El іshі
Өнегелі ана, өнерлі қыз
Әр бала өзінше тұлға. Әр баланың бойында туа біткен қасиеті оны өзгелерден ерекшелендіріп тұрады. Күреңбелдік Рузанна Аманбекті де бойындағы қазақ қызына тән биязылығы мен қарапайымдылығы ортасынан дараландырады.
Ол қазіргі таңда Күреңбел орта мектебінің 8 сынып оқушысы. Оқуда озат, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады.
Рузанна көздің жауын алатын түрлі қолөнер бұйымдарын жасап, тұрғындардан тапсырыс қабылдауда. Ол көбінесе мектеп оқушыларына арналған түрлі түсті бантиктер, қолөнер бұйымдарын жасайды. Қолынан шыққан бұйымдарын әлеуметтік желілердегі парақшаларына салып, насихаттауда. Жақында ғана жаңажылдық шыршаны екі күнде жасап шығып, тапсырыс берушінің көңілінен шыққан. Әрине, бұл бұйымды жасап шығу үшін Рузаннаға асқан төзімділік пен ептілік қажет болған.
Оның бойындағы бұл өнері апасынан және анасынан дарыған. Оның қолдаушысы да жігерлендіріп, алға жетелеушісі де отбасы.
Қолөнер бұйымдарын жасауды ол 7 сыныптан бастап қолға алған. Анасы қызының қызығушылығына тәнті болып, керекті заттарының барлығын сатып алып берген екен.
-Мен көпбалалы отбасында дүниеге келгенмін. Әкем Руслан жеке кәсіппен айналысса, анам Гүлшат тарих пәнінің мұғалімі. Анам бос уақытында тігіншілікпен, қолөнер бұйымдарын жасаумен шұғылданады. Оған қарап бой түзеп, менің де осы өнерге деген қызығушылығым оянды. Алғаш қыздарға арналған бантик жасадым. Сол кезден бастап анам керек заттарымды алып беріп, өзі де бағыт-бағдар берді. Қасымда отырып, жасаған дүниемнің әдемі әрі үйлесімді болуын қадағалады. Мәселен, жақында жасаған шыршаға екі орама мата кетті. Түнімен бастаған ісімді аяқтағанша ұйықтамадым. Әр бөлшегін дұрыс жабыстырып, сәнді болуын қаладым. Себебі, жаңажылдық шырша мереке қарсаңында кімге болса да қуаныш сыйлайды, – дейді Рузанна.
Ол бос уақытын тиімді пайдаланып, интернеттен қолөнер бұйымдарының жасалу жолдары туралы ақпараттар қарайды. Уақыттың талабына сай ізденіп, заманауи үлгідегі заттарды жасауды қолдайды. Оның арманы – мектепті жақсы үлгіреммен аяқтап, дизайнер болу.
– Негізінен математика пәнін сүйіп оқимын. Қолым босай қалса, бірден осы жұмысыма кірісемін. Бұл іспен шұғылдану арқылы бойымда бір қуаныш сезімі ұялайды. Себебі, әдемілік арқылы көпшіліктің көңілінен шығамыз.
Анам екеуміз әр түстің үйлесімділігін қадағалаймыз. Әр жастағы қыздарға арнап, бантиктің көлемін де әртүрлі болады. Соны ескеріп, түсін, дизайнінің ерекше болуы үшін ізденемін. Бантиктерді жасау үшін мульфильмнің кейіпкерлерін де қолданамын.
Заттардың бағасы да қолжетімді. Бұлай тапсырыс қабылдап, бала күнімнен кәсіпке қарай бейім боламын деген ойым болмапты. Қазір осындай өнерім арқылы көпшіліктің алғысын алғаныма қуаныштымын, – дейді Рузанна.
Рузаннаның анасы қызының бұйымдарын мектептегі оқушылар таласып алатынын айтады. “Рузанна ұлдарымыздың арасындағы жалғыз қызымыз. Өзге перзенттерімізден сабырлығы мен салмақты мінезімен ерекшеленіп тұрады. Өзі осы қолөнермен айналысуға бет бұрды. Мектептегі оқушыларды түрлі-түсті бантиктерімен қамтамасыз етіп отыр. Тапсырыс көршілес ауылдардан да түседі. Ерінбей, бастаған ісін аяғына дейін бітірмей қоймайды. Тек бантиктермен емес, мектептегі көрмелерге арналған қолөнер бұйымдарын жасай береді. Сондықтан біз отбасымызбен қызымыздың өнерін қолдап, пайдалы іспен шұғылданғанына қуанамыз. Жол көрсетіп, өнерін әрі қарай дамытуға күш саламыз” – дейді анасы Гүлшат.
Жас өркеннің бойындағы табиғат берген ерекше қабілетті, дарынды танып-білу, оның ары қарай дамуына бағыт-бағдар беру – қиын да қызықты іс. Алайда, әр баланың жеке қабілетіне қарай жетелеу – әр ата-ананың парызы. Баланы заман талабына қарай көрегендікпен икемдеп, өз заманының озық өнегесін санасына сіңіре білу де өнегелі отбасындағы ата-ананың міндеті. Рузаннаның да өнері отбасында қолдау тауып, өзінің сүйікті ісімен айналысуы үлкен қолдаудың нәтижесі.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»