El іshі
Әр гектардан 30 тоннадан өнім жиналуда
Жуалы ауданында өндірілген қырыққабат Түркістан облысында саудаланады
Қазіргі таңда азық-түлік қауіпсіздігі мен жемшөп дайындау мәселесі өзекті болып отырғаны жасырын емес. Кейінгі жылдардың бедерінде азық-түлік бағасының тым шарықтап кеткенін әрбір тұрғын жақсы білсе керек. Нарықтың қатал заңын ескерсек, жыл өткен сайын бағаның өскені анық байқалып отыр. Енді, қайтпек керек? Қамсыз отыра беретін болсақ, қай мәселеде де қапы қалатынымыз анық. Сондықтан, мұндай стратегиялық маңызды мәселеге бей-жай қарауға болмайтынын және оны мемлекет деңгейінде қолға алу қажеттігін ұғынатын уақыт жеткен сияқты.
Жалпы азық-түлік пен жемшөп мәселесін оңтайлы шешуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өңірлерде қолға алынып жатқан «Қарапайым заттар экономикасы», «Тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсарту», «Алқаптан сөреге дейін» деп аталатын пилоттық жобалардың тиімділігін атап өтуіміз қажет сияқты. Әулиеата өңірінде «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы аясында сәтті жүзеге асырылып жатқан жұмыстар облыс халқының елеулі бөлігін жұмыспен қамтуға және кәсіпті болуына жағдай жасағаны анық. Облысымыздың басқа аудандарын айтпағанның өзінде, Жуалы ауданына қарасты Ақтөбе ауылдық округінде қолға алынған пилоттық жоба сәтті жүзеге асырылып, биыл бұл жоба Ақсай ауылдық округінде жалғасады деп күтілуде.
Қандай да бір пилоттық жобаларға қатыспай-ақ, экологиялық тұрғыдан сапалы азық-түлік өндіру ісіне белсене атсалысып жүрген отбасылардың қатарында Өтеновтар әулеті де бар. Жалпы бұл әулет Нұрлыкент ауылына көшіп келгелі бергі уақытта негізінен диқаншылықты кәсіп көзіне айналдырып келеді. Бұл ең алдымен еңбексүйгіштіктің арқасы әрине. Кәсіптің түбі нәсіп деп білетін олар ерте көктемнен бастап үй іргесіндегі 10-15 соттық жерлеріне қырыққабат, қызанақ, ащы бұрыш, тәтті бұрыш, баклажан, пияз, болгар бұрышы, тағы басқа көкөністердің көшетін егіп, баптаумен айналысады. Әулеттің ортаншы ұлы Мұзаффар ағаның айтуынша, жыл сайын үй іргесінде 600-700 мың данаға дейін көшет дайындалып, оны ауыл тұрғындарына, қала берді, аудан орталығындағы сауда орындарына апарып саудалайды екен.
Одан бөлек, ағайынды азаматтар ой мен күш біріктіру арқылы Б.Момышұлы ауылының маңынан («Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автожолының бойы) 10 гектардай жерді жалға алып, оған қырыққабат, картоп, қызанақтың бірнеше түрін егумен айналысады. Ала жаздай еңбектеніп, өндірген өнімдерін аудан, облыс орталықтарына апарып саудалайды. Кейде алымсақтар қырыққабатты алқап басынан жүк көліктерімен өздері келіп алып кетеді. Әрине, бұл үлкен еңбек. Өтеновтар отбасы бұл тірлікпен 10-15 жылдан бері тұрақты айналысып келеді екен.
Ағайынды Өтеновтар жеке шаруашылықтан жалға алған 10 гектар алқапқа жыл сайын негізінен қырыққабат егеді. Атап айтқанда, «Ринда», «Бухарест», «Заказ» сұрыптары осында жерсіндірілген. Оның ішінде қырыққабаттың басқа сұрыптарына қарағанда,«Ринда» тұқымының ерте өнім беретінін айтады олар. Қырыққабаттың бұл түрі негізінен еліміздің бірқатар өңірлеріне жөнелтіледі. Мысалы, Жуалының құнарлы топырағы мен салқын самалды ауа райы жағдайында пісіп-жетілген қырыққабаттың осы түріне өз облысымызбен қатар, Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау, Қостанай облыстары қызығушылық танытуда. Ал «Бухарест», «Заказ» сұрыптары тамыз айының орта тұсында өнім бере бастайды.
