El іshі

«Өмірдің мәні – ұрпақ сүйіп, оларға жақсы тәрбие беруде»

Қазақ қашанда Отан, отбасы, отағасы, отанасы деген ұғымдарға ерекше мән берген.
Отан – отбасынан басталады. Сондықтан бірлігі бекем, білімді, тәрбиелі, үлгілі ұрпақ тәрбиелеп отырған берекелі де мерекелі, мерейлі отбасылардың орны мен рөлі қашанда бөлек.
Бақытты басқадан емес, баладан іздеген ынтымағы жарасқан, бақытты отбасылар елімізде, Аллаға шүкір, көп. Соның бірі – біздің күреңбелдік Жетпіс Көпбайұлы мен Манат Сейталиеваның отбасы.

Көпбаевтар отбасы туралы отбасының отағасы, асқар таудай әке, ауылдың қадірменді қариясы атанған Жетпіс Көпбайұлымен әңгімелестік.
Жетпіс ата 1941 жылы Төңкеріс ауылында өмірге келген. Жеті-сегіз айлығында әкесі қан майдан соғысқа аттанып, содан қайта оралмады. Олар анасы Ұлбай, әжесі Жарқынай үшеуі қалады. Жетімдіктің, жоқшылық пен қиындықтың ауыр азабын бірге көреді. Олар адам бойындағы асыл қасиет – сабырды, төзімділікті жандарына серік етті.
Жетпіс Көпбайұлы ауылдағы бастауыш мектепті бітіріп, әрі қарай қазіргі Ертай ауылындағы Кеңес орта мектебінде оқиды. Тоғызыншы сыныпты оқып жүргенде қатты ауырып, сабақты әрі қарай оқи алмайды.
Сонымен не керек ауылда жүріп, қара жұмыстың барлығын істейді. Уақыт өте бұлай жүре беруге болмайтынын түсініп, Жетпіс ата үйдегі апасы мен әжесін көндіріп, 1960 жылы Жамбыл қаласындағы ауыл шаруашылығы мектебіне оқуға түсіп, мал дәрігері мамандығын алып шығады.
-Мен кішкентайымнан көп қиыншылық көріп өстім. Ауыл шаруашылығында жұмыс жасау – менің бала кезден арманым еді. Бір жылдық колледжді аяқтаған соң білімімді жетілдіру мақсатында 1961 жылы мал дәрігерлік техникумға құжаттарымды тапсырып, сырттай оқыдым. Әрі қарай техникумның дипломымен 1970 жылы Алматыдағы мал дәрігерлік институтқа сырттай оқуға түстім. 1982 жылы институтты бітіріп, жоғары білімді мал дәрігері болдым.
Оқып жүріп «Чапаев» колхозында мал дәрігері болып жұмыс жасадым. Мен жұмыста үнемі ізденіс үстінде жүрдім. Жаңалыққа жаным құмар еді. Москвадан «Ветеринария» журналын жаздырып алып, журналдағы профессорлардың жаңалықтарын мал шаруашылығына, яғни тәжірибеме енгізіп отырдым. Осындай тынымсыз ізденістің, еңбектің нәтижесінде, 1985 жылы маған СССР-дің Жоғары Кеңесі Президиумының шешімімен «Еңбек ардагері» атағы берілді, – дейді Жетпіс Көпбайұлы.
Жетпіс атаның өмірлік жары Манат Жаналықызы Шақпақата ауылының тумасы. Екеуі 1976 жылы шаңырақ көтереді.
Манат апа Шымкент қаласындағы педагогикалық институтты бітірген. Зейнет жасына шыққанша ауылдағы мектепте математика пәнінен сабақ берген. Өзінің бар білгенін балаларға үйретуден жалықпаған жан.
-Аллаға шүкір, Жетпістей ер азаматқа тұрмысқа шыққаныма. Өміріме ризамын. Жолдасым жақсы жар, жақсы әке бола білді. Ақылшым да, қамқоршым да болды.
Өмірдің мәні – ұрпақ сүйіп, оларға жақсы тәрбие беріп, олардың жақсылығын көру. Жарыңмен, жан-жағыңмен сыйласып өмір сүру.
Екеуміз үш ұл тәрбиеледік. Барлығы жоғары білімді, үйлі-жайлы.
Тұңғышымыз Шалғын біраз жыл аудандық мемлекеттік кірістер басқармасында жұмыс жасады. Қазіргі таңда жеке кәсіпкер. Жұбайы Кәмшат аудандық емханада медбике. Екінші ұлым Аршын әкесінің жолын қуып мал дәрігері мамандығын алған. Қазіргі таңда қара шаңырақта тұрады. Барлық шаруашылыққа екінші ұлым Аршын жауап береді. Ал келіншегі Мая мектепте мұғалім. Ал, кенже ұлымыз Қуаныш пен келініміз Динара Тараз қаласында тұрады. Қуаныш облыстық әкімдікте еңбек етсе, Динара мұғалім.
Ұлдарымыздан 14 немере сүйіп отырмыз. Үлкен немерелеріміз Нұр-Сұлтан қаласында медициналық академияда оқиды. Болашақ дәрігерлер. Қалғандары мектеп оқушылары.
Жетпіс екеуміз бір-бірімізді қалап қосылдық. Өмір бойы бір-бірімізді сыйлап, түсінісіп ғұмыр кешіп келеміз.
Біздің жастық шағымыз қазіргідей емес, қиын болды. Барлығына өзіміздің маңдай терімізді төгіп, еңбекпен қол жеткізетінбіз. Қазір ата-аналар жастарға бар жағдайды жасап береді. Ал, сондықтан қазіргі жастар бақытты деп ойлаймын. Тек бардың қадірін біліп, бір-бірімен сыйласып өмір сүрсе болды. Болмашыға ренжісіп, ажырау дұрыс емес. Бала-шағаның келешегін ойлау керек.
Ұстаздық жолда шәкірттеріме, өз балаларыма да ерінбей оқы, өтірік айтпа, ешкімге қиянат жасама, кешірімді бол деп құлақтарына құйып отырдым. Әкесі де «біреуге сенбе, өзіңнің біліміңе, еңбегіңе сен» деп айтып, еңбекке баулып отырды.
Аллаға шүкір, біз бақытты отбасылардың біріміз деп ойлаймын,-дейді Манат апа.
Адамның ең бір қымбат қыры – оның қарапайымдылығы. Жетпіс ата мен Манат апайдың, өсірген ұрпақтарының бойындағы осы бір тамаша қасиет – мінез сұлулығы олардың терең табиғатынан екені анық.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close