El іshі
Төлебала әже «Төлтума» номинациясымен марапатталды
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Тараз қаласының күні мерекесіне орай Тараз қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Ұмыт болған оюлар», «Құрақшылар әлемі» атты фестиваль өтті. ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласы аясында төл өнерімізді дамыту, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға өңіріміздің әр ауданынан, ауылынан отызға жуық ісмер қатысып, өз қолдарымен құраған қазақы бұйымдарын таныстырды.
Фестиваль аясында екі күн бойы семинарлар, тігін және қолданбалы өнер бойынша шеберлік сабақтары өтіп, тігу технологиясы кеңінен көрсетілді.
Фестивальға біздің ауданнан Көлтоған ауылының тұрғыны көпбалалы ана, ардагер ұстаз, қолөнер шебері Төлебала Сүңгібаева апамыз да қатысып, оның еңбегі жоғары деңгейде бағаланып, шараның «Төлтума» номинациясы бойынша қала әкімі Ержан Жылқыбаевтың Алғысхатымен және бағалы тігін мәшинесімен марапатталды.
-Бұл іс-шара маған қатты ұнады. Жас ұрпаққа берері мол шараға қатысушылар ұзақ уақыт дайындалды.
Мен фестивальға сырмақ жасап алып бардым. Себебі, сырмақ – қазақ халқының еншісіндегі қолөнердің көне түрі. Сырмақтың дайындалуы да күрделі, ұзақ уақытты талап ететін құнды дүние. Оны қой-ешкі, қозының жүнінен жасайды,- дейді Төлебала Күзембекқызы. – Сырмақ өкінішке орай, қазір қолданыстан қалып барады. Біз оны қайта қолға алуымыз керек. Әсіресе, балалар ойнайтын бөлмеге сырмақ төсесек, баланың денсаулығына өте пайдалы әрі жылы.
Ертеректе ата-бабамыз қыз жасауына үш түрлі сырмақ қосқан. Ол қонаққа төсеу үшін жасалған төр сырмақ, тізелеп отырып жұмыс істегенде пайдаланатын тізе сырмақ және қонаққа барғанда беру үшін арнайы жасалған кәде сырмақ.
Сырмақтың төрт бұрышына төрт қошқар мүйіз ою салынады. Бұл төрт құбылаң тең болсын деген тілектен туындағын. Жиегіне марал мүйіз салынады. Марал мүйіз ғұмырлы болсын деген мағынаны білдіреді.
Жалпы сырмақ – түпсіз терең қолөнер.
Сырмақтың атауы оны дайындау әдісінен алынған.
Сырмақ арнайы басылған киізге басқа түсті киізден, матадан қиып дайындалған ою-өрнекті сырып тігу арқылы жасалады. Әдетте киіздің әртүрлі түсті екі бөлігін бірінің үстіне бірін қойып, оюды қайшымен қиып алады. Сосын сол өрнектің екі шетін бірдей жиектей келіп, ортасын сырады. Содан соң ақ жүнге қара, не қоңыр, я болмаса керісінше қоңыр түске ақ жүн қапсырылады. Сонда сырмақтың өрнектелген бетінде екі түрлі үйлесімді түс пайда болады. Бірінің үстіне бірі салынған жүндерді қабыстыра келіп, астындағы киіздің бетіне салады да, оны жиілеп сырып тігеді. Яғни, ол салынған ою-өрнекпен жиектеліп, бірге сырылады. Түрлі-түсті жүндердің қосылған тұсындағы тұйық желісіне бояулы жіп тігіледі. Қысқасы, сырмақ сырылады, жиектеледі, астарланады.
Сырмақтың негізгі бөлшектері: шет ою, орта ою, бұрыш ою.
Бұл іс-шараға дейін екі жыл қатарынан өткен «Құрақ көрпе Fest» байқауына қатысып, жақсы нәтиже көрсетіп, тігін мәшинесін алғанмын. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолынан Алғысхат алдым. Бұл сәттер менің өмірімдегі ең әсерлі сәттер деп есептеймін.
Жалпы мұндай шаралардың ұрпақ тәрбиесінде алар орны зор деп ойлаймын.
Қолөнер – ұлтымыздың баға жетпес байлығы. Сондықтан ұлттық мұрамызды қайта жаңғыртып, дәріптеп, насихаттап, қолданып, дамытып отыру – біздің парызымыз. Біздің жасаған дүниелерімізді әрі қарай жалғастыру, дамыту – бүгінгі жас ұрпақтың парызы.
Фестивальдің көрермендерінің ішінде бір американдық әйел жүрді. Ол кісі менің дайындаған сырмағымды көріп, таңданып, ерекше қызығушылық танытты. Ұлттық қолөнер туындыларын жастардан гөрі үлкен кісілер келіп, көріп қызығып жатты.
Мұндай іс-шаралар жиірек өткізілуі керек. Және облыс орталығындағы ғана емес, аудан орталықтарында да ұйымдастырылғаны дұрыс,- дейді Төлебала Күзембекқызы.
74-ке келген ісмер анамыз Төлебала Сүңгібаеваның еңбекқорлығы, ұлттық қолөнерімізді сүйіп, ерекше құрметтей білуі жас ұрпаққа үлкен үлгі-өнеге. Шебер әжеміздің қуанышы жалпы жуалылықтардың қуанышы. Ардагер ұстаз, ісмер әжемізді марапатымен құттықтап, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»