El іshі
Өз өлкеңді тани біл!
Аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері білім бөліміне қарасты мектептерде өлкеміздің өткен тарихын насихаттау мақсатында көптеген тарихи тағылымдық іс-шаралар өткізілуде. Осындай оқушыларға патриоттық тәрбие беруге бағытталған жұмыс №6 А.Пушкин атындағы орта мектепте ұйымдастырылды. «Өз өлкеңді тани біл!» тақырыбында ұйымдастырылған шараға 7-11 сынып оқушылары қатысты
Шараның мақсаты – оқушыларға ерлікті, батырлықты, қайсарлықты насихаттайтын тарихи ескерткіштермен және өлкеміздегі ежелгі қалашықтардың орындарынан табылған көне жәдігерлермен жылжымалы көрме арқылы таныстыру.
Мектептің акт залында ұйымдастырылған шарада ҚР үздік өлкетанушысы, музейдің ғылыми қызметкері Дәулетжан Байдалиев Батырбек датқа, Садыбай-Байтана, Рысбек батыр, Бауыржан Момышұлы сынды тарихи тұлғаларға қойылған ескерткіштер туралы тың мәліметтерге негізделген тағылымдық әңгіме өрбітті. Өлкеміздің өткен тарихын баяндай келе, Жуалы жерінің тектоникалық ерекшеліктеріне тоқтала отырып, өлкеміздегі қасиетті орындар саналатын Жылқышытөбе, Баркуаб, Батырбек датқа кесенесі, Шақпақ әулие үңгірі, Қырыққыз Әулие, Момыш бұлағы аталатын жерлерге кеңінен тоқталды.
Ал, Жуалы аймағындағы ежелгі қалашықтардан табылған көрмеге қойылған жәдігерлермен музей қызметкері Манзура Қырықбай таныстырды.
Өлкетану сабағының соңында оқушыларға «8-аймақ» деп аталатын өлкеміздің тарихи орындары туралы және Билікөл аймағының табиғаты мен тарихы туралы «Таңғажайып Қазақстан» циклынан түсірілген Берікқара шатқалы туралы фильмдер көрсетілді.
Оқушылар өлкетану сабағын үлкен қызығушылықпен қабылдап, өздерін толғандыратын өлкеміздің тарихы туралы қойған сұрақтарына жауап алды. Музей ұжымы мен мектеп арасында мұндай іс-шара алдағы уақытта жалғасын табатын болды.
Ұлжан Исаева,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері