El іshі
Көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған әзіл кеші
Аудандық «Достық» мәдениет үйінде аудандық «Жастар ресурстық орталығының» және Халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының бірлесе ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік – тұғырым!» атты «Маусымашар – 2021» жайдарман сайысы өтті.
Қазақстан Республикаксы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасын дамыту аясында ұйымдастырылған сайыстың мақсаты – жастар арасындағы мәдениеттілікті қалыптастыру, сонымен қатар жас таланттарды қолдау.
Жайдарман сайысын ардагер жайдарманшы Оңдасын Жұмағали жүргізді.
Сайысқа ауданға қарасты әр ауылдан 15 құрама команда қатысты. Атап айтқанда, «Жетіқарақшы», «Бәйтіков қырандары», «Жас жайдарман», «Жас таланттар», «Тәрбиелі бұзықтар», «Әзілхап», «Пахомов жастары», «Ерке тотай», «Томми және Джерри», «Оригинал», «Kz30», «Серпін командасы», «Нұрлыкент қырандары», «Қонаев жастары» және «Көңілді жігіттер».
«Сәлемдесу» және «Биатлон» аталатын екі кезеңнен тұратын сайысқа аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Мейіржан Телеушов, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының аудандық білім бөлімінің әдіскері Айгерім Қалмағанбетова қазылық етті.
«Сәлемдесу» кезеңі бойынша қатысушылар 5 минуттан аспайтын әзіл ойнады. Мұнда «Тәрбиелі бұзықтар», «Әзілхап», «Пахомов жастары», «Ерке тотай», «Томми және Джерри» және «Көңілді жігіттер» командасы ұтқыр ойымен, жарасымды әзілмен, сахна мәдениетін сақтауымен ерекшеленіп, суырылып алға шықты. Осылайша көрерменнің де ерекше қошеметіне бөленіп, күлкіге қарық қылды.
Екінші «Биатлон» сайысы бойынша команда капитандары бес әзілден оқыды.
Сайыстың қорытындысы бойынша, «Үздік құрама» номинациясын Нұрлыкент ауылының «Көңілді жігіттер» құрамасы жеңіп алса, «Үздік әзіл» аталымымен Көкбастау ауылдық округінен келген «Ерке тотай» құрама командасы марапатталды. Сонымен қатар, сайысқа қатысқан барлық құрамаға жайдарман сайысының 1/8 ойындарына жолдама берілді.
Мақпал Сүйінбай,
«Жаңа өмір»