El іshіQoǵam

Талпынғанға тау да басын иеді

Мемлекет басшысы өзінің  биылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенді әрі қарай дамытудың басым бағытының бірі ретінде  ондағы   еңбек   өнімділігін арттыру, өндіріс жабдықтары мен шаруашылықтардың машина-трактор паркін жаңарту міндеттерін қойды.

Жұмысын Мемлекет басшысы белгілеген осынау күрделі де маңызды межемен ұштастырып, табанды түрде жолға қойып келе жатқан табысты агроқұрылымның бірі – қарт Қаратаудың құтты қойнауын мекендеген Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Майбұлақ ауылындағы «Темірбекова» шаруа қожалығы.

Іргесі Тәуелсіздіктің елең-алаңында, 1993 жылы қаланған шаруашылық аграрлық салада басталған реформалар тұсында талай күйзелісті бастан кешірді. Кезінде Максим Горький атындағы кеңшардың ауылдағы бөлімшесін басқарған, әулеттің отағасы  Қалқаман қожалықтың аяғынан нық тұрып, тұрлаулы даму жолына түсуіне көп еңбегін сіңірді. Кеңшардан бөлініп, жер үлесін алғанда қарамағына тиген 20-30 гектар егістік алқабымен, бір комбайн және екі трактормен жұмысын бастаған еді.

Тәуелсіздікпен бірге жұмысын жолға қойып, іргелі, тасы өрге домалаған табысты агроқұрылымға  айналған шаруашылық әртараптандыру ісін де алғашқылардың бірі болып қолға алды. ШҚ иелігінде қазір 3-4 мың гектар алқап бар десек, олар жайылымдық, шабындық, егістік жерлер болып бөлінген. Бұрнағы жылдары  алқаптардың үштен  екісіне жуығын алып жататын ақ егіс келемі шектеліп, басым дақылдар қатарын нарықта өтімді басқа дақылдар есебінен ұдайы кебейту үстінде. Соның нәтижесінде майлы дақылдар плантациясының көлемі жыл санап артып келеді.

Егінжайлардың қарт Қаратаудың етегінде орналасуы, агротехникалық шаралардың қатаң сақталуы мұндағы шаруаның еңбегін берекелендіре түсіп, өнімнің мол жиналуына ықпалын тигізуде.

Мұнда қазір егін  шаруашылығымен  қоса мал шаруашылығы да табысты дамып келеді. Мал шаруашылығы болғанда, кәдімгі қазақтың құйрықты еділбай қойларын өсіруді қолға алған. Оны Жетісайдан қожалық басшысы Нұрбол Темірбековтің арнайы өзі барып әкеліп жүр.

Шаруашылықтағы негізгі жұмыстарды атқаруға қожалық жұмысшыларының барлығы бірдей атсалысуда.  Әлімбек Төрткүлбаев, Нұрлан Рақышев, Нұрлан Қайыпалдин, ағайынды Спандияр, Асхат Үсібәлиевтер, Бақытжан Күзембаев сынды сайдың тасындай жігіттер шеттерінен бесаспап маман,  техниканың тілін де жетік біледі, ақауын дер кезінде жөндеп, іске қосады, тізгіндейді, әрі қожалықтағы науқан біткеннің бел ортасында жүреді. «Мынау менің жұмысым, анау сенікі» демейді. Малдың да, егіннің де бабын біледі, техниканы да оңдайды, әрі олардың тоқтаусыз жүруін қамдайды. Мұндай еңбек адамынан неге айналмасқа?!

Шаруашылық жыл сайын техника паркін жаңалап тұрады. Майбұлақ ауылында орналасқан базасында сыйымдылығы 2-3 тонналық дән қоймасы, 50 тонналық өнеркәсіптік таразысы бар. Қазір қарамағында 20 шақты техникасы бар. Олардың негізгі дені жаңа әрі шаруашылықтың өз қаражатына сатып алынған. Соңғы екі-үш жылдың өзінде су жаңа үш  комбайн, тағы бірқатар техника, тіркемелер сатып алынды. Жұмыс өнімділдігі жоғары мұндай қуатты техникамен жұмыс істеу де оңай. Сол себепті, шаруашылық күзгі жиын-терімді уақтылы әрі жемісті аяқтап, көрші қожалықтарға қолғабыс етіп жүр.

– Әрине, алдан кездескен қиындықтар аз болған жоқ. Олар қашанда болған, бола да береді. Соған қарамастан дала жұмыстарында еш іркіліс болған жоқ. Шаруашылықта қазір 30-дан астам адам жұмыс істейді. Ешқандай маман тапшылығы жоқ. Керісінше, көрші ауылдардан келіп, жұмыс істейтін жандар бар. Өйткені, қарапайым еңбек адамдарына барынша жағдай туғызуға тырысамыз, – дейді шаруа қожалығының басшысы.

Бір істі бастау, оны ілгері қарай дамыту үшін қаржы мәселесінің оңтайлы шешім табуы маңызды. Сонда ғана кез келген шаруаның тасы өрге домалайды. Жыл сайын өркендеп келе жатқан шаруашылық мемлекет жеңілдіктерінен басқа бірде-бір мәрте несие алып көрмепті.

Шаруа қожалығының  басшысы  Нұрбол Темірбеков тұрғындар арасында  беделді де қайырымы мол ақкөңіл азамат. Нұрболдай атпал азаматтардың игілікті істермен шұғылданып, еліне елеулі, халқына қалаулы болуы келер ұрпақтарға үлгі болары анық.

