El іshі
Аудандағы алғашқы тұқым шаруашылығы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл негізі» атты Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына аса мән берген болатын. Президент ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес екендігін де атап өтті. Өйткені, тұрғындардың әл-ауқаты, тұрмыстық табысының арттырылуы, еліміздің озық елдердің қатарына қосылуы үшін де ауыл шаруашылығы саласы жаңашылдыққа қарай бет бұрған сала болуы тиіс. Осы ретте, біздің ауданымызда аграрлы аймақ саналғандықтан, тұрғындардың басым бөлігі осы асыраушы саланы алға бастыру үшін еңбек етуде.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген аталы сөзге тоқтаған халықпыз. Бүгінгі таңда істің қиюын келтіріп, әр салада өз кәсібін дөңгелетіп отырған жандар арамызда аз емес. Әсіресе, жер бедері таулы, топырағы құнарлы, шөбі шүйгін қасиетті Жуалы ауданында да ауыл шаруашылығы саласындағы озық тәжірибелерді басшылыққа алып, егін және мал өнімдерін өндіруде елеулі жетістіктерге қол жеткізіп жүрген шаруа қожалықтар баршылық. Соның бірі ретінде шаруасы шалқыған Жетітөбе ауылдық округінде тіркелген «Сансызбай» шаруа қожалығын атап өтсек болады.
Бүгінде осындай алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың бірі «Сансызбай» шаруа қожалығын Күлімхан Қырғызбаева басқарады. Шаруа қожалық 2015 жылы ашылып, ауыл шаруашылығының сүт бағытына қарай бетбұрыс жасап, 76 бас асыл тұқымды «Гольштейн» қара ала сауынды сиырын сатып алған. Қожалықтың тірлігі тіктеліп, мал басы көбейіп, 200 басқа жеткен. Олар қазіргі таңда сауынды сиырлардан күндігіне бір, бір жарым тоннадай сүт алып, Тараз қаласындағы «Көкжиек-2030» сүт өңдеу компаниясына өткізуде.
Нәсібін кәсіптен тауып отырған қожалықта ауыл шаруашылығы техникалары жеткілікті, яғни, үш дана комбайн, үш К-700, КаМАЗ, «Газель» жүк көлігі және қосымша тіркемелерінің барлығы бар. 2017 жылы үш МТЗ-82 маркалы жаңа трактор сатып алған. Сонымен бірге, иелігіндегі жердің 450 гектарын егістік, 900 гектарын жайылымдық жерлер құрайды. Шаруа қожалық қыстың қамын жасап, 200 тонна шөп жинаған. Алдағы уақытта мал азығын егін орағы біткен соң толық әзірлеуді жоспарлауда.
Сондай-ақ, шаруа қожалық аудан шаруаларын жоғары репродукциялы тұқымдармен қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылы ауыл шаруашылығы басқармасына және аумақтық инспекцияға өтінім өткізген. Өтініш негізінде шаруашылықтың егістік алқаптары тексеріліп, өсімдік зиянкестері мен карантинді арам шөптерден тазалығы анықталып, құжаттары тапсырылған. Нәтижесінде масақты дәнді дақылдар және майлы дақылдар тұқымын өндіруге рұқсат сертификатын иемденген «Сансызбай» ШҚ ауданымызда бірінші болып «репродуктор» статусын алған шаруа қожалық атанған.
Ауданда ауыл шаруашылығы дақылдарының сортын алмастыру және сорт жаңарту жұмыстарын жүргізу мақсатында «Сансызбай» шаруа қожалығы Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы Красноводопад тәжірибе стансасынан жаздық арпаның элиталық «Бәйшешек» сортының 14 тоннасы, мақсарының «Ииркас» сортының 0,5 тоннасы алынған. Ағымдағы жылы бірінші репродукциялы 50 тонна мақсары және 70 тонна арпа дақылдарының тұқымдарымен жергілікті шаруаларды қамтамасыз еткен.
-Біз отбасымызбен екі шаруа қожалықтың жұмысын қолға алғанбыз. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары жолдасым Сансызбай «Жасұлан» шаруа қожалығын құрған болатын, – дейді Күлімхан Мекенбайқызы. – 1993 жылдары еліміз егемендігін алған соң егін және мал шаруашылығымен айналысуды бастадық. Әрине, тоқырау жылдары кәсіп бастау, қожалық құру оңай шаруа емес еді. Дегенмен, сол қиындықтардың барлығын еңбектің арқасында еңсеріп, осындай жетістікке жетіп отырмыз. Шаруа қожалықтың жұмыстарын ұлдарым ауызбіршілікте біркісідей атқарып, жүргізіп отырған жайы бар.
