El іshі
Берері мол бағдарлама
«Жастар тәжірибесі» – нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясындағы жастарды қолдаудың бір түрі. Себебі, оқуын енді бітіріп, дипломы қолына тиген түлектердің бірден жұмысқа орналасып кетуі қиын. Сондықтан, бағдарлама түлектердің алған мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін жинақтауды көздейді.
«Жастар тәжірибесі» – техникалық және кәсіптік білім беретін немесе жоғары оқу орнын бітіргеніне үш жыл болмаған және 29 жасқа толмаған жұмыссыз жастарға арналған жоба.
«2020 жылы ауданда 325 жас маман «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен, жұмыс істеп тәжірибе жинақтаса, биыл 110 жас маманға сұраныс түсіп, олардың 49 «Жастар тәжірибесімен» жұмыс істеп жатыр, орындалуы 44,5 процентті құрап отыр. Республикалық бюджеттен 35004,0 мың теңге бөлініп, 7000,0 мың теңгесі игерілді. Жергілікті бюджеттен бөлінген 12528,0 мың теңге қаражаттың 2000,0 мың теңгесі игерілді»,- дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Нұрқанат Ұлтарақов.
Аталған бағдарламаның шарапатын сезінген жастардың бірі – Жансая Оразалықызы.
Ол Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Сарыбұлақ ауылының түлегі. Ауылдағы Сарыбұлақ орта мектебін бітірген. Жастайынан мұғалім болуды армандаған Жансая Шымкент қаласындағы Халықаралық гуманитарлық техникалық университеттін «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бітіріп шығады.
-2019 жылы Жуалы ауданының Данияр есімді азаматына тұрмысқа шықтым. Содан аудандағы Қайрат ауылындағы №2 Мыңбұлақ орта мектебіне «Жастар тәжірибесі» арқылы қаңтар айынан бастап жұмысқа орналастым.
Мектеп ұжымы мен сияқты «Жастар тәжірибесімен» келген мамандарды жылы қабылдады. Маған тәлімгер етіп сол мектептің жоғары санатты мұғалімі Сандуғаш Назарованы бекітті. Ол маған оқушылармен қалай жұмыс жасауды, олармен қалай тіл табысуды үйретті. Өз білімімен бөлісіп, білмегенімді үйретіп көп көмектесті. Мен ол ұстаздан үйренерім әлі де көп.
Осындай білім ошағынан тәжірибеден өтіп жатқаныма қуаныштымын. Бұл орта маған қатты ұнайды, – дейді Жансая.
Жансаяның қайын енесі, екінші анасындай болып кеткен жан Ғазиза Бозаева №2 Мыңбұлақ орта мектебінде химия-биология пәнінен сабақ береді. Ол кісі Жансаяны үнемі жігерлендіріп отырады екен.
Жансая болашақта магистратура оқып, білімін жетілдірсем, әрі қарай «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасып, жас ұрпақтың сапалы білім алуына өз үлесімді қоссам дейді.
Жастардың көпшілігі тәжірибеден өткен ұйымда тұрақты жұмыс істеуге қалады. Көп нәрсе жастың өзіне байланысты. Егер ол тәжірибе барысында өзін жақсы қырынан көрсете білсе, жұмыс беруші де оны тұрақты жұмысқа алып қалуға тырысады
Жастар арасындағы жұмыссыздықты жою, оларға қолдау көрсету – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Себебі, жастар – елдің болашағы.
Баян ТҰРСЫНҚҰЛҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»