Ол өзіне сәлем берген жандардың қай-қайсына да жылы шырай танытып, жымиып жүреді. Қашан көрсең де, үлкеннен құрметін, кішіден ізетін аямайды. Дауыс мәнерінің өзі бойындағы әдептілікті, үлкен мәдениеттілікті аңғартады. Кейбір адамдар бұрын еш жерден кезіктірмесең де, алғаш көргеннен-ақ жағымды әсер қалдырады. «Шіркін, қандай кеңпейілді, парасатты жан еді?!» деп болмысына сүйсініп қарайсың. Бәлкім, ол кісіге еліктеп жүрген жастар арамызда аз емес шығар. Дана Абай «Болмасаң да ұқсап бақ» деп бекер айтпаған. Бұл сөздерді қожалық басшысымен жүзбе-жүз кездескен әр адам, әр ауылдасы айтады.

«Еңбегіне қарай – құрметі» дегендей, шаруашылық еңбек адамы үшін бар жағдайды жасауға тырысуда. Қарамағында жұмыс істейтін механизатор, егінші, малшы және т.б. еңбекшілердің орташа айлық жалақысы 150-200 мың теңгенің шамасында. Мерекелер мен атаулы күндерде жұмысшыларды көтермелеп, ынталандыру шаралары да назардан тыс қалмайды. Одан бөлек, көмір, ұн, сойыс малынан ет, малына жем-шөп беріп тұрады. Бұрнағы жылдары озат жұмысшыларға жылдың соңында жеңіл автокөлік мінгізу дәстүрі де болған.

Біз одан халық игілігі үшін жасалып жатқан істерінің бір-жарына тоқталып өтуін сұрап, өтініш білдірген едік. Алайда, ол тіс жарып, көп нәрсе айта қоймады.

Есесіне,  ер Баукеңнің «Ер істеді дегенше, ел істеді десеңші» деген нақыл сөзінде айтылғандай, өзі мақтан сүймейтін, үнемі көпті алдына қалқан етіп ұстайтын жігіт ағасының бүгінде көп іс тындырғанын ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы Бектархан Сүлейменов тізбелеп берді.

-Нұрбол ауылдастары мен қарамағындағылардың тұрмыс-тіршілігіне көп көңіл бөледі, оларға ұдайы көмектеседі, қолдан келген жәрдемі мен ақыл-кеңесін аямайды. Қолы ашық, елге-жұртқа елгезектігімен, жомарттығымен танылған ол өткен жылы облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасы  аясында өз қарамағындағы аз қамтылған жұмысшының отбасына баспана сыйлады, – дейді бас  маман.

Ауылының ажарын айшықтап, тұрғындардың тілегін хал-қадірінше орындап жүрген абыройлы азаматтың адамгершілігі де бір төбе. Округте өтетін атаулы мерекелерге демеушілік жасау сияқты ауыз толтырып, айта берер жақсылықтары көп, әрине. Иә, расында да байлық та, бақыт та адал еңбек, маңдай тердің арқасында келеді. Шалқалап жатып, шалқып өмір сүрсем деп, қиялдағаннан қарын тоймайды.

Табыстың кілті адамның ынта-ықыласы, ерік-жігерінің арқасында деп санайтын ол қашанда халыққа қызмет етуге даяр. Қолынан келгенінше қайырымдылық шараларына қатысып, мұқтаж жандардың мұңын тыңдайды, қаржылай қолдайды. «Оң қолыңның бергенін сол қолың көрмесін» дегенді ұстанатын ол алған-бергенін айтып, дандайсымайды.

Өзінің адал еңбегімен отбасын бағып, ұрпағын өсіріп,  шаруасын да дөңгелентіп жүрген азаматты қолдап, жағдайын жасап отыратын анасы Жаңылгүл мен жары Ұлбан.

– Қазір шаруашылық істерімен інім Нұрболат екеуіміз айналысамыз. Қожалық төрайымы анам Жаңылгүл әлі де бағыт-бағдар беріп отырады. Жұбайым Ұлбан екеуіміз екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірдік. Ата-анам бізге «қолға алған жұмысыңды аяқсыз қалдырма. Талпынсаң тау да басын иеді. Ең бастысы, жігерің жасып, мұратың мұқалмасын» деп рух беріп отыратын. Қазір біз оны өз балаларыма өсиет етіп айтамын,- дейді Нұрбол Темірбеков.

Ағайынды Темірбековтердің  ірілендіру бағытындағы іс-тәжірибесі зер салуға тұрарлық. Агроқұрылым бірнеше жылдан бері жұмысын бірнеше шаруашылықпен серіктескені бар, жай шаруалардың үлесін қамтығаны бар, ірілендіруге бағыт ұстанып келеді. Өйткені, келешектің тек іргелі шаруашылықтарда болатынын Нұрболдар жақсы түсінеді.

Шаруашылық басшысында тың идеялар ете көп, ал олардың өмірге жолдама алуына көп уақыт қажет. Қазіргі заманның өзі кәсіпкерден тынбай еңбектенуді, уақыттан оза қимылдауды талап етеді. Оның жай жүрген кездері болмайды, ұдайы ізденіп, түртінектеп жүргені.

Қазір қара күз, жиын-терім аяқталды. Малдың қысқы жем-шөбін жеткілікті дайындап алды. Енді, қолда бар техниканы алдағы жылғы науқанға дайындық сапына қою керек. Техникаға қажетті қосалқы бөлшекті ол Ресейден өзі барып, әкеледі.

Иә, атақ-абырой, бақ-дәулет, толағай табыс кім-кімге де өздігінен келе қоймайды. Бұл – бірнеше жылдардың жемісі, адал еңбектің нәтижесі. Ал, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып отырған шаруашылықтың қалыптасу, өсу жолы осындай.

 

Абылайхан СӘРСЕН,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close