El іshі

Ауылдан жеткен ақпарат!

Бауыржан Момышұлы
Аудан орталығындағы №1 бөбекжай-балабақшасында дене тәрбиесі нұсқаушысы Нұршат Асқарқызының ұйымдастыруымен «Балабақша барысы-2019» ұлттық ойындар сайысы өтті. Шараның мақсаты – ұлттық ойындар арқылы балаларды шапшаңдыққа, жылдамдыққа, ұлттық ойындарды саналы ойнауға үйрету, ойын арқылы олардың қимыл-қозғалысын дамыту. Сайыста балалар «Қыз қуу», «Мойын арқан», «Арқан тартыс», «Қол күрес», «Нысанаға көздеу» және басқа қызықты ойындарды ойнады. Жарыс соңында ұлттық ойындарға қатысқан балаларға арнайы дипломдар табысталды.
***
Балабақшада жазғы сауықтыру демалыстары жүйелі ұйымдастырылып, ондағы балалардың уақыттары тиімді өткізілуде. Осы орайда, жақында №1 бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі Эльмира Момынованың ұйытқы болуымен, «Сиқырлы көпіршіктер» атты іс-шара өтті. Шараның мақсаты – балалардың сөздік қорын байыту, ой-қабілеттерін дамыту, тәжірибе жасау арқылы сабын көпіршіктері туралы түсініктерін кеңейту, табиғат сырларын танып білуге баулу, өз беттерімен және бірігіп жұмыс істеуге үйрету, өзара қарым-қатынастарын қалыптастыру. Оған балабақшаның «Наурыз», «Солнышко», «Ромашка» топтарының тәрбиеленушілері қатысты. Кеш барысында балалар жарыса тақпақ айтып, көңілді ойындар ойнады. Сондай-ақ, балалар топқа бөлініп, «Су тасушылар», «Кім жылдам», «Суқұйғыштар», «Мергендер», «Көңілді көпіршіктер» ойындарына белсене қатысты. Ойын соңында балалар сабынды көпіршікті үрлеп, көңілді көпіршіктерді тамашалады.
Билікөл
Жақында ауылдық округтің орталығы – Қарабастау ауылындағы «Қарабастау» су тоспасының аумағында «Бірге – таза Қазақстан!» жалпыреспубликалық акциясы аясында сенбілік өтті. Сенбілікке ауылдық округ әкімі аппаратының мамандары, «Жуалы су» мекемесінің қызметкерлері, аудан әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің, спорт және денешынықтыру бөлімінің мамандары және ауыл тұрғындары қатысты. Шара барасында бұлақтың аумағы қоқыстардан тазартылып, онда тал-дарақты әктеу, қоқысты шығару, сырлау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, сенбілікте жиналған қоқысты арнайы орынға шығару үшін жүк көлігі жұмылдырылды.
Қошқарата
Егіс алқаптарында «Алтын орақ» науқаны қызу қарқын алуда. Ауылдық округте жалпы 2160 гектарға арпа, 1045 гектарға бидай, 1756 гектарға мақсары, 2987 гектарға көпжылдық жоңышқа егілді. Қазіргі таңда ауыл диқандары шөпті оруды толығымен аяқтап, егістіктен толығымен жинап алды. Ал, округтегі шаруа қожалықтарының алқаптағы арпасының 1214 гектары және бидайдың 446 гектары орылды. Бүгінгі күні округте арпаның орта өнімі гектарына 20 центнер, ал бидай 22 центнерден айналып отыр. Егін ору науқанында округтегі «Ақтасты» шаруа қожалығының төрағасы Муцалық Дазиевтың екі комбайны және Қошқарата ауылындағы Жұмажан Телеушовтың екі комбайны егін оруға атсалысуда.
Қарасаз
«Бірге – таза Қазақстан!» экологиялық акциясының кезекті сенбілік жұмыстарына ауылдық округтің тұрғындары белсене қатысты. Тұрғындар, еріктілер, округтегі мекеме қызметкерлері, сонымен бірге жастар Теріс өзенінің жағалауына тазалық жұмыстарын жүргізіп, күл-қоқыс, тұрмыстық қатты қалдықтарды жинап, шығарды.
Нұрлыкент
Ауылдық округте ораққа түсетін 2090 гектар дәнді дақыл алқабының, бүгінде 1700 гектары орылып, одан алынып отырған орташа өнім 22,6 центнерді құрап отыр. Егін оруға Түркістан облысынан «Класс» маркалы астық жинайтын төрт комбайн көмекке келіп, дәні толысқан алқаптардан астық жинауда. Сонымен қатар «Зылиха», «Элита-2», «Төлеген» шаруа қожалықтарының комбайндары жауапты науқанның көрігін қыздырып келеді. Округ шаруалары келесі жылдың өнімі үшін тұқымдық материалдарын сұрыптап, сүдігер көтеру үстінде.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close