– Марат Аманғалиұлы, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының маңыздылығы неде?
– 2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануы мүлдем жаңа геосаяси жағдайларындағы мемлекеттің дін саласындағы стратегиялық бағытын айқындаудың кезеңі, бүгінгі заман талабының маңызды қажеттілігі болды.
Заңның маңыздылығы мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынасты жүзеге асыруға, мемлекеттің жаңа жағдайдағы қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге, діни ұйымдардың қызмет етуіне арналған құқықтық алаңды ұйымдастыру мен дінді деструктивті мақсатта қолдану мүмкіндігінің деңгейін төмендетуге бағытталған.
«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының ережелері ҚР Конституциясына (Heгізгі Заңына) негізделген. Заңда дін мен діни бірлестіктердің мемлекеттен бөлектену қағидатын сақтай отырып құрылған мемлекеттік қызмет нақты айқындалғаны маңызды, соның, ішінде:
– Қазақстан Республикасының азаматының, шетелдік пен азаматтығы жоқ тұлғаның дінге және діни тиістілігін айқындауға, өзінің сенімдеріне сәйкес ата-аналардың немесе олардың, өзге де заңды өкілдері балаларды тәрбиелеуге, егер мұндай тәрбие баланың өмipi мен денсаулығына қауіп төндіргенде, оның құқықтары мен жауапкершілігін шектегенде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының егемендігі мен аумақтық тұтастығына, конституциялық құрылымына қарсы бағытталған жағдайларды қоспағанда араласпайды;
– мемлекеттік органдардың функцияларын орындауды діни бірлестіктерге жүктемейді;
– егер діни бірлестіктердің қызметі Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмесе, олардың қызметіне араласпайды;
– дін ұстанатын және оны ұстанбайтын Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар арасында, сондай-ақ әртүрлі діни бірлестіктер арасында өзара төзімділік пен құрмет қатынастарын орнықтыруға ықпал етеді.
Жалпы алғанда, «Діни қызмет және дін бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының барлық ережелерінің нәтижелі жүзеге асуының арқасында бүгінде қоғамда дін мен діни қатынастарды реттейтін нәтижелі құқықтық негіз қалыптасты деп толық айта аламыз.
– Өңірлік діни бірлестіктер мен олардың филиалдарын қай мемлекеттік орган тіркейді?
– «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 15-бабының 2 тармағына сәйкес, республикалық және өңірлік діни бірлестіктерді мемлекеттік тіркеуді Әділет министрлігі жүзеге асырады. Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2007 жылғы 12 сәуірдегі №112 бұйрығымен бекітілген Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу жөніндегі нұсқаулығының 4 тармағына сәйкес республикалық және өңірлік мәртебесі бар діни бірлестіктерді мемлекеттік (есептік) тіркеу, қайта тіркеу және республикалық және өңірлік мәртебесі бар діни бірлестіктерді тіркеуді Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті жүзеге асырады. Нұсқаулықтың көрсетілген тармағына сәйкес, тиісті облыс пен Астана және Алматы қалаларының қоғамдық және діни бірлестіктердің филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеуді, қайта тіркеуді және есептен шығаруды облыстардың, Астана және Алматы және Шымкент қалаларының әділет Департаменттері жүзеге асырады.
– «Діни әдебиет» және «діни мазмұндағы ақпараттық материалдар» дегеніміз не?
– Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі төрағасы м.а. 2013 жылғы 23 шілдедегі №34 бұйрығымен бекітілген Діни әдебиеттерді және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы тұрақты үй-жайлардың, сондай-ақ ғибадат үйлерінен (ғимарттарынан) тыс жерлерді діни жораларды өткізуге арналған үй-жайлардың орналастырылуын анықтау жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес діни әдебиет діни мазмұнға (теология, діни-каноникалық, ритуалдық-мистикалық, әлеуметтік-теологиялық) ие және тұрғындардың діни және рухани-діни ұстанымдарынан туындайтын өзге де әлеуметтік мәні бар сұраныстарын қанағаттандыруға бағытталған баспа немесе электрондық өнім (кітаптары, брошюралар) болып табылады.
Діни мазмұндағы ақпараттық материалдар – діни мазмұндағы ақпаратты қамтитын, діни әдебиетке жатпайтын баспа түріндегі немесе электрондық өнім. Аталған ұғымдарға сүйене отырып, діни мазмұндағы ақпараттық материалдарға келесі баспа түріндегі немесе электрондық материалдар жатады:
– діни мазмұндағы ақпараттық бюллетендер, діни уағыздар, құдай ілім туралы сөз сөйлеу, діни-канондық мәтіндерге түсініктеме, діни лекциялар және діни білім беруге арналған сөз сөйлеу мәтіндік материалдары және жинақтары;
– діни бірлестіктермен өткізілетін және теологиялық тақырыпқа арналған семинарлар, дөңгелек үстелдер және конференциялар материалдары;
– діни мазмұндағы мәтіндері бар үндеухаттар, бүктемелер;
– діни ілім мәтіндері, діни сипаттағы цитаталары бар діни күнтізбелер. Діни әдебиетке, діни мазмұны (теологиялық, діни-канондық, ритуалды-мистикалық, әлеуметтік-теологиялық) бар кітаптар, баспа немесе электрондық түріндегі брошюралар жатады.
– Ғибадат үйлерінен (ғимараттардан) тыс діни тақырыптарына сөйлесу, сұхбаттасу миссионерлік қызмет болып табыла ма?
– «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабына сәйкес миссионерлік қызмет, Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, Қазақстан Республикасында тіркелген діни бірлестіктердің атынан Қазақстан Республикасының аумағында діни ілімді таратуға бағытталған қызметі болып табылады. Діни сенімді тарату дегеніміз кез келген бір дін туралы белгілі бір мәліметті жеткізуді ғана емес, сондай-ақ сұхбат құрушыны діни бірлестіктің қызметіне тартуды, діни сенімге деген қызығушылығын оятуды мақсат тұтатын қарым-қатынастың мақсатқа бағытталған актісі болып табылады. Яғни, басқаша айтқанда аталған мақсаттарға бағытталған әрекеттер миссионерлік қызметке жатады, ал діни сенімді таратуды етпейтін дін туралы әңгіме, сұхбат құру миссионерлік қызметке жатпайды.
– Заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер Қазақстан Республикасының аумағына діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды және діни әдебиеттерді әкеле ала ма?
– «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 9-бабының 3-тармағына сәйкес жеке пайдалануға арналғандарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды әкелуді тіркелген діни бірлестіктер ғана дінтану сараптамасының оң қорытындысын алғаннан кейін жүзеге асырады. Заңның осы нормасына сүйене отырып, жеке пайдалануға арналғандарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды, соның ішінде діни әдебиеттерді, тек қана Қазақстан Республикасында тіркелген, әкелінетін тауарларға дінтану сараптамасының оң қорытындысын алған діни бірлестіктер ғана әкеле алады. Бұл ретте, «жеке пайдалануға арналған» тұжырымы «Қазақстан Республикасындағы кеден ici туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің 4-бабына сәйкес жеке пайдалануға арналған тауарлар – кедендік шекара арқылы алып жүрілетін немесе алып жүрілмейтін жүкте, халықаралық, почта жөнелтімдерінде немесе өзге де тәсілмен өткізілетін адамдардың жеке, отбасылық, үй және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес өзге мұқтаждарына арналған тауарлары.
– Діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды, соның ішінде діни әдебиетті кез келген кітап дүкенінде таратуға бола ма?
– «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 9-бабының 2-тармағына сәйкес діни мақсаттағы заттарды тек қана ғибадат үйлерінде (ғимараттарында), рухани діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ облыстардың, републикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары арнайы белгіленген тұрақты үй-жайларда таратуға рұқсат етіледі. Бұл ретте арнайы белгіленген үй жайлар сауда жасайтын, қосалқы, әкімшілік-тұрмыстық бөлмелермен қамтамасыз етілген, сондай-ақ діни әдебиеттерді, діни мақсаттағы заттарды қабылдау, сақтау және сатуға дайындайтын бөлмелері бар тұрақты ғимарат немесе ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерде орналасқан оның бір бөлігі. Мұндай үй-жайлардың орналасу орындары тиісті мемлекеттік қызмет стандартымен белгіленген реттерде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарымен келісілуі қажет.
– Білім беру ұйымдарының әкімшілігі білім беру ұйымдарында діни киімдерді киюге тыйым сала алады ма?
– «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 3-бабы 4-тармағына сәйкес діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасында білім беру мен тәрбиелеу жүйесі мен діни бірлестіктерден бөлінген және зайырлы сипатта болады. «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 43-бабына сәйкес білім беру ұйымдары Қазақстан Республикасының заңнамасына тиісті үлгідегі білім беру ұйымдарының қызметі туралы үлгілік ережелер мен білім беру ұйымдарының жарғыларында белгіленген шектерде оқу-тәрбие процесін жүзеге асыруда, кадрларды іріктеу мен орналастыруда ғылыми, қаржы-шаруашылық және өзге де қызметте дербес болады. «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 47-бабының 15-1 тармағына сәйкес білім алушылар білім беру ұйымдарында белгіленген киім үлгісін сақтауға міндетті. Осыған орай, көрсетілген нормаларға сүйеніп, білім беру ұйымы оқушыларға міндетті болып табылатын киім үлгісін ішкі құжаттармен, соның ішінде жарғылармен дербес бекіте алады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбатты жүргізген
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»