Жоспарлы жұмысымыз жолға қойылып, 2015 жылы «Сансызбай» шаруа қожалығы ашылды. Қожалық алғашында мал шаруашылығымен айналысса, қазіргі таңда тұқым шаруашылығына қарай ден қойып, ауданның шаруаларын сапалы тұқыммен қамтамасыз етудеміз.
Бидай, арпа, мақсары өнімдерінің элиталы тұқымдары Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарынан арнайы тұқым зерттеу институттарынан сатып алынуда. Өткен жылы 10 тонна элиталы күздік бидай тұқымы әкелініп себілсе, биыл көктем айында 12 тонна мақсары Қазығұрттан әкелініп, егілді. Сондай-ақ, биыл 200 гектарға күздік бидай, 150 гектарға арпа, 100 гектарға мақсары егілді. Соның ішінде 50 гектарға элиталы репродуктивтік мақсары егілді.
Шаруаларға Үкімет тарапынан көп көмек-қолдаулар көрсетіледі. Соның бірі өткен жылы мемлекет тарапынан элиталы тұқымға жартылай арзандатылған бағамен субсидия алған болатынбыз. Оның да бізге үлкен пайдасы мен септігі тиді.
Сапалы тұқымды биыл ауданның ірілі-ұсақты 15-20 шақты шаруалары сатып алды. Оның ішінде, мақсары мен арпаның бірінші репродуктивтік өніміне сұраныс жоғары болды. Биыл егілген 50 гектардан алдағы уақытта 50-70 тоннадай мақсарының элиталы тұқымын алар болсақ, онда алынған тұқымды 1000 гектарға дейін ұлғайтып егуге болады. Бұл элиталы тұқымды әкелу, оның көлемін үлкейту алдағы жоспарларымыздың бірі. Егін орағы аяқталған соң өніміміз облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының сайтында жарияланып, сол жерде бағасы, өнімнің мөлшері көрсетіледі. Сол кезде ауданның шаруалары бізбен тікелей байланысып, сапалы өнімді алуына болады,- дейді өз сөзінде қожалық жетекшісі.
Шаруа қожалық мал басын көбейтіп, аудан шаруаларын сапалы тұқыммен қамтамасыз етіп қана қоймай, еңбек адамдарына тиісті жағдайды да жасап отыр. Олар бес адамды тұрақты жұмыспен қамтып, 12 тұрғынды науқандық жұмыстарға тартуда. Қожалықта екі сауыншы тұрақты жұмыс істейді. Олардың айлық жалақылары да орташа көлемде. Сонымен бірге, қожалықтағы тірліктің көзін тауып, еңбектің ерен үлгісін көрсетіп жүрген азаматтарға әлеуметтік көмек те көрсетіледі.
-Элиталы тұқым – мол өнім кепілі. Бұл өнімнің ерекшілігі тұқым таза болады. Бұл тұқымды бірнеше жыл қатарынан ексе де Жер-Ана мол өнімін береді. Тек элиталы тұқымды дұрыс егіп, жерді дұрыс пайдалана білу қажет. Қазіргі таңда қожалықтар элиталы тұқымға сұраныс жасап, бізден сатып алуда. Жаңа техникалар да дәнді уақтылы сеуіп алуға септігін тигізуде. Өздеріңіз білесіздер, биыл ауа райына байланысты көктемгі дала жұмыстары кеш басталды. Мына қуаңшылық та шаруаларды қинап тұр. Дегенмен мұның бәріне дес бермей, еңбек етуіміз керек. Жақында егін орағы басталды. Алғаш болып арпаға орақ салдық.
Бұйырса, жерде ештеңе қалмайды. Егілген өнімді уақтылы жинап алып, мал азығын әзірлейміз деп отырмыз. Артылғанын шаруаларға сатып, оларға да көмегіміз тиер деген ойымыз бар. Тұқым шаруашылығымен айналыса отырып, ауданның ауыл шаруашылығы саласының дамуына, шаруалардың қамбасы мол өнімге толуына септігіміз тиеді деген ойдамыз. Тек еңбек етсек қана, нәтиже болады. Жұмыс істеймін, алға ұмтыламын деген адамға барлық мүмкіндік бар. Сол мүмкіндікті дұрыс пайдалана білген абзал, – дейді шаруа қожалық жетекшісі Күлімхан Мекенбайқызы.
Істің көзін тапқан шаруа отбасы отағасы Сансызбай Саурықов бастаған қайырымдылық шараларын жалғап келеді. Олар түрлі көлемдегі ауқымды игі шараларға атсалысып, жомарт жандардың қатарынан табылуда.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»