El іshі
«Ұлтым шешен болғанымен, жүрегім қазақ деп соғады»
Ел тыныш болса береке мен бірлік орнайды. Халық алаңсыз еңбек етіп, тыныш өмір сүреді. Бейбіт елдің экономикасы өркендейтіні өз алдына, ең бастысы, халықтың жүрегі тыныш болады. Тәуелсіздік жарияланған сәтте-ақ біздің еліміз де өзге жұрт секілді ең алдымен қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігіне көңіл бөлді. Еліміздің сыртқы, ішкі тыныштығын қадағалау кезек күттірмейтін мәселеге айналды. «Жау жоқ деме, жар астында» демекші қай кезде де іштен іріткі салушылардың табылатыны анық. Сондықтан қоғамдық қауіпсіздікті қадағалайтын әскерлердің жұмысына ерекше назар аударылды. Қазір осы маңызды міндетті әскер сарбаздары абыроймен атқарып жүр.
Осындай абыроймен әскерге барып, Отан алдыңдағы борышын өтеп келген Билал Самбиевті айтуға болады.
Ол Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келген. Аталған ауылдағы №1 мектеп-гимназияда тоғызыншы сыныпқа дейін оқыған. Әрі қарай оқуын Ақбастау ауылындағы №16 Жуалы колледжінде жалғастырып, электр-дәнекерлеуші мамандығын алып шығады.
Ол 2016 жылы көктемде әскерге шақырылып, борышын Павлодар қаласындағы “Қазақстан Республикасы ұлттық ұланының 6679 әскери бөлімінде” өттейді.
-Мен мерзімді әскери қызмет қатарына өз еркіммен бардым. Қазір көптеген жас жігіттер әскерге бармауға тырсады. Үйдегілерге келіп әскерге баратын болдым деп айтқанда, ата-анам бірден мені қолдап «ержігіт әскерлік өмірді көру керек» деп айтты. Әскерге барғанда алғашында қиналдым, ауылды сағынып, қайтқым келетін. Таңертең ерте тұрып, тәртіпке бағыну алғашқыда оңайға түспеді. Әрі әскерде әлімжеттік болатыны туралы естіп келгендіктен әуелгі кезде қорқып жүргенім рас. Бірақ бәрі біз ойлағандай емес екен. Барлығы әскердің қатаң тәртібі мен ережесіне бағынады. Мен де қатаң тәртіпке үйрендім. Бұл жерде үйдегідей еркіндік жоқ. Әрбір ісіңе жауапкершілікпен қарайсың. Жалпы әскери өмірді көру, қатал тәртіпті бастан өткеру әрбір жас жігітке шыңдалу үшін қажет.
Біз таңғы асты ішіп болған соң, бөлімнің алдында оқу-жаттығу жұмыстарын өткіземіз.
Қазір бұрынғыдай емес әскердің ішкі тәртібі қатаң қадағаланады. Бос уақытымызда өзімізді ретке келтіріп, тазалыққа аса мән береміз. Әскери өмірге байланысты концерттік бағдарламалар болады. Өз басым әртүрлі ішкі әскери оқу-жаттығуларға қатыстым және сыртқы Ресей еліне дейін барып өнер көрсеттім,- дейді Билал Мұсаұлы.
Билал отбасында үш ағайынды. Әкесі Мұса Алиұлы Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келген. Ұлты шешен. Қазіргі таңда аудандық электр желілерін тарату станциясында диспетчер болып қызмет етеді. Ал анасы Луиза Мұстафақызы Алматы қаласында өмірге келген, ұлты ингуш. Қазір үй шаруасында. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» демекші, Билалдың үйінде сексеннің сеңгіріне жеткен атасы бар. Ол кісі үнемі немерелерінің тілеуін тілеп отырады.
2017 жыл Билал тамыз айында әскерден оралып, екі жылдай әртүрлі жұмыс істейді. 2019 жылдың желтоқсан айынан бастап аудандағы 91678 әскери бөліміне аға барлаушы, пулеметшы маманы болып келісімшартпен қызметке орналасады. Ал 2020 жылдан бастап аға барлаушы және байланысшы болып ауысып, жұмыс жасауда.
Өткен жылы оған тамыз айында «ефрейтор» әскери шен берілді.
-Әскердегі өмір маған шыңдалуды, алға қойған мақсатқа жетуді үйретті. Біз ол жақта жүріп әскери қаруды қалай қолдануды және әскери техникаларды қалай жүргізуді үйрендік. Ол жақта жүріп қиыншылықты психикалық түрде жеңе білуді үйрендім. Әскерде жүріп біз нағыз достар қандай болатынын түсіндік. Алыста жүріп жақындарыңның қадірін түсінесің. Әскерде жүргенде сен әр ұсақ затқа қуанасың. Былайша азаматтық өмірде ол заттарды сен байқамайсың да. Әскери өмір сені шыңдап, сені рухы мықты етіп тәрбиелейтін және сені барлығына үйрететін мектеп деп ойлаймын.
Әрі қарай болашақта жұмысымды Қазақстанның Қарулы Күштерінде жалғастырсам, өз Отаныма қызмет етсем деймін. Ұлттым шешен болса да жүрегім мәңгі қазақ деп соғады. Әрқашанда аспанымыз ашық болсын, елімізде тыныштық болсын,- дейді Билал Самбиев.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»