El іshі
Ұлағатты Ұстаз, АРДАҚТЫ ҚАРИЯ
Ардагерлер – алтын қорымыз. Ардагер атану үлкен мәртебе, абыройлы атақ. Олар – тірі тарих, ел шежіресі. Тәуелсіздігіміз солардың маңдай терімен, қанымен келген бақыт. Олардың кеудесі – алтын сандық, ойы – қазына, сөзі – шежіре.
Уақыттың жетіспеушілігінен, шаруаның көптігінен кейде олардың өмір жолындағы ерлікке татитын ұлағатты істерін ұмыт қалдырып жатамыз. Дегенмен, біз абыз ақсақалдардың алтын бастарын тірі кезінде қадірлеуді санада сақтауымыз керек. Кезінде қасиетті Жуалыны заман көшінен қалдырмай, туған ауылын түлетіп, ондағы тіршілікті жандандыруға үлес қосқан азаматтардың бірі – Ырысбек Қазақбаев.
Ырысбек ата 1939 жылы Құлан асуының жанындағы Бірлік ауылындағы колхозшылар отбасында дүниеге келген. Әкесі соғыстан кейінгі жылдары колхоздың жылқысын баққан, ал ұсақ шаруашылықтар тарап, іріленіп, орнына кеңшар құрылғанда, сушы болып жұмыс істеген. Анасы таңның атысынан күннің батысына дейін қызылша алқабында бел жазбай еңбек еткен.
Орта мектептің сегізінші сыныбын бітірген жас талап арман қуып, Қызылорда қаласындағы педагогикалық училищеге «биология және химия» мамандығына оқуға түседі. Оны 1967 жылы ойдағыдай бітіріп, еңбек жолын Қошқарата ауылындағы №9 Абай атындағы орта мектепте биология және химия пәнінің мұғалімі болып бастайды. Жас маман осында жүріп, тәжірибесін шыңдайды.
1968 жылы Қошқарата ауылының тумасы Күлжамал есімді бойжеткенмен отау құрады. Осында жұмыс істеп жүргенде Қызтоған ауылындағы Талдыбұлақ мектебіне мұғалім болып ауысып, бір жылдан кейінен директор болады. Ол 13 жыл қызмет етеді.
Ерте жастан бойына білім жинап, көшбасшылық қабілетті дарыта білген Ырысбек Қазақбаев 1979 жылы бұрынғы Петровка, қазіргі Қарасаз ауылына көшіп келіп, осындағы А.Пушкин атындағы орта мектепте директордың орынбасары болып қызметін жалғастырады. Зейнет демалысына шыққанша осы мектепте ұзақ жылдар бойы жұмыс істейді.
Ырысбек ата ауылдағы қоғамдық жұмыстардан қол үзген емес. Ол мектепте қызмет етіп жүрген кезде араб тілінен оқушыларға факультатив сабағын аштырып, оқушыларға араб тілін үйреткенін айтуды ұмытып барамыз. Бұл аз десеңіз, ұзақ жылдар қатарынан үздіксіз ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауыл имамының орынбасары болып, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүреді. Ақсақалдың жасы ұлғайса да әлі де ауылдың іс-шараларына қатысып тұрады.
-Ұлағатты ұстаз болу – үлкен мәртебе. Өзім оқытқан шәкірттерім әрдайым сәлемдесіп тұрады, сыйлайды. Бұл – мен үшін мәртебе, – дейді ардагер ұстаз.
Ырысбек Қазақбаев өмірлік жары Күлжамал Көпжасарова екеуі төрт ұл және үш қызды тәрбиелеп өсіреді. Бүгінде олар ұлын ұяға, қызын қияға қондырған шуақты шаңырақ иелері. Ұлдары шаруашылықпен айналысса, қыздары әке жолын қуып білім саласында жемісті еңбек етіп жүр. Олардан немере-шөбере сүйіп отырған бақытты жандар.
Әңгіме арасында «ақсақалдан «Өмірдің мәні неде?» деген сұрағымызға, қария: «Әуелі адамның жаны таза болуы керек, жан тазалығы имандылық, ар тазалығы – мәрттік, тән тазалығы – адалдық, қол тазалығы – әділдік» деп барға қанағат тұтып, шүкіршілік жасап, тәубаға келгенге не жетсін?! Ойлы сөз әрбір іс-әрекет иесіне абырой әкеледі. Бұл әрбір жастағы адамға ортақ қағида болып қалыптасуы тиіс. Қазақи тәрбиенің негізі осыдан бастау алса, нұр үстіне нұр болар еді» дейді.
Кейінгі толқын жастар аға ұрпақтан аталы сөз, азбас ақыл, үлгі-өнеге, қамқор көңіл және кемел кісілік күтеді. Ақсақалдық жасаған жасына берілетін атақ емес. Ол орамды оймен, өрелі тұлғасымен, айтар ақылымен, жүріс-тұрысымен, көркем мінезімен елдің сеніміне ие болған адам, ел ағасына лайық абырой – беделдің иесі. Отыратын орнын, сөйлейтін сөзін, жүретін жолын білетін құрметті қарт. Түптеп келгенде, ақсақал дегеніміз даналықтың қазынасы.
Ардагер бізбен қоштасарда «Отбