Basty betEl іshі

Ғасыр жасаған әжелер

Бұл жарық тіршіліктегі екі жылуды ерекше сезінбеу мүмкін емес шығар! Оның бірі көктем лебімен жеткен дала таңының жылуы болса, екіншісі – алпыс екі тамырын иіткен ана алақанының жылуы! Бұл екеуі бір ғана ұғымды білдіреді. Ол – көңілдің шуағы, өмірдің шырағы!
Ауданымызда 100 жастан асқан екі-ақ әже бар. Олар: жаңаталаптылық Сапура Зауырбекова мен жетітөбелік Анапия Жақсылықова.
Сапура Кенжебекқызы 1928 жылы Тараз қаласының жанындағы Бектөбе ауылында өмірге келген. Ата-анасы қарапайым колхозшы болған. Анасы Сапура әжеге дейін он құрсақ көтеріпті. Бірақ, барлығы шетіней беріпті. Сосын жолдасы екеуі жаяу, табандары тасқа тиіп, маңдайы ыстыққа күйіп жүріп әулиелерді, емшілерді аралап, Алладан тілеп жүріп, Сапура әжені көтеріпті. Артынан тағы да бір қыз бала дүниеге келген. Ата-анасының ұлы болмағандықтан қыздарын ұлша тәрбиелеген.
Сапура әже 16 жасында Күркіреусу ауылының азаматы Әбілдә Зауырбековқа тұрмысқа шыққан.
Әбділда атаның бірінші әйелі қайтыс болып, одан екі ұл бала қалған екен. Сапура әже екі баланы бауырына басып, туған балаларынан кем көрмейді. Өзі он екі құрсақ көтерген. Бірақ, алты баласы кішкентай кезінде шетінеп кетіпті. Әже қызылшадан бір күнде екі қызым бірдей шетінеген деп айтып отырады екен. Қазір төрт ұл, бір қызы аман-есен, олардың өзі бір-бір үйдің ата-әжесі атанып отыр. Сапура әже ұрпақтарынан 40 немере, 83 шөбере, 16 шөпшек сүйген бақытты жан.
Әбілдә ата ғұмыр бойы темір-жолшы болып еңбек еткен. Ал, Сапура әже колхозда әртүрлі жұмыстар істеген. Қызылша еккен, масақ терген.
Әже үлкен ұлы Жақсылық пен келіні Қатираның қолында тұрып жатыр.
Екі ұлы Жақсылық пен Сәрсен әкесінің жолын қуып теміржолшы болған. Қазір зейнет демалысында. Нұрланы әскери бөлімде жүргізуші. Мараты жеке кәсіпкер. Ал, қызы Ғалия есепші. Ол да зейнет демалысында.
Қолындағы келіні Қатира төрт қыз, үш ұл тәрбиелеген «Алтын алқалы» ана. 101-ге келген әжеге екі немере келіні Гүлнар мен Мадина қарап отыр.
-Қазір үйде енем, мен, жолдасым үш қария болып отырмыз. Қас-қабағымызды бағып, қарап отырған келіндеріме ризамын. Әжемізге көбінде осы екі келін қарайды.
Әжеміз Байзақ батырдың тікелей немере келіні. Ол туралы бұған дейін газеттерге мақалалар жарияланған.
Енем жас кезінде өте еңбекқор кісі еді. Менің келін болып түскеніме 50 жыл болды. Ол кезде бұл кісі жас. Он саусағынан өнер тамған ауылдағы өнерлі әйелдердің бірі. Киім тігеді, құрақ құрайды, киіз басады. Бау-бақшаны да жайнатып жіберетін. Көпшіл еді. Тік мінезді, айтқанынан қайтпайтын. Қаталдығы да жоқ емес. Той-жиындарда ән айтқанды ұнататын. Қазір де ыңылдап айтып отырады. Былтыр «Шалқар» радиосынан журналистер келгенде ән айтып берген. Биыл денсаулығы болмай қалды.
Былтыр 100-ге толғанда той жасадық. Үрім-бұтағы жан-жақтан жиналып, ерекше есте қаларлықтай өтті.
Әжені бүкіл ауыл сыйлайды. Енді қазіргі жастардың көбі тани бермейді ғой.
Жаңа айттым ғой қаталдығы да бар деп. Мұндаға дейін айтқанын істететін. Енді-енді ғана «иә-иә» деп алдап қоятын болдық (күледі). Әйтпесе, аузынан шыққанды орындататын. Бір жаққа шығатын болсақ, міндетті түрде әжемізден сұранамыз. Үйден шығып бара жатқанда киімімізге, шашымызға міндетті түрде қарайтын. Киіміміз ұнамаса, ауыстырғызып тастайды,- дейді келіні Қатира апай.
-Анамның еккен қарбыз, әңгелегін бүкіл ауыл балалары жейтін. Өте еңбекқор еді. Ол кезде киім деген жоқ. Қолынан келетіндер тігіп немесе біреуге тіккізіп киетін. Менің шешем өзі тігіп отыратын. Түнімен ұйықтамай қалғып отырып бізге киім тігіп отырушы еді. Сол күйі ұйықтамай азанда сиыр сауып әрі қарай жұмыс істеп кететін.
Бұл кісілер талай қиындықты бастан өткізді ғой. Шет жағасын біздер де көрдік. Әкем сай-салада шөп орады, анам соны сайдан қырға таситын. Мына бір әңгімесі әлі есімде. Нанды талонмен беретін уақыт болуы керек. Бір жолы үйге бір жиендері қыдырып келіп, сол бір айға берілген талонды ұрлап кетіпті. Содан бір ай бойы анам бидайдың масағын теріп, соны суырып, қол диірменге тартып, тамақ қылып жан сақтаған екенбіз. Шиеттей бала-шаға анамыз бен әкеміздің арқасында қатарға қосылдық,- дейді үлкен ұлы Жақсылық атай.
***
Кәріқорғандық 104 жастағы Анапия Жақсылықова замандасына қарағанда ширақ. Әңгімесін айтып, батасын беріп, өзі кіріп-шығып жүр.
-Екі жасымда ата-анамнан бірдей айырылдым. Содан алты ағайынды ағамыздың тәрбиесінде болдық. Өзім Байзақ ауданы, Көкөзек ауылының қызымын.
18 жасымда осы ауылдың азаматы Мұхамеджанға тұрмысқа шықтым. Жолдасым әртүрлі жұмыстар істеді. Ауылдың имамы болды. Мен қызылша алқабында еңбек еттім. Сауыншы болдым.
Соғыс жылдары халық қатты қиналды. Ауылда тек әйелдер, бала-шаға, қарт кісілер қалды. Ауылдағы ерлермен бірге менің де жолдасым соғысқа кетті. Ауылда қалған біздер түнімен ұйықтамай солдаттарға шұлық, қолғап тағы да басқа киімдер тоқимыз. Қолымыздағы бар малымыздан алған өнімді бала-шағамызға ауыз тигізбестен майданға деп үкіметке өткіземіз. Киерге киім жоқ. Қарнымыз жартылай аш. Әйтеуір өлместің күнін кештік. Қазір Аллаға шүкір, патшамыздың, егемендіктің арқасында қарнымыз тоқ, киіміміз бүтін. Ең бастысы, заманымыз тыныш. Бұдан артық адам үшін жақсылық, бақыт бар ма?!
Қолымдағы ұлым Мағзымбек шаруа қожалығын құрып, балаларымен егін егіп, мал асырайды. Еткен еңбегіне қарай Аллаға шүкір ел қатарлы өмір сүріп жатыр.
Біздің көрген қорлығымызды енді халықтың, жастардың басына ешқашан бермесін. Лайым тек қана жақсылық болсын!
Бала-шағама да ризамын. Барам деген жеріме көлікке көтеріп мінгізіп алып барады.
Қазір бір үйде қолымдағы балам Мағзымбек пен келінім Гүлжанның келіндері, немере келіндерім Маржан, Диана бірге тұрып жатыр. Бұл да балалардың ауызбіршілігінің арқасы. Барлығына алғыстан басқа айтарым жоқ.
Мерекеге айтар тілегім – бізді еңбек есейткен, біз балалық дегеннің не екенін білмей өстік. Ендігі жерде халқымыз аман болсын! Аналар мен балалар ешқашан жыламасын! Заманымыз тыныш болсын! – дейді Анапия әже. Әже ұл-қызынан 25 немере, 54 шөбере сүйіп отырған өсіп өнген үбірлі-шүбірлі жан.
Арамызда ғасыр иесі атанған жандардың жүруінің өзі бір ғанибет емес пе! Төрімізден қария кетпесін! Аналар мерекесі құтты болсын!
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close