El іshі
Қоғамға қажет мамандық
Бүгінде елімізде мүмкіндігі шектеулі, мүгедек, қарт адамдарды қоғамға бейімдеу мәселесіне ерекше ден қойылып отыр. Бұл істе әлеуметтік қызметкерлердің алатын орны ерекше.
Жыл сайын қазан айының соңғы жексенбісінде әлеуметтік қызметкерлер күні аталып өтеді. Əлеуметтік сала – еліміздегі ең өзекті бағыттардың бірі болып табылады. Бүгінгі таңда қоғамда болып жатқан оқиғалардың дені осы əлеуметтік мəселе төңірегінде туындап жататыны шындық. Əсіресе, «əлеуметтік» ұғымымен қорғау, көмек, қызмет, оңалту, ортаға əсер ету, қамсыздандыру, паналау орны, диагноз, қолдау, педагогика, қызметкер секілді қатарлас қолданылатын тіркестер құлағымызға сіңісті болып кетті. Десек те, бұлардың бəрінің астарында қоғам өмірінде болып жатқан мəселелерге атүсті қарамай, мемлекетіміздің əрбір көмекке зəру жандарына қол ұшын созу жатыр. Бүгін осындай көзге көріне бермес, қиындығы көп жұмысты еңсеріп жүрген аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты үйде әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің қызметкері Гүлнар Қалдарбекова.
Гүлнар Қуантайқызы 1968 жылы Қайрат ауылында, көпбалалы отбасында дүниеге келген. Сол ауылдағы Октябрьдің 40 жылдығы мектебін аяқтап, Тараз қаласындағы Стат.техникумға «Өнеркәсіп бухгалтериясы» мамандығы бойынша оқуға түседі.
Техникумды аяқтаған жылы Гүлнар Қуантайқызы Талапты ауылының азаматы, көпбалалы отбасынан шыққан Қалымхан Қолахановқа тұрмысқа шығады.
Екеуі де көпбалалы отбасынан шығып, көпбалалы ата-ана болсақ деп армандайды.
Гүлнар Қалдарбекова жолдасына еріп сол кездегі Ленин атындағы колхозда қой бағып, еңбек етеді.
Еңбек жолын 2005 жылы Мыңбұлақ ауылдық округі аппаратында қоғамдық жұмысшы болып бастайды.
Ал, 2007 жылдан бастап аталған ауылдық округі аппаратында әлеуметтік қызметкер болып, сол ауылдағы жалғыз басты қарттарға көмектеседі. Әрі қарай 2012 жылы аудандағы әлеуметік қызметкерлердің барлығы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарайды. Ол уақытта әлеуметтік қызметкерлердің басшысы болып Марат Жамалбеков тағайындалады.
Гүлнар Қуантайқызы білімін әрі қарай жетілдіру мақсатында Тараз қаласындағы «Парасат» колледжінде білім алады.
Қазіргі таңда Көлбастау ауылындағы жалғыз басты алты қартқа көмек көрсетіп отырған жайы бар.
– Біздің яғни әлеуметтік қызметкерлер атқаратын қызметтер сан салалы болып келеді. Ол мәдени-ағартудан бастап, қаржы-шаруашылық, тіптен санитариялық-гигиеналық, медициналық қызметтерді қамтиды. Яғни, әлеуметтік қызметкер қызмет алушының денсаулық жағдайы бойынша әдеттегі, соның ішінде төсектен тұру, төсекке жату, киіну және шешіну, жуыну, тамақ, сусын ішу, көзәйнекті немесе есту аппаратын қолдану, тырнағын алу, ер кісілерге сақал-мұртын алу секілді қызметтерді көрсетеді. Сонымен қатар, біз үй жанындағы жер телімін, бау-бақша өнімдерін жинау жұмыстарын ұйымдастырамыз. Үй ішін және есік алдын тазалаймыз. Коммуналдық (газ, телефон, электр қуаты) төлемдерін апарып төлейміз.
Қыс мезгілінде ауласындағы қарды тазалаймыз. Қарап отырған қарттарымыз ауырып қалса, дәрігерге дейінгі көмекті көрсетеміз. Ол кісілер қағазға керек дәрі-дәрмектерін жазып қояды, барып әкеліп береміз.
