Basty bet

Шаруа қожалықтары басшыларымен кездесті

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың 2019 жылғы 13 наурыздағы №70 өкімімен бекітілген жергілікті атқарушы орган басшыларының жұмыс алгоритміне сәйкес аудан әкімі Нарбай Ергебеков ауданға қарасты ауылдық округтің тұрғындарымен кездесіп, онда жергілікті жерлерде туындап отырған мәселелер кеңінен талқыланып, олардың шешілу жолдары да қарастырылып келеді. Апта басында аудан басшысы Нарбай Ергебеков атбасын Қызыларық ауылдық округіне бұрды. Аталған ауылдық округтегі Ақтөбе ауылында өткен тұрғындар жиынына Қызыларықпен көршілес жатқан Ақтөбе ауылдық округінің де тұрғындары қоса шақырылды.
Ауылдық мәдениет үйінде өткен басқосуды аудан әкімі Нарбай Ергебеков сөз сөйлеп ашты.
– Құрметті қос ауылдық округтің тұрғындары! Мен осыған дейін ауданға қарасты бірқатар ауылдық округтерге жұмыс сапарымен шығып, тұрғындармен кездесулер өткіздім. Тұрғындар жиыны барысында әлеуметтік мәселелер, жер, ауыз су, жол мәселелері кеңінен көтеріліп келеді. Біз шаруа қожалықтары басшыларымен және шаруашылық өкілдерімен де аймақтық кездесулер жасап жатырмыз. Бүгінгі жиынымызды да шаруа қожалық басшыларымен, сонымен бірге округ тұрғындарымен кездесуге арнадық. Туындап отырған мәселелеріңіз болса, тыңдап, сол мәселені зерделеп барып жауабын айтатын боламыз, – деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Жиынның тәртібі бойынша алғаш болып аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Сәбит Нұрлыбаев Қызыларық және Ақтөбе ауылдық округтеріндегі индикативтік көрсеткіштер бойынша ақпарат берді. Ауданның ауыл шаруашылығы саласына жауапты бөлімнің мәліметінше, Қызыларық ауылдық округінің шаруалары биылғы жылы 612 гектар алқапқа күздік бидай, 1585 га жаздық арпа, 305 га, майлы дақылдар, 187 га алқапқа күнбағыс, сонымен бірге 1675 гектар алқапқа мал азығын еккен. Тиісінше, бүгінгі таңда егілген өнім толықтай жиналып, одан алынған орташа өнімділік 23,2 центнерді құрап, жалпы түсім 5097 тоннаға жеткен. Күзгі дала жұмыстары бойынша 2020 жылдың өнімі үшін 712 гектар алқапқа күздік бидай егу жоспарланып, бұл жұмыстар 106, 3 пайызға орындалған.
Ақтөбе ауылдық округінде де биылғы жылы жер өңдеп, өнім алу жұмыстары өз деңгейінде атқарылған. 2020 жылдың өнімі үшін 350 гектар күздік бидай егу жоспарланып, бүгінгі күнге жұмыстар 100 пайызға орындалып отыр.
Сапалы тұқым – мол өнімнің кепілі. Осы ретте Қызыларық ауылдық округінде орналасқан «Дархан» шаруа қожалығы 2018 жылы күздік бидайдың супер элиталық «Стекловдный-24» тұқымын Алматы ғылыми-зеррттеу институтынан 18 тонна көлемінде әкеліп еккен. Ағымдағы жылы сапалы бидай тұқымынан гектарынан 35-46 центнер өнімге қол жеткізіліп, аталған шаруа қожалығы аудан көлеміндегі басқа да шаруашылықтарды элиталық тұқымдармен қамтамасыз етіп отыр. Аудан бойынша индикаторлық көрсеткіштерге сәйкес, ауыл шаруашылығы техникаларының жаңартылуы 5,7 пайызды құрайды. Осыған сәйкес Қызыларық ауылдық округінде ағымдағы жылы бір дана «МТЗ-952» маркілі трактор және бір дана ауыл шаруашылығы тіркемесі жалпы құны 11,3 млн. теңгеге алынса, ал Ақтөбе ауылдық округінде үш дана «МТЗ-952» тракторы, сонымен қатар төрт дана тіркеме барлығы 28, 57 млн. теңгеге сатып алынған.
Жиынның сұрақ-жауап және пікір алмасу бөлімінде Ақтөбе ауылындағы «Жомарт» шаруа қожалығының мүшесі Айдар Арғынбеков егін егу барысында кездесіп отырған ең басты проблема – су мәселесін сөз етті. Оның айтуынша, ауылдың шаруаларының жұмысына ағын су мәселесі кедергі келтіріп отырған көрінеді. Басқосуға қатысқан өзге де шаруа қожалықтары өкілдері ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, екен егіннен мол өнім алуға бірқатар проблемалардың кері әсер етіп отырғандығын жеткізді.
Келесі кезекте аудан әкімінің орынбасары Әбдікерім Уркумбаев «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың жайын, бағыттарын, сонымен қатар мақсат-міндеттерін кеңінен баян етті. Бір айта кетерлігі, аталған қанатқақты жобаны жүзеге асыруға Ақтөбе ауылдық округі таңдап алынған. Қазіргі таңда жоба жұмысын жүргізу бағытында қолға алынған жұмыстар аяқталып келеді. Осы және өзге де мәселелер мен туындаған сұрақтарға аудан әкімі Нарбай Ергебеков жауап беріп, шаруаларды жаңа технологияға шындап бет бұруға шақырды.
Нұржан МАНАСҰЛЫ.
Суреттерді түсірген Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close