El іshі

Ауыл жаңалығы

Қызыларық
Аудан әкімдігінің «Көріктендіру, көгеріштендіру, абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстарын өткізу туралы» №67 қаулысына сәйкес, ауылдық округте орналасқан мекеме қызметкерлері өз мекемелерінің ауласын, бөлініп берілген аумақтарды күл-қоқыстан тазарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар, өткен жылы пайдалануға берілген Қызыларық ауылындағы №17 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің ауласын абаттандыру жұмыстары атқарылуда. Мектеп ауласына 82 түп жеміс ағаштары (72 түп алма, 10 түпалмұрт), 300 түп терек және 277 түп раушан гүлінен тұратын гүлзарлар отырғызылды.
Мыңбұлақ
«Көктемнің әр күні жылға азық» демекші, ауылдық округке қарасты «Ренат» шаруа қожалығы да осы бағытта биылғы жылдың өнімі үшін 100 гектар алқапқа арпа, 10 гектар таза жоңышқа егіп, алдағы уақытта 50 гектар мақсары, 30 гектар картоп және 10 гектар жерге қант қызылшасын егуді жоспарлауда.
Нұрлыкент
Аймақ бойынша көктемгі дала жұмыстары қызу жүруде. Ауылдық округтегі егістік алқаптарына 1380 гектар жаздық арпа егілді. Көктемгі дала жұмыстарына 40 бірлік трактор мен дән сепкіш техникалары жұмылдырылып отыр.
* * *
Сондай-ақ, жақында ауылдық округке қарасты Түктібай ауылында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің жүлдесі үшін «Қазақстан барысы» турниріне іріктеу жарысы өтті. Турнирге ауданның төрт округінен, яғни Нұрлыкент, Қызыларық, Көкбастау, Билікөл ауылдық округтерінен 11 палуан қатысты. Тартысты жарыста Әбіқай Әбікен жүлделі І орынды иеленіп, облыстық турнирге жолдама ұтып алды.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close