Газет-журналдарды оқып аудан жаңалықтарымен таныстырып, тағы да басқа қажет ететін жұмыстарды орындаймыз. Олармен әңгімелесу керек. Оларға жылы сөйлесеніз жақсы көреді. Көңілдері жарым болғаннан сіздерден ол кісілер жылы сөз күтеді.
Кейде олардың көңіл күйлері болмай қалады. Сол кезде не болып қалды, мен реңжітіп қойдымба деп өзім бір түрлі болып кетемін. Сол кісілердің көңілін табуға тырысамын. Оларда кішкентай бала сияқты. Алыста тұратын балалары хабарласып, звандап тұрады.
1 қазан «Қарттар күні» мерекесіне орай өзім қарап отырған алты жалғызбасты қартқа сыйлықтар апарып, көңілдерін бір көтеріп қойдым. Олар өз алғыстарын айтып, балаша қуанып жатыр.
Менің ойымша, әлеуметтік қызметкердің бойында ең алдымен шыдамдылық, төзімділік, мейірімділік, адамгершілік секілді адами қасиеттер басым болып, қариялардың жасын құрметтеп, олардың психологиялық ерекшеліктерін, жан дүниесін түсінетін адам болуы тиіс,- дейді әлеуметкер қызметкер Гүлнар Қуантайқызы.
Бөлімше есебінде тұрған қарттардың жалғыз қалуының себептері әртүрлі. Арасында жақындары немесе балалары алыста тұратындар, бас бостандығынан айыру мекемелерінде отырғандар немесе түрлі себептермен жанында бола алмайтындар.
Кейбіреулерінің туыстары бар болғанымен, балалары жоқ.
Әлеуметтік қызметкердің жұмысы көзге көрінбегенімен, ол өте ізгілікті, қоғамға аса қажетті мамандық. Олардың ведомстволық жұмыс есебінде «әңгімелесу» деген арнайы қызмет көрсету түрі бар. Жалғызілікті қарттардың хал-жағдайын сұрап, бір ауыз жылы әңгімелескеннің өзі олар үшін үлкен қуаныш. Бұл кезде қария өзінің жан дүниесінде қалыптасқан қуанышымен, сүйінішімен, күйінішімен бөліседі, мұңын шағып, қайғысын білдіреді. Көпшілігі бала мінезді, көңілдері тез босағыш, мұңайғыш болып келеді. Осы кезде олардың жанынан табылып, бір ауыз жылы сөзбен демейтін, қолдайтын әлеуметтік қызметкер болып табылады.
-Мен жалғызілікті қарттардың үйіне аптасына үш рет барамын. Бір күндік жұмыс уақытым сегіз сағат. Сол сегіз сағатты алты адамға бөлемін. Аптасына бір рет үйлерін жинап беремін. Сенбі-жексенбі күндері демалыс.
Күнделікті жұмысқа шығар алдында бір мезгіл барлық мамандардың басын қосып, қайсымызда қандай проблемалар бар екендігі ортаға салып, оларды бірлесе талқылап, шешу жолдарын іздейміз.
Әлеуметтік қызмет алушылардың әрқайсысының өткен тарихы, өмірі болады. Алғаш есепке алғанда осы жәйттерді міндетті түрде ескереміз. Бала-шағалары бар болса, олардың мекенжайлары мен байланыс телефондарын жазып қоямыз.
Бөлімшеде жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкерлердің барлығы кәсіби еңбегіне адал, өз міндеттерін жанын салып атқаратын мамандар. Мамандардың арасында ер азаматтар да бар. Олардың әрқайсысы мақтау мен марапатқа лайық жандар,- дейді ол.
Гүлнар әпке жолдасы Қалымхан Қолаханов екеуі өмірге бес бала әкеліп, оларды оқытып, ұлдарын ұяға, қызын қияға қондырып отырған жандар. Қазіргі таңда олардан сегіз немере сүйіп отырған асыл әже. Олардың кенже қыздары Маржан Нұр-Сұлтан қаласында «Астана» медициналық университетінде білім алса, сүт кенжелері Гүлім Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектепте оқиды.
Тағыда айта кететін жайт, Гүлнар Қуантайқызы биылғы жылдың қыркүйек айында бала санына байланысты зейнетке шықты. Бірақ келісімшартпен жұмысын әрі қарай жалғастыруда.