El іshі
Төл басылымға қолдау білдіргендерге мың алғыс!
Құрметті оқырман! Жылдың екінші жартыжылдығына газет-журналдарға жазылу науқаны аяқталды. Аудандық “Jana omir-Новая жизнь” қоғамдық-саяси газеті жылдың І жартыжылдығында 2648 данамен шықса, ІІ жартыжылдығында 2561 данамен шыққалы отыр. Аудандық пошта байланыс торабының жауапты мамандарының айтуынша, дер кезінде жазылып үлгермеген оқырмандарымыз жылдың қалған бес айына жазылып, тамыз айынан бастап алатын болады.
Биыл өкінішке орай, барлық басылымдардың таралымы жылдағыдан аз болып отыр. Бұл газет-журналдарға жазылуға, оқуға ниетті жандардың жылдан-жылға азайып бара жатқанын білдірсе керек.
Байқасақ, қазір халықтың басым бөлігі рухани байлыққа емес, материалдық байлыққа, түрлі ойын-сауыққа көп көңіл бөледі. Олай деген себебім, материалдық дүниелерді айтпағанның өзінде күнделікті көріп жүргеніміздей, кафеге, түрлі ойын-сауықтарға, ішімдікке, сұлулық салондарға еш ойланбастан көп қаражат жұмсайтындар көп. Ал, өзінің рухани тұрғыдан дамуына көңіл бөлетіндер аз. Газет-журналды керексіз дүние деп есептейтіндердің де қатары көбейді.
Еңселі, рухы мықты ел боламыз десек, газет-журналды, кітапты отбасылық қажеттілік деп есептеп, оған да қаржы бөлуді, жазылып қана қоймай, оқуды әдетке айналдыру керек. Балалардың жасына қарай қажетті басылымдарға жазылып, оны оқуын қадағалау қажет. Себебі, қазіргі жастар үшін өз ойын қағаз бетіне сауатты түсіру қиын. Мәселен, жақында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жастар арасында “Тәуелсіздік – тұмарым!” атты шығармашылық байқау ұйымдастырдық. Проза номинациясы бойынша түскен еңбектердің ішінен іліп аларлық дүние табу қиын болды. Барлығы интернеттен көшірілген, сөйлемдер бір-бірімен байланыспайды және қатесі өте көп. Өз еңбегімен, үлкен ізденіспен жазылған дүние жоқтың қасы. Сондықтан бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайды.
Жақында Whatsapp желісіндегі “Жуалы жаңалықтары” деген топта біреулер аудандық газетте сыни, проблемалық мақалалар жарияланбайды деген сын айтты. Ондай жандарға айтарымыз, көрер көз, естір құлақ болса, газет бетінде жыл басынан бері 20-ға жуық сыни, проблемалық мақалалар жарық көрді. Олар интернет, ауызсу, ағын су, жол мәселесі, Бауыржан Момышұлы ауылындағы “Мәңгілік ел” саябағының бүгінгі жағдайы, шөп бағасы, жанар-жағармай бағасы, баға саясаты жайлы, тағы да басқа маңызды мәселелер және Зиябек Толымбаев көшесінің тұрғындарының жанайқайы жайлы мақалалар. Біздің мақсатымыз – тұрғындардың талап-тілегін газет бетінде жариялай отырып, тұрғындардың тілегінің орындалуына қарлығаштың қанатымен су сепкендей тамшыдай болса да үлес қосу. Ал, көтерілген мәселелердің нәтижелі болуы ол аудан басшылығына, яғни, тиісті мекеме басшылары мен ауылдық округ әкімдерінің жауапкершілігіне тікелей байланысты. Бұл мәселе туралы алдағы уақытта арнайы мақала жазылатын болады.
Жалпы редакцияға ұсынысымен, өтінішімен, мәселесімен келген ешбір жан ешқандай көмексіз кері қайтарылған емес. Қайтарылуға тиіс те емес. Себебі, газет – халықтың мінбері. Сондықтан газет бетінде орынды сын, проблема міндетті түрде жарияланады. Қажет жағдайда журналистік зерттеу жасалады. Алайда аудандық басылым, киелі қара шаңырақ сары басылым емес, көшеден естіген, көргеннің бәрін көз жеткізбей жаза бермейді. Алайда дәлелді дүниелер, халықтың мұң-мұқтажы міндетті түрде жарияланады.
Жазылым мәселесіне қайта оралар болсам, жазылымның жүруіне өз көмегін тигізген, басшылар мен жекелеген жандарға үлкен алғысымызды білдіреміз.
Осы орайда, ең бірінші Нұрлыкент ауылдық округінің әкімі Нұржігіт Бөлекбаев пен ауыл тұрғыны, аудандық жұмыспен қамту орталығының ассистенті Роза Қартбаеваға ерекше алғысымызды білдіреміз. Аталған ауылдық округ берілген жоспарды артығымен орындап отыр. Яғни, ауылдық округ тұрғындары осы азаматтардың және аудандық пошта бөлімшесінің қызметкерінің ұйытқы болуымен 250 дананың орнына 299 дана газетке жазылды.
Келесі кезекте Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Көбейсін Хайралапов, Б.Момышұлы ауылының әкімі Марат Қасымбеков, Қарасаз ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Жанар Нұрмұратқызына газет ұжымының атынан алғысымызды білдіреміз. Сонымен бірге жазылымға атсалысқан Ақтөбе ауылдық округінен Ғафура Рахманбердиева мен Альмира Алшымбаеваға, Б.Момышұлы ауылынан Перуза Канарбаева, Мыңбұлақ ауылдық округінен Әсел Абжановаға ризашылығымызды жеткіземіз.
Ауылдық округтерден Қошқарата және Көкбастау ауылдық округтері ең төмен көрсеткішті көрсетіп отыр. Яғни, он данадан ғана жазылған. Бұл – аталған ауылдық округ тұрғындары газет-журнал оқымайды деген сөз емес, бұл – ауылдық округтегі жауапты мамандар тарапынан жүйелі жұмыстың жоқтығын білдіреді.
Ал, мекеме, бөлімдерден аудандық әкімшілік, мәслихат, аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, мәдениет бөлімі, мәдениет үйі, аудандық пошта байланыс торабы, аудандық аурухана, емхана, Жуалы су, Жуалы колледжі, Педагогикалық психологиялық түзету кабинеті, ХҚКО жоспарды едәуір артығымен орындаған. Жоспарды артығымен орындаған және толығымен орындаған барлық мекемелерге аудандық басылымға деген қолдаулары үшін алғысымызды білдіреміз.
Құрметті оқырман, біз Сіздермен біргеміз! Сіздерден ауылдарымыздың, жалпы ауданымыздың дамуы бағытындағы, халқымыздың рухани өсуіне, жас ұрпақ тәрбиесіне септігін тигізер дүниелеріңіз, ұсыныс, тілектеріңіз, мәселелеріңіз болса, редакцияға жолдауларыңызды сұранамыз.
Аудандық басылым алдағы уақытта да қасиетті өлкеміздің экономикалық дамуына, тұрғындардың рухани кемелденуіне үлкен жауапкершілікпен өз үлесін қоса беретін болады.