El іshі

Елге үлгілі Есдәулетовтер жанұясы

Отбасы – мемлекеттің негізгі буыны. Отбасы – болашақ ұрпақ бойына адамзаттық құндылықтарды және ұлттық байлықты сіңіретін тәрбие ошағы.
Отбасы – адамзат бесігін тербеткен түпқазығы, алтын ұясы. Сондықтан біз әрдайым ортамыздағы өсіп-өнген, өнегелі ұрпақ тәрбиелеп отырған үлгілі отбасыларды насихаттауды мақсат етеміз.

Біз бүгін Көлбастау ауылының тұрғыны, он ұл-қызды өмірге әкеліп, тәрбиелеп, келін түсіріп, қыздарын ұзатып, олардан 21 немере, 34 шөбере сүйіп, бүгінде отбасының қазыналы қариясы, ұйытқысы болып отырған алтын алқалы ана Мария Ережепқызы жайлы әңгімелемекпіз.
Мария Есдәулетова 1942 жылы Бауыржан Момышұлы ауылында өмірге келген. Әкесі Ережеп Әлібаев ұзақ жыл Түлкібас ауданында теміржолда жұмыс істеген, тыл ардагері болған екен. Анасы Жібек төрт баланы дүниеге әкеліп, Мария апа бірінші сыныпты аяқтаған шақта өмірден өткен екен.
-Өмірде анадан айырылған жаман.Мен өзім анамнан ерте айырылдым. Үйде ағам және өзімнен кейін екі сіңлім бар. Ағам қайтыс болған. Қазіргі таңда бір әулеттен үш қыз ғана қалдық. Мен аудан орталығындағы бұрынғы Г.Орджоникидзе атындағы мектеп-гимназияға бардым. Сабақ үлгерімім жақсы болатын. Сол кезде анам марқұм: «Сен мектепті жақсы үлгеріммен бітірсең, оқуға түсіремін» деп айтатын. Мектептің 9 сыныбын аяқтаған тұста қазіргі жолдасым Әлімбек Есдәулетов алып қашып кетті. Бұйрық солай болды.
Мен осылайша 1958 жылы Есдәулетовтер отбасына келін болып түстім. Келген жерім қарапайым отбасы еді. Қайын атам соғысқа кетіп, сол жақта қайтыс болған екен. Енем көрегенді, жақсы адам болған. Енем әртүрлі жұмыстарды істеген. Ол өте еңбекқор болатын. Сол еңбектің арқасында тұрмысымыз жақсы болды, ештеңеден тарыққан жоқпыз. Ата-енемді әрдайым құрмет тұтамын.
Жолдасым үйде жалғыз перзент. Өзім өмірге он перзент әкелдім. Марқұм енем солардың барлығын көріп, бағып, маған көмектесетін. Ең кенже балам екі жасқа келгенде енем өмірден өтті. Өмірге әкелген он перзенттің бесеуін жерге бердім. Бұл да құдайдың жазғаны шығар деп өз-өзімді басамын. Өздері болмаса да арттарында көздерін тастап кетті.
Балаларды кішкентайынан еңбекке баулып, тазалыққа үйреттік. Балаларымыз қыздың жұмысы, ұлдың жұмысы демей барлығын істей беретін. Әлі де солай. Қазір немерелерім де тазалыққа, еңбекке берілген.
Өзім 1992 жылы зейнетке шықтым. Зейнетке дейін түрлі салада жұмыс істедім. «Роза» деп аталатын шаруа қожалығын құрып, көп жыл бойы сол қожалықтың басшысы болдым.
Ал жолдасым ұзақ жылдар теміржолда жұмыс істеді. Тыл ардагері. Қазіргі таңда бейнетінің зейнетін көріп отыр.
Жолдасымның қолынан барлық іс келеді. Құрылыс жұмыстары, электр сымдарын жөндеу сияқты жұмыстарды балаларын жанына ертіп алып барлығын өзі істейді. Біле білгенге, бұл да үлкен тәрбие.
Екеуміз сыйласып өмір сүріп келеміз. Ол ашуланғанда мен онымен ешқашан сөз таластырмаймын. Сөйтіп бір-бірімізбен түсінісіп, сыйластықта тірлік кешудеміз.
Өмір болған соң барлығы тамаша болды деп айта алмаймын. Қызықпен қатар қиыншылық та болды. Барлығын ақылмен, сабырмен жеңе білдік.
Жолдасым балаларға кішкентайынан «оқы, еңбек ет, қатарыңнан қалма» деп айтып отырды. Содан Аллаға шүкір, қазір балалардың барлығы бір-бір мамандықты игеріп, кәсіптің иесі атанды. Балаларымның алды немере сүйсе, біз шөбере сүйіп отырмыз. Үлкеніміз Нұрипа Алматыда Қ.Сәтпаев атындағы университетте химия кафедрасының меңгерушісі болған. Қазір зейнетте. Әбілдабек Алматыда тұрады. Негізгі мамандығы педагог, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Асқар – жеке кәсіпкер. Ерлан балам Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылында тұрады. Ұзақ жылдар өрт сөндіру бөлімінде қызмет етіп, содан зейнетке шықты. Кенже ұлым Бибол күзетші болып жұмыс істейді, сонымен бірге, жеке кәсіпкерлікпен айналысады.
Қазір кенже ұлым Бибол мен келінім Жаннамен бірге тұрамыз.
Бес келінім бар. Бесеуі де көзі ашық. Бір-біріміздің көңілімізді қалдырып көрген емеспіз. Сыйластық ене мен келінге бірдей байланысты. Бір-бірімізге қолымыздан келгенше құрметімізді, ізетімізді аяған емеспіз. «Келіндеріме абысындар тату болыңдар, бұл қамшының сабындай қысқа өмірде қалатыны сыйластық қана» деп айтып отырамын. Мақтанғаным емес, келіндерім бір-бірімен тату,- дейді Мария әже.
Мария апаның немерелері де мектепті жақсы үлгеріммен бітіріп, бірі академияға, бірі жоғары оқу орнына грант негізінде оқуға түсуде. Апаның тағы бір немересі Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне оқуға түсіп, отбасыларында үлкен қуаныш болуда.
Өмірдің ащысы мен тұщысын тең бөлісіп, тату-тәтті өмір сүріп, үбірлі-шүбірлі болған Әлімбек ата мен Мария әжеміздей аналарымыздың өмір жолы жастарға үлгі-өнеге. Бүгінгі қоғамымызда ата-әжелеріміздей жүректің тереңінен шыққан сезім, саналылық, сабыр мен сенімнен құрылған босағасы берік отбасылар лайым көп болсын!

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close