El іshі

Алғашқы отырысы өтті

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық Қоғамдық кеңестің 2020 жылдағы алғашқы отырысы өтті. Отырысты қоғамдық кеңес төрағасы Сейітхан Жұмашев ашып, жүргізіп отырды. Жиынның төрағасы кеңес мүшелерін бірінші отырыстың күн тәртібімен таныстырды. Бірінші мәселе бойынша «Жуалы ауданы әкімдігінің 2019 жылғы 12 қарашадағы №1» Жуалы ауданы «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының объектілік ауқымды техногенді сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы» шешімінің күшін жою туралы» баяндаманы аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі басшысының м.а. Нұрсұлтан Сауырбаев жасады.

Ол өз баяндамасында толық мән-жайды түсіндіріп, баяндады. ҚР «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 37- бабының 3- тармағына, ҚР «Азаматтық қорғау туралы» 2014 жылғы 11сәуірдегі Заңының 4 бабының 3-тармағы 2) тармақшасы және 48, 50-баптарына, ҚР «Табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардың жіктемесін белгілеу таралы» Үкіметінің 2014 жылғы 2 шілдедегі №756 Қаулысына сәйкес, «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл филиалының директоры Қ.Бедебаевтың 2019 жылдың 08 қазандағы №18-17-25-1214-02 шығыс хаты және Жуалы ауданының төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссиясының кезектен тыс отырысының 2019 жылдың 11 қазандағы №8 хаттамасының негізінде, «Теріс -Ащыбұлақ» су бөгетін су шайып кету қауіпінің туындауына байланысты, 2019 жылғы 12 қараша күні №1 шешімімен аудан әкімі төтенше жағдай жариялаған еді. Содан кейін су қоймада жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оны 2020 жылғы 9 қаңтардағы №18-17-25-28-02 хатында аталған мекеме басшысы Қ.Бедебаев хабарлағандай: «Қазсушар» РМК тарапынан жөндеу жұмыстарын жүргізуге 14 миллион теңгеге жобалық құжаттар жасалынып, 101 мемлекеттік бағдарламадан қаржы қарастырылып, желтоқсан айының 7-27 жұлдыздары аралығында жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Қазіргі таңда жоспарланған жұмыстар аяқталып, су қоймасы бекітілген кестеге сәйкес су жинау режимінде жұмыс істеуде» делінген. Осыған байланысты аталған шешімнің күшін жою туралы шешім қабылдау қажет», деді баяндамашы. Қоғамдық кеңес мүшелері шешімнің күшін жою туралы ұсыныстарын бірауыздан білдірді.
Одан кейін күн тәртібіндегі екінші мәселе қаралды: «Жуалы ауданы «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру» тапсырысын, ата-ана төлемақысының мөлшерін бекіту туралы» білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Ерназар Жүзбаев баяндама жасады. «Ауданда 32 мектепке дейінгі ұйым бар, оның 26-сы мемлекеттік ұйым, 1 шағын орталық, 5-уі жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар. 1-6 жас аралығындағы балалардың мектепке дейінгі ұйыммен қамту үлесі 82%, 3-6 жас аралығындағы балалардың мектепке дейінгі қамту үлесі 100 пайызды құрайды.
Жалпы мектепке дейінгі ұйымда 338 педагог қызмет атқарады, оның ішінде мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымда 310 педагог 2075 баламен, шағын орталықта 5 педагог 50 баламен, жекеменшік мектепке дейінгі ұйымда 23 педагог 280 баламен, жалпы 2405 тәрбиеленушілермен қызмет атқарып отыр. Барлық мектепке дейінгі ұйымдарда 2405 орын санымен, сондай-ақ, бала саны сәйкес келеді.
