El іshі

“Жақсының жақсылығын айт…” Әлімбек Әсембекұлының игі істері жайында көп айтуға болады

Жомарттық – адам бойындағы ізгі қасиет. Абайдың 38 қара сөзінде жуан мәрттіліктің үш сипаты айтылады. Олар: шындық, ақ пейілділік, даналық. Осы үш сипаттан тағы үш түсінік тарайды: шындықтан әділет, ақпейілділіктен шапағат, даналықтан ақиқат мағлұм болмақ. Бойында осындай қасиеттері бар жан жомарт аталса, оның жасаған істері жомарттық деп аталады. Абай мұндай адамдар қатарына пайғамдарларды, әулиелер мен хакімдерді жатқызады. Адамдардың барлығы пайғамбар, әулие, хакім бола алмағанымен, жомарттық – осы жолға бастайтын қасиет. Жомарттық әлем халықтары түсінігіндегі меценаттық ұғыммен мәндес.

Бүгінгі қазақ ұғымында мұндай іс демеушілік деп те аталады.
Ізгі іс биік рухты талап етеді.
Ел билеуде де жомарт пен жомарттықтың маңызы зор. Жомарт адам билікке келсе, халық ырысты болмақ.
Қазақта “Жомарт бергенін айтпас, ер айтқанынан қайтпас” деген сөз бар. Яғни, өзін насихаттау үшін жасалған іс жомарттыққа жатпайды. Алайда біз жомарт жандардың ісі өзгелерге үлгі болсын деген мақсатпен мақалалар дайындап, газет бетіне жариялап отырамыз.
Қайырымды, жомарт жандардың бірі – облыстық мәслихаттың депутаты Әлімбек Жұмабаев.
Әлімбек Әсембекұлы өте қарапайым, иманды, кішіпейіл, өзін насихаттауды жаны сүймейтін, мейлі бай, мейлі әкім қара болсын, ешкімнің алдында өзгермейтін, ешкімге жалпақтауды білмейтін салқынқанды азамат. Сондықтан бұл мақаланы жазарда ол кісінің өзіне хабарласпадық. Себебі, қарсы болатыны айдан анық.
Әлібек Әсембекұлы облыстық мәслихаттың депутаты болып 2018 жылы сайланды. Кәсіпкер бұрыннан елдің дамуы мен халықтың тұрмыс жағдайынының көтерілуіне өз үлесін қосып жүрген азамат. Ал, депутат болып сайланғалы облыстың дамуына бұрынғыдан да еселеп үлес қосып келеді. Яғни, ол үнемі халықтың арасында. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, үкіметке жеткізіп, қажет жағдайда өзінің тарапынан да көмек-қолдауын аяған емес. Оның ішінде біздің ауданға, аудан жастарына қомақты көмек көрсетті.
Атымтай жомарт жанның ауданға жасаған игі істері, бойындағы адами биік қасиеттері жайлы ауданда онымен хабарласып, демеушілік шараларды ұйымдастырып жүретін жанның бірі – “Nur Otan” партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Садыққызымен әңгімелесуді жөн санадық.
-Әлібек Әсембекұлы 2018 жылы екі бастауыш партия ұйымына қарасты екі ауыл мектебіне ІТ сыныбын ашып берді. Яғни, “Б.Момышұлы” БПҰ-на қарасты №1 мектеп-гимназия мен “Қызыларық” БПҰ-на қарасты Ақтөбе тірек мектебіне ІТ сыныбын ашып, жалпы сомасы 4,5 миллион теңгеге қажетті құрал-жабықтармен қамтамасыз етті.
2019 жылы “Nur Otan” партиясының ұйымдастыруымен БПҰ мүшелері арасында ұлттық спорт түрлерінен аудандық турнир өтті. Турнирдің өтуіне де Әлібек Әсембекұлы демеушілік жасады. Жарыс нәтижесінде І орын алған жеңімпаздарға 200 мың теңге, ІІ орын алған жеңімпаздарға 150 мың теңге, ІІІ орын алған жеңімпаздарға 100 мың теңге тапсырылды. Сонымен бірге, демеушінің тарапынан барлық қатысушыларға түскі ас ұйымдастырылды.
Ал, өткен жылы Б.Момышұлы ауылындағы Алма Оразбаева көшесінде орналасқан 12 үйге 1 млн.теңге қаражатқа ауызсу құбырын тартып берді.
Сондай-ақ, 2020 жылы коронавирустық инфекцияға байланысты елде төтенше жағдай жарияланып, халық індеттен емделуде дәрі-дәрмектен тапшылық көрген тұста облыста кәсіпкерлер бірігіп, шет мемлекеттерден дәрі-дәрмектер алдырып, аудандарға таратты. Сол сәтте Әлібек Жұмабекұлы өз қаражатына 4 млн. теңгенің дәрі-дәрмегін алғызып, біздің ауданға жіберді. Бұл дәрі-дәрмектердің таратылуы “Атамекен” кәсіпкерлер палатасы арқылы үйлестірілді.
Одан басқа Талас ауданындағы Майтөбе ауылына ауыл қарияларының өтінішімен ауданға ағын су келетін арық қазып берген.
Сонымен бірге, менің естуімше бұл кісі Тараз қаласында шын мұқтаж отбасыларға пәтер де алып береді екен.
Жалпы бұл кісі демеушілік жасарда “Жасалатын дүние жастарға қаншалықты қажет? Оның жастарға берер пайдасы қаншалықты? Оны қанша жас пайдалана алады? немесе демеушілік жасалатын жан шын мұқтаж жан ба?” дегендей сұрақтар бойынша алдын ала зерттейді. Және Әлібек Әсембекұлы өзін, атқарған игі ісін жарнамалағанды мүлдем ұнатпайтын азамат,- дейді Анар Садыққызы.
Әлімбек Әсембекұлы 1974 жылы Тараз қаласында туған. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін бухгалтерлік есеп және аудит мамандығы бойынша тамамдаған.
Жастайынан шахмат ойынына, спортқа жақын болады. Яғни, шахматтан жаттықтырушы-оқытушы, “Футбол” Ассоциациясының вице-министрі, “Тараз” футбол клубының Президенті болады.
Еңбек жолын кәсіпкерлік салаға арнаған. Бүгінгі таңда “AltaisGroup” ЖШС-нің Бас директоры.
Жақында Тараз қаласында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай мемлекетіміздің дамуына үлес қосып жүрген еріктілерді, кәсіпкерлерді, меценаттарды, әр саладағы мамандық иелеріне құрмет көрсетіп, алғыс білдіру, яғни қазақстандық қоғамда қайырымдылық, жомарттық пен белсенді бастамаларды насихаттау мақсатында ұйымдастырылған ІІІ республикалық байқаудың жеңімпаздары мен лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті.
Байқауды Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Қорының бастамасымен “Хабар” КТК агентігі мен “Қазақстан Іскер әйелдер қауымдастығы» ұйымдастырды. Конкурсқа облыстан 42 азамат қатыстырылып, оның бесеуі жеңімпаз атанды. Жеңімпаздардың арасында “Туған жер” номинациясы бойынша республика бойынша күміс жүлдегер атанған “AltaisGroup” ЖШС-нің Бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты, меценат Әлімбек Жұмабев та бар.
Қысқасы, “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” демекші, қайырымды азамат Әлімбек Әсембекұлының әрбір ісі жас ұрпаққа үлгі боларлық. Жомарт жанның қолға алған ісіне Алла тағала береке беріп, еңбегін жандырсын!
Лайым, ел ішінде жомарт жүректі жандар көп болсын!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close