, аудан әкімінің ұсынуы негізінде депутаттар сайлайтын. Яғни, дауыс беруге мәслихат депутаттары ғана қатысатын. Қазір барлық тұрғын заңға сәйкес дауыс беруге құқылы. Осы орайда саяси науқан туралы әр ауыл тұрғынының пікірін білген едік.Нұрпатша Қазақбаева, Қарасаз ауылдық округінің тұрғыны.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізудің қажеттігін айтқанын отбасымызбен бірге ерекше ден қойып тыңдаған болатынбыз. Сайлау қоғамды демократияландырудың маңызды институты, халықтың ерік білдіруінің көрінісі, оның мемлекеттік басқаруға қатысуының негізгі нысанының бірі болып табылады. Менің ойымша, тікелей сайлау кезінде жергілікті атқарушы органның басшысы, яғни әкім өз сайлаушылары алдындағы жауапкершілікті терең сезінетін болады және бұл оның жұмысына оң әсерін тигізеді.
Құдайберген Оңғарбайұлы, Мыңбұлақ ауылдық округі, Талапты ауылының тұрғыны.
-«Әкім бол, халқыңа жақын бол» деп тектен-тек айтпаған ғой, қазақ. Ауыл -аймақты өркендету үшін сайланған әкім қашанда халықпен бірге, тығыз байланыста болуы керек. Сонымен бірге, осы азамтты ауыл әкімі етіп сайладық, болды барлық жауапкершілік соның мойнында, деу де қате пікір. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» дегендей, бір атаның балаларындай ел болып, халық болып саяси науқанға атсалысып, қолдау білдіргеніміз абзал. Ауылымыздың ажары ашылып, сәні келіссін десек таңдауды дұрыс жасаған жөн.
Бану Медербаева, Нұрлыкент ауылдық округінің тұрғыны.
-Ағымдағы жылдың 25-ші шілдесінен бастап еліміздің барлық аймақтарында мерзімі жеткен ауыл округінің әкімдерін сайлау науқаны басталады. Жалпы ауыл әкімін халық сайлайды деген саясатқа оң көзбен қараймын. Неге? Себебі, ауыл әкімін халық өз арасынан, сыры халыққа мәлім, сол ауылдың мұң-мұқтажын жақсы білетін, сол ауылда туып-өскен азаматты сайласа, нұр үстіне нұр болмақ. Ауылдың әр тасын қадірлей білетін, бойында патриоттық сезімі басым азаматты халық жазбай танып, өз араларынан таңдап шығаратын болса, ауылдың мәртебесі көтеріліп, көркейе түспек.
Азамат Жолдасбеков, Қызыларық ауылдық округінің тұрғыны.
-Ауылдық округтің қазіргі проблемалары, міндеттері мен оларды шешу жолдарын басты орынға қоятын сайлауға түсіп жатқан үміткер – ауыл әкімі болуға лайықты. Бүгінде барлық үміткер халықпен тығыз байланыс орнатып, кездесіп, мұң-мұқтаждарын тыңдап, сайлауалды бағдарламаларын халыққа түсіндіру үстінде. Сайлаудан кейін халықтың үмітін ақтаймын деген жаңа сайланған әкімдердің жауапкершілігі бұрыннан да арта түседі деген сенімдемін. Бірақ халық сөздің емес, істің адамын таңдауы тиіс деген ойдамын.

Мақпал Саматқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close