El іshі

Денсаулық күзетіндегі ұйымшыл ұжым

Дәрігер деген кең ұғым, қастерлі мамандық. Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі мол, атқаратын жұмыстары ауқымды. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін осынау маңызды салаға бүкіл өмірін арнап келе жатқан ақ халатты абзал жандар қаншама.

Ауданнан шалғайда орналасқан Билікөл ауылдық дәрігерлік амбулаториясында 18 медицина қызметкері тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуде. Ауылдық дәрігерлік амбулаторияның ғимараты 1960 жылы пайдалануға берілген. Міне, жарты ғасырдан астам тарихы бар денсаулық сақтау мекемесі ауылдағы ағайынның денсаулығын күтуде аянбай еңбек етуде. Бүгінде мекемеге жалпы тәжірибелі аға дәрігер Жансұлу Көлбаева басшылық етеді.
Еліміздегі эпидахуалға байланысты дәрігерлік амбулатория қызыл және жасыл аймаққа бөлінген. Емхана қарамағында 1471 тұрғын бар. Оның ішінде 870-і ересек, 413-і бала болса, бір жасқа дейінгі 20-сы сәби. Д-есепте 233 адам тұр. Тіркеудегі науқастарға тегін дәрі-дәрмектер уақтылы беріліп, тексерістен өтуге жіберіледі. Ауылдық округте туу көрсеткіші жақсы. Биыл 11 жүкті әйел болса, оның төртеуі қауіпті топтағы жан.
Мекемеде медициналық құрал-жабдықтар жеткілікті. Дәрі-дәрмектер, керекті заттар аудандық орталық аурухана тарапынан беріліп отырады екен.
-Мен бұл мекемеге 2017 жылы жұмысқа қабылдандым. Сол уақыттан бері ауылдағы үлкенді-кіші тұрғындармен етене байланыстамыз, – дейді аға дәрігер Жансұлу Ағаділқызы. – Ең бірінші кезекте біз үшін адамдардың денсаулығы тұрады. Сондықтан олардың уақтылы тексерістен өтіп, денсаулықтарын күту үшін аймақтық медбикелер тұрғындармен байланыс жасап отырады. Дәрігерлік амбулаторияға Дарбаза, Әбдіқадыр,Жылыбұлақ ауылдарының тұрғындары да келіп тексеріледі. Аталған ауылда медициналық пункттерде бір медбике, тазалықшы, қарауыл жұмыс істейді. Әбдіқадыр ауылында жас маман Ерлан Ерболұлы, Дарбазада ұзақ жылғы еңбек өтілі бар Элмира Юсупова және Жылыбұлақта Лаисат Садулаева тұрғындарға медициналық қызмет көрсетеді.
Амбулаторияда үш орындық күндізгі бөлімнен тоғыз адам ем қабылдады. Одан бөлек, үштік жалпы талдаулар алынады. Қант диабеті, холестерин талдамалары алынып, ЭКГ түсіріледі. Екі айда бір рет ауданнан жылжымалы медициналық кешен келіп, тұрғындарды флюографияға түсіреді. Егер де оған үлгермегендері болса, аудандық орталық ауруханаға жолдаймыз.
Төртінші категорияға байланысты сағат кешкі 18.00-ден таңғы 09.00-ге дейін медбикелер және дәрігер кезекшілікке шығады. Яғни, жедел жәрдем шақырған тұрғындарға алғашқы көмек көрсетіледі. Егер де науқастардың жағдайы ауыр болса, ауданға немесе облыс орталығына жіберіледі.
Әр жұма сайын ауылдағы медициналық пункттерге барып, дәрігерлік қабылдау өткіземіз. Сонымен қатар, ауыл маңындағы қора-жайларға барып, түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Аймақтық медбикелер Д-есепте тұрған өзге де тұрғындармен үнемі байланыс жасап отырады.
Биылдан бастап індетке байланысты бізде мобильді топ жұмыс жасайды. «Damu med» қосымшасы арқылы жұмысымыз бір жүйеге келтіріліп, оның тиімділігін көрудеміз. Сонымен бірге, мекемеде бір жаңа жедел жәрдем көлігіміз бар, – дейді аға дәрігер.
Әрбір тұрғынның денсаулығына бей-жай қарамайтын денсаулық сақшыларының арқалаған жүгі ауыр, міндеттелген жұмысы көп. Осы ретте, дәрігерлік амбулаторияда ұзақ жылдар бойы ақ халатын бәр сәтке тастамай, оны кірлетпей, тұрғындарға адал қызмет етіп келе жатқан жандар да кездеседі. Мәселен, аға медбике Райхан Анарбекова, акушер Мұнархан Иманқұлова, аймақтық медбикелер Жайдарман Есмұратова, Айдын Мағзұмова, егу кабинетінің медбикесі Күлімхан Сүлеймен әрдайым науқастардың жанынан табылуда.
-Мекемедегі мамандардың барлығы дерлік еңбек жолдарын осы мекемеден бастаған. Кейбірі осында туып-өсіп, туған ауылдарына келіп, қызмет етуде. Әрқайсысының ұжымда өзіндік қызметі мен орны бар. Олар өз жұмыстарын жақсы біледі. Адамдармен жақсы тіл табыса алады. Соның әсерінен де болар, ауыл тұрғындарының 44 проценті екпе салдырды. Бүгінгі күні өз еріктерімен 340 тұрғын Спутник-V, Hayat вакциналарын қабылдады. Тұрғындардың өз денсаулықтарын күтуге деген жауапкершілігі жақсы, – дейді аға дәрігер Ж.Ағаділқызы.
Бұл шалғайдағы бір ұжымның күнделікті атқаратын жұмыстары. Олар үшін әрбір адамның денсаулығы мен амандығы маңызды.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close