El іshі

Еңбек ер атандырады

Отан сөзін айтқанда алдымен отбасы ойға оралады. Отан үлкен үй болса, отбасы оның кірпіші іспеттес. Отбасы тұлға тәрбиелеп, ұшыратын мекемеге баланады. Қоғамда өз пікірі мен мақсаты бар, ақыл мен парасатқа ие, адамгершілігі жоғарғы тұлға – кез келген мемлекеттің байлығы.  Сондықтан да халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген нақыл сөз бар. Яғни, Отанды сүю, оған кіршіксіз қызмет ету отбасынан басталады.

Ұл өсіре отырып, жердің иесін, қыз өсіріп ұлтты тәрбиелейтін дана халқымыздың жас ұрпақ мәселесін ең алғашқы орынға қойып, ұрпағының тектілігін сақтау үшін күресуі заңдылық. Өйткені, ұлтымыздың ертеңгі болашағы жас ұрпақтың қолында.

Жалпы отбасы құндылықтарына қоғамның назарын аудару үшін 1993 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясымен 15 мамыр – Халықаралық отбасы күні болып бекітілген. Отбасы күні алғаш рет 1994 жылы аталып өтілген. Міне, сол уақыттан бері елімізде де бұл мереке үлкен маңызға ие болып, атаулы күндердің қатарына еніп келеді.

«Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» деп дана халқымыз отбасындағы бірліктің маңызын бірауыз сөзбен жеткізіп кеткен.

Ынтымақ ауылындағы Дүйсебаевтар жанұясы осы өзара ынтымақ пен сүйіспеншілікті, бауырмалдықты ту еткен тату отбасы. Тұрғын Жапарбайұлы мен шымкенттік Үрзия Айтмағамбетқызы 1979 жылы отау құрып, үлкен өмірге бірге қадам басқан. Бірге отбасылық өмірді өзара сыйластықта кешіп, алты перзентті дүниеге әкелген. Қазіргі таңда отағасы Тұрғын ата бейнетінің зейнетін көріп, ұлдарымен бірге «Арна» шаруа қожалығының жұмысын қолға алып отыр.

-Отағасы осы Ынтымақ ауылының тумасы. Түлкібас ауданындағы бұрынғы техникалық училищені бітірген. Одан кейін білімін Алматыдағы Қазақ мемлекеттік Ауыл шаруашылығы институтында жалғастырып, агроном мамандығын меңгеріп шығады. Өмірін туған жеріне арнап, колхозда еңбек етеді. Алғашында колхозда меңгеруші, одан кейін Шақпақата ауылындағы Б.Момышұлы атындағы совхозда бес жылдай директор қызметін атқарды. Ауыл шаруашылығы саласының үздік қызметкері болды. Еңбегі еленіп, түрлі марапаттарға ие болды. Барлығы да еңбектің арқасы. Бүгінгі күні зейнет жасына жетсе де шаруашылықтың қамымен тыным таппайды. Ұлдарына жол көрсетіп, істің басы-қасында жүреді.

Үлкен мектептен өттім. Осы әулеттің босағасын аттап, келін болып түскенімде ата-енемізбен бірге тұрдық. Екі келін бір шаңырақтың астында тату-тәтті болдық. Ата-енеміздің тәрбиесі мен кеңдігінің арқасында өсіп-өндік. Атамыз жақсы кісі еді. Төрт түліктің қамын жасауды жақсы білетін. Біз осы әулетке келіп, малдың жай-күйін жасауға араласып, отбасымыздың берекесі үшін әрқайсымыз өзіндік үлесімізді қостық. Енеміз бойымызға татулықты, ұлттық құндылықтарды сіңірді.

Ата-бабамыздан жеткен салт-дәстүрлерді, жөн-жоралғыларды жасауды, ұлттық тағамдар мен сусындарды әзірлеуді де енеміз үйретті. Қазіргі таңда абысыным көшенің арғы бетінде бізге қарама-қарсы үйде тұрады. Еншіміз беріліп бөлек шыққан күннің өзінде бір-бірімізді іздеп тұратынбыз. Әбден у-шуға үйреніп қалғанбыз. Бір дастарқан басында бала-шағамызбен жиналып, ас ішеміз. Бөлек шықса да біздің үйде жиналатынбыз. Кейіннен ұлдарымыз отау құрып, келіндер түскенде ғана өз отауымызда бөлек ас әзірлеуді жөн санадық.

Аллаға шүкір, бізде ата-енеміздің жолымен ағайындылардың ауызбіршілігін берік ұстау үшін екі келінді бірге қолда ұстап отырған жайымыз бар. Үлкен келін Айгүл мен Салтанат көпбалалы аналар. Айгүл мен секілді Күміс алқа иегері. Екеуінің өзара сыйластығы мен ауызбіршілігі жақсы. Бір аулада екі үй тұрғыздық. Дегенмен де күнделікті ас-ауқатымыз бір жерден дайындалып, мәре-сәре болып жатамыз. Дастарқан басында жиналғанда өткен күндерден тағылымды әңгімелер айтылып, ұрпағымызға отбасындағы басты құндылықтар, ағайын арасындағы татулық турасында сөз болады, – дейді Үрзия апа.

Олардың ұлдары Нұрмахан, Нүркен және Нұрғали ауыл шаруашылығына ден қойып, әкесімен бірге егіс алқабындағы қызу тірліктің басы-қасында жүреді. Техникалары да жеткілікті. Ал қыздары Ғазиза Жамбыл ауданы Бірлесу-Еңбек ауылында фельдшер болып жұмыс істесе, Қарлығаш Көктал ауылында кәсіпкерлік салада еңбек етеді. Ал, кенже қыздары Сандуғаш Түлкібас ауданы Ақсу ауылында медбике.

Олар балаларын еңбекке, адалдыққа, ынтымаққа баулып, кісінің ала жібін аттамауға үйреткен.

-Аллаға шүкір, ұрпағымыз өніп-өсіп, немере сүйіп отырған ардақты ата-әжеміз. Немерелеріміздің оқу үлгерімі жақсы. Оларға әрдайым «оқыңдар, жақсы білім алыңдар, жандарыңа жақын мамандық иесі болыңдар» деп ақылымызды айтып отырамыз. Отбасымызда қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері ұлықталып отырады. Басты байлығымыз – бірлігіміз бен ынтымағымыз, сыйластығымыз бен өзара сүйіспеншілігіміз,- дейді отанасы.

Дүйсебаевтар отбасының татулығы көпке үлгі-өнеге. Өйткені, олардың ұрпағы бір шаңырақ астында достықты ту етіп, ғұмыр кешуде. Ағайындылар әкесінің салған сара жолымен адал еңбек етіп, шаруаларының ісін алға дөңгелетуде. Абысындардың бірлігінің арқасында ұрпағы бір-бірімен етене жақын араласып, туыстық қарым-қатынасты берік орнатуда. Міне, ата-ана үшін бұдан асқан байлық, бұдан асқан бақыт бар ма?!

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,

«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close