Жүгі нарда, қазаны теңде болып, көшпелі ғұмыр кешкен қазақ халқының ертеден-ақ ежелгі мекені – ауыл болғаны анық. Яғни, ауыл – ұлтымыздың ұйытқысы. Ауыл — адамзаттың кең дүниенің есігін ашып, өмірге келген жері. Бізге дейін сан толқын ұрпақтың кіндік қаны мен маңдай тері тамған киелі мекені. Дүниедегі ең құдіретті ана болса, ауыл да барлық халықтың анасы, тіршіліктің нәрі. Тұңғыш-Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Біз кез-келген ұлттың түп-тамыры ауыл жұртында жататынын естен шығармауға тиіспіз»,- деген сөзі өте орынды айтылған.
Ауыл – алтын бесігіміз. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының бірлігі мен ынтымағы жарасып, көптеген игі істерді бірге атқарады. Осы ретте, Қошқарата ауылдық округінің орталығы Қошқарата ауылындағы тұрғындар жұдырықтай жұмылып, ауыл жанындағы мазаратқа барар жолға құмшағал төсеу жұмыстарын жүргізді. Бұл іске осы ауылдағы барша тұрғындардың көмегімен жарты шақырым жолға шағал төселді. Елді мекенге ауызсу құбырын жүргізіп жатқан «АгроСпецМонтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері де тұрғындарға көмек ретінде техникаларын беріп, жұртшылықтың алғыстарын алды. Осы ауылдағы бастаманың басы-қасында Қошқарата ауылының қауымдастық төрағасы Жорабек Шыршықбаев, Есенғали Тәліпбеков, Жүрсінбек Назарбеков, Рақымжан Темірбеков болып, Нұрбол Дербісәлиев пен Ерболат Тәртіпбекұлы жүк көліктерімен атсалысты.
Сонымен қатар, ауылдық округке қарасты Қызтоған ауылында тарихы тереңде жатқан Қаңлы мешіті орналасқан. Екі ғасырлық тарихы бар мешіт маңында Қаңлы мазаратты бар. Ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі бұл елді мекенде де көрініс тауып, осы мазаратқа барар екі шақырым жолға шағал төсеу жұмыстары жасалды. Игі іске үлкен шаруа қожалықтардың төрағалары, ауылдан түлеп ұшқан және ауылдың барша белсенділері атсалысты. Бұл жұмыстарға бірден бір сүбелі үлесін Әділет Беспайұлы қосып, жұмысты жүргізу үшін техникалармен қамтамасыз етті. Сондай-ақ, құмшағал төсеу жұмыстарына Сағынғали Әбдікерімов, Қалдыбек Ақышев, Рақымжан Төлеуішов, Досан Кенжебеков, Есжан Ерубаев, Дулат Жақсыбекұлы атсалысып, өз үлестерін қоса білді.
Міне, осындай ынтымақ пен бірлікті ту еткен ауыл тұрғындары игі жұмыстарын аяқтады.
Руслан Назарбеков,
Қошқарата ауылдық округі
әкімі аппаратының бас маманы