Аудан бойынша 1-3 жастағы мектепке дейінгі 809 бала, 3-6 жастағы бала саны мектепке дейінгі ұйымдарда 1596-ны құрап отыр. Ауылдық округтердегі барлық мектепке дейінгі ұйымдар ауыл әкімдігінің құрамына кірген. «Қолма-қол ақшасыз төлем» жобасына жалпы 32 ұйымның 30-ы қосылған, тек қосылмағаны «Айсәуле» жекеменшік балабақшасы мен №5 Ломоносов атындағы орта мектеп жанындағы «Айгөлек» шағын орталығы. Барлық балабақшалар балаларды қабылдауды автоматтандырылған жүйе арқылы қабылдап, жұмыс жүргізуде»- деді Е.Жүзбаев. Одан кейін баяндамашы ата-аналар төлемақысын меншік нысанына қарамастан теңестіру керек екенін тілге тиек етті.
– 2020 жылдың қаңтарынан бастап төлемақы 6300 теңгені құрасын деген мақсатпен аудан әкіміне жоба ретінде бекітуге ұсынылды,- деді Е.Жүзбаев.
Қоғамдық кеңес мүшелері оларға қойылған сұрақтарға берген жауаптарына қанағаттанбағандықтан, мемлекеттік және жекеменшік балабақшалардың төлемақысын теңестіруге болмайтынын айта отырып, бұл мәселені тағы да зерделеп, анықтауды сұранды. «Барлық балабақшаға бірдей төлем жасауды ұсынуға болмайды» дей келе, құжат кейінгі отырысқа зерделеніп, талқылануға қайтарылды.
Үшінші мәселе бойынша «Аудандық мәслихаттың «2020 жылы ауданның ауылдық елді мекендерінде жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарына әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну мөлшерін айқындау туралы» аудан әкімдігінің экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің сектор меңгерушісі Бауыржан Әбделиев баяндама жасады. Ол 2020 жылы ауданға «Дипломмен-ауылға!» бағдарламасымен келетін мамандарға қандай әлеуметтік қолдау жасалатыны туралы айтып өтті. «Үстіміздегі жылға 006 «Мамандарды әлеуметтік қолдау шараларын іске асыру үшін бюджеттік кредиттер» бағдарламасына республикалық бюджеттен 22 маманға 87 483,0 мың теңге несие қарастырылды. Сондай-ақ, 099 «Мамандарды әлеуметтік қолдау жөніндегі шараларды іске асыру» бағдарламасында 322 «Жеке тұлғаларға берілетін трансферттер» ерекшелігіне аудандық бюджеттен 50 маманға 13 255,0 мың теңге қаралды», деді баяндамашы. Бұл жоспарланған тапсырыс аудандық мәслихаттың шешімімен бекітілген.
Сондай-ақ, біраз ауданның мекемелерінен, мысалы, білім бөлімінен 28-ге, денсаулық сақтау мекемесінен-22-ге, ветеринария саласынан-2, мәдениет, спорт, басқа да салалардан, барлығы 56 маманға сұраныс берілген. Ал жоспарланған қаржы тек 22 маманға қарастырылған. Сондықтан да бұл мәселені тағы да тиянақты зерделеп, анық-қанығына жету керек деген пікір айтылып, кеңес мүшелері құжатты қайта зерделеніп, қаралуға қайтарды.
Қоғамдық кеңес отырысының соңында аудандық Қоғамдық кеңестің жартыжылдық жұмыс жоспары жасалынып, кеңес мүшелерінің назарына ұсынылды. Жоспарды қоғамдық кеңестің мүшесі Ғани Жұбаев оқып берді. Жоспардағы алты айда атқарылатын жұмыстар, оның ішінде қоғамдық кеңестің отырыстарында қаралатын мәселелер, өткізілетін мерзімі және іс-шаралардың жауаптылары айғақталды. Қоғамдық кеңес мүшелерінің қызу талқылауынан кейін жұмыс жоспары толығымен қабылданды.
Қоғамдық кеңестің отырысында қаралған барлық мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданып, бекітілді.

Гүлмира Дембаева,
аудандық Қоғамдық кеңестің хатшысы

Таңдаулы материалдар

Close