El іshі
Ескі ауызсу құбырлары жаңғыртылуда
Ауданның бірқатар елді мекендерінде тұрғындар тарапынан жиын сайын көтерілетін проблемалардың қатарында құбырлардың тозығы жетуіне байланысты ауызсудың уақтылы берілмеуі болатын. Осы аталған проблеманы шешу үшін ескірген ауызсу құбырларын жаңасына ауыстыру қажет еді.
Аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қарасты «Жуалы-Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны ауданымыздағы елдімекендердің тозығы жеткен ауызсу құбырларын жаңғырту жұмыстарына кірісті.
– Биыл көктемде Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылындағы Тоқтасын Тілеуқұлов көшесінің тұрғындары аудан әкімі Олжас Қаржауовпен кездесу кезінде ауызсу құбырларының тозығы жеткенін айтып, шағымданған-ды. Біз биыл жазда Қайрат ауылындағы Абай, Тілеуқұлов, Әлия Молдағұлова көшелерінің, Диқан ауылындағы Жамбыл, Шоқан батыр көшелеріндегі тозығы жеткен, жарамайтын ескі құбырларды жаңасына ауыстыратын боламыз. Қазір ауызсу құбырларын төсеу үшін орлар қазылып, құдықтары салынуда, – дейді кәсіпорын басшысы Қуанышбек Болысбаев.
Ауызсу құбырларын жаңғырту жұмыстары сонымен бірге Мыңбұлақ ауылдық округінің Көлбастау ауылындағы Қ.Рысқұлбеков және Д.Қонаев көшесінің жоғарғы жағынан бастап Қ.Рысқұлбеков көшесіне дейінгі екі шақырымда, аудан орталығындағы Мұнайшы, Әуезов, Қожық батыр, Пахомов көшелерінде де жүргізіледі. Көлбастау ауылындағы Рысқұлбеков көшесіндегі жаңғыртылған ауызсу құбырын қосуға дайындалуда.
Ауызсу құбырларын қайта жаңғырту жұмыстарына кәсіпорынының теңгеріміндегі барлық техникалар мен жиырмаға жуық жұмысшы жұмылдырылған.
Кәсіпорын одан бөлек, осы ауылдарда ауызсудың қорын молайту үшін екі тұстан, біреуі Қайрат ауылының үстіңгі жағынан, екіншісі Көлбастау ауылының ішінен ұңғыма қазуды жоспарлап отыр. Тапсырыс беруші аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда.
– Кәсіпорын осы аталған жобаларды сәтімен іске асырса, бірқатар ауылдардың тұрғындары сапалы ауызсуға қол жеткізіп, ауызсу көлемінің аздығына қатысты шағымы азаятын болады, – дейді Қуанышбек Болысбаев.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»