Бау-бақша дақылдарының ішінде қырыққабат суды көп қажет ететіні белгілі. Ойдағыдай өнім алу үшін күнделікті күтіммен қатар, оғанмол су қажет. Ала жаздай алқапты баптаған диқандар суғару маусымы барысында су тапшылығымен де бірнеше мәрте бетпе-бет келгендерін айтады.
-Ағын су мәселесімен жыл сайын бетпе-бет келетініміз рас. Бұл енді жалғыз бізде ғана емес, барлық диқандар қауымына тән проблема деп айтуға болады. Дегенмен, аудандағы «Ақсай» су шаруашылығының білікті мамандары Манас, Сейітхан есімді азаматтар ағынсуды уақтылы жіберіп тұрды. Біздің тарапымыздан да су шаруашылығы мекемесіне ағын судың тиісті төлемақысы уақтылы төленіп тұрады. Алқаптағы қырыққабатқа минералды тыңайтқыш беруді де ұмытпай, оны ағын сумен бірге ендірген болатынбыз. Енді міне, пісіп жетілген қырыққабатты жинаудамыз. Бір айта кетерлігі, алқапқа қырыққабаттың үш түрі егілген. Оның ішінде ең алғаш өнім беретіні – «Ринда» сұрыптысы. Бұл тұқым егілген күннен бастап 70 күннің ішінде толық пісіп жетіледі. Биылғы өнім жаман емес. Әр гектардан 30 тоннадан өнім жиналуда. Жердің ырысты болуы ең алдымен өзімізге байланысты. Жаз бойы бел жазбай еңбек еттік, енді соның нәтижесін көрудеміз,- дейді алқаптағы жұмыстарға басшылық жасап жүрген диқан Мұзаффар Өтенов.
Алқап басындағы жұмыстарға Мұзаффар аға басшылық жасап жүргенімен, қандай шаруа болсын, өзі де қарап тұрмай кірісіп кетеді. Біз мұның алдында жазғы суғару маусымының барысы туралы мақала дайындау мақсатымен алқап басына барғанымызда, ол кісі қырыққабатқа су салу үшін әрбір жүйекке тыңайтқыш шашып жүр екен. Ал күйеубаласы Бекбол егілген өнімді дәрілеу үстінде. Сонда құрт-құмырсқа, басқа да бақша зиянкестері жоламайды дейді олар.
Ал Мұзаффардың інісі Мүсілім Өтенов жаз бойы мұнда сушы қызметін атқарды. Диқандар «Ақсай» су шаруашылығы мекемесімен келісімшартқа тұрып, тиісті мөлшердегі суын алып отыр. Оған төленетін ақысы да қомақты. Сондықтан алқап басына әупіріммен жеткізілген ағын суды келген мезетте уақтылы пайдалану үшін тәжірибелі сушы күндіз-түні алқаптың басында болып, алқапты уақтылы суландырып отырды. Соның нәтижесінде болар, алқаптан жиналып жатқан қырыққабаттың әрбір данасының салмағы екі, екі жарым келіден асып жығылады. Диқандар өнімнің өткерілу бағасының да жүйелі екенін айтады.
Өнімді сатып алып жатқан түркістандық саудагерлер Жуалының салқын самалды ауа райында және құнарлы топырағында өніп, пісіп жетілген қырыққабаттың басқаларға қарағанда, өте дәмді әрі ұзақ сақталатынын айтады. Айта кету керек, дайын өнім алқап басынан Түркістан облысының және Тараз қаласындағы ірі сауда орындарына сатылымға шығарылу үшін жүк көліктерімен сонда жөнелтілуде.
«Баптай білсең, жер жомарт» деген рас-ау. Жерге маңдай термен қоса, мейірімін төгіп қарап жатқан Өтеновтар әулетінің өнімді тірлігімен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өткен аптада ауданға жасаған сапары барысында арнайы танысқан болатын. Диқан Мұзаффар Өтенов өңір басшысының өзіне жақсы ықылас танытып, атқарып жатқан жұмыстарына ризашылығын білдіргенін бізге мақтаныш сезіммен айтып, өнім көлемін ұлғайту үшін алдағы уақытта да аянбай еңбек ете беретінін жеткізді.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»