El іshі

Ботулизмнің алдын алу

Ботулизм – (аллантиазис, ихтиизм) – ботулотоксиннің әсерінен дамитын, сопақша ми және жұлынның зақымдануымен сипатталатын жедел токсико-инфекциялық ауру. Барлық елдердегідей, Қазақстанда да ботулизммен ауыратындардың басым көпшілігі (89%) үйде дайындалатын тағам өнімдерін (маринадталған саңырауқұлақтар, көкөніс консервілері, үйде дайындалған балықтар т.б) пайдалануымен байланысты.
Адамдар үй жағдайында консервiлеу кезiнде көкөнiстер мен жемiстердi өңдеу ережелерiн және сақтану шараларын сақтамаған жағдайда сапасыз өнiмге тап болатынын естен шығармағаны жөн. Ол жайға бүлiну, бомбаж, көгеру, ашытылу, қақпағының томпаюы сияқты көзге көрiнетiн бұзылыстар жатады. Осы жайттар кездескен конвервілерді тағамдық мақсатта қолданбаса, уланудың алдын алуға болады.
Бiрақ, ботулизм сияқты ауыр және қауiптi тағамнан улану сырт келбетi, дәмi өзгермеген әдеттегiдей тағамды қолданғаннан болуы мүмкiн. Оның алдын алу үшiн ботулизм деген не, ол қайдан пайда болады және одан қалай сақтану керектiгiн анықтап алайық.
Ботулизм – өте ауыр ауру, көп жағдайда нәтижесi өлiмге әкеп соқтырады. Қоздырғышы – ботулинус таяқшаларын бөлетiн токсин. Бұл микроб табиғатта кең таралған және консервiге шикiзат дұрыс жуылмағанда, топырақ арқылы немесе сапасыз су арқылы түсуi мүмкiн. Микроб консервiге тағы мынадай себептермен түсуi мүмкiн: сапасыз шикiзат өңделсе, стерилизациялау тәртiбi сақталмаған жағдайда немесе дұрыс жуылмаған ыдыс-аяқ пен жабдықтар қолданылған жағдайда. Ботулизмнiң қоздырғыш микробтары – анаэробтар (олар тек оттегiсiз ортада өмiр сүре алады) болып табылады. Ал жабық консервiленген банкiлерде оттегi жоқ. Осы жағдайда микробтар уыт (токсин) түзедi. Үй жағдайында жасалған консервiлер көбiнесе сырт келбетiн, иiсiн, дәмiн де өзгертпейдi, сол себептi олардың сапасына деген күмән тумайды. (Бiрақ қақпағының томпаюы өнiмнiң сапасыздығының көрiнiсi болуы мүмкiн).
Ауру көрiнiстерi сапасыз өнiмдi тұтынғаннан кейiн бiрнеше сағатта, көбiне 2-3 күннен кейiн көрiне бастайды. Бастапқы көрiнiстерi – бас ауруы, ауыздың құрғауы, әлсiздiк. Қызбаның, құсудың, iш өтудiң болмауымен ерекшеленедi. Кейiннен көру қызметiнiң бұзылыстары, көзге қос көрiну («көз алдында торлар», «тұман»), кейде қылилану, көздiң қарашықтарының үлкеюi байқалады. Науқастың ауызы құрғап кетедi, дауысы қырылдап өзгередi, жұту, демалуы қиындайды, қан қысымы төмендейдi. Ботулизмнiң алғашқы көрiнiстерiнен-ақ тез арада ботулинге қарсы сарысу енгiзу үшiн дәрiгердi немесе жедел жәрдемдi шақыру керек, себебi науқастың тыныс алуының тоқтау қаупi бар.
Ботулизмнiң негiзгi алдын алу шаралары қоздырғыштың шикiзатқа түсуiнен қорғауға, дұрыс жылу мен өңдеуге (стерилизация), дайын консервiленген өнiмде қоздырғыштың көбеюi мен уыт бөлуiне ескертуге бағытталу керек.
Айқын бұзылыс көрiнiстерi бар банкiдегi сұйықтың лайлануы, қақпағының томпаюы, қақпағын ашқан кезде өнiмнiң бетiнiң аққара көгеру көрiнiстерi бар консервiлердi тағамдық мақсатта қолдануға болмайды.
Үй жағдайында ет, балық, саңырауқұлақ герметикалық жабық банкаларда консервiлеуге болмайды.
Консервiлеуге арналған ыдыс пен өнiмдердi батпақ пен шаңнан мұқият тазалау, үй консервiлерiн төмен температурада сақтау қажет.
Тұз, қант және қышқылдың рецепте ұсынылған дәрежелерiн қолдану, олар токсиннiң жиналуына қарсы әсер етедi.
Үй жағдайында дайындалған консервiленген өнiмдердi қолданар алдында бөлек ыдысқа салып, 15-20 минут қайнатып, кейiн суытып қолданған жөн. Қайта қайнату кезiнде токсин бұзылады, бұл ботулизмнiң алдын алудың негiзгi шарасы болып табылады.
Үй консервiлерiн және қолдан жасалған ет, балық өнiмдерiн даладан, базардан сатып алуда абай болу керек.
Алдын алу шараларын есте сақтаңыздар, сiзде бар ең қымбат нәрсе – денсаулықты тәуекелге салмау. Ботулизмнiң бiрiншi көрiнiстерi пайда болғаннан тез арада дәрігерге көрініңіз, себебi тек уақтылы спецификалық медициналық көмек қана Сiздiң денсаулығыңыз бен өмiрiңiздi сақтап қалады!

Райхан Исаханова,
аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау
басқармасының бас маманы

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close