El іshі

Ауыл жаңалықтары

Бауыржан Момышұлы
Аудан көлемінде елді мекендердің көше жолдарын жөндеу жұмыстары қызу жүргізілуде. Осындай жұмыстардың бірі Бауыржан Момышұлы ауылында да атқарылуда. Ауылдағы Бейбітшілік, Жанқожа батыр көшелеріне орта жөндеу жұмыстарын жүргізуге мемлекеттік сатып алу конкурсын «Нұр-Абдрахман» ЖШС жеңіп алды. Бүгінгі таңда мердігер компания аталған көшелердің жолдарын жөндеуден өткізіп, пайдалануға берді.

Қошқарата
«Қауіпсіз Жуалы» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Қошқарата ауылында «Тұрғындар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу» атты кездесу өтіп, оған ауыл жұртшылығы қатысты.
Кездесуді округ әкімі Жәнібек Мырзалиев ашып, құқық бұзушылық бойынша анықтама беріп, оның түрлеріне тоқталып өтті. Ал, бас маман Қарлығаш Сапарбаева ауыл тұрғындарын жанашырлыққа, қылмысқа қарсы бірлесе күресуге және немқұрайдылық танытпауға шақырды.
Учаскелік полиция инспекторы Мақсат Дулатбаев ауылда жылда қайталанатын мәселенің мал ұрлығы екенін, оның алдын алу үшін бақылау қондырғыларын орнату керектігін ескертті. Малдарды, бөгденің мүлкін ұрлаған азаматтарға қолданылатын жазалар туралы кеңінен түсінік берді.
Жиын соңында қатысушылар құқық бұзушылыққа куә болған әрбір адам тиісті органдарға хабарлап, азаматтық ұстанымына адалдығын білдіруі керек деген ой түйіп, тарқасты.

Қарасаз
Ауылдық округте биылғы жылдың өніміне 3010 гектар алқапқа арпа егілді. Ал, бүгінгі таңда егінге орақ түсіп, оның 410 гектары орылды. Округте алдағы уақытта егін ору жұмыстары жүргізілетін болады.
Жалпы округте 2625 гектарға жоңышқа егілген болатын. «Қыс шанаңды жаз сайла» демекші, шөптің бірінші орым орылып, жиналды. Қазіргі таңда екінші орымға дайындық жүріп жатыр.
Ауылдық округте 72 гектарға картоп, 20 гектарға көкөніс егілді. Бау-бақшаны уақтылы суғару жұмыстары жүргізілуде.

Мыңбұлақ
Ауылдық округке қарасты Талапты ауылы тұрғындарының сұранысына сәйкес бүгінгі күні аталған ауылдағы Б.Момышұлы көшесінің 0,980 шақырымына орта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аталған жұмысты «Рауан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарды. Жол толығымен орта жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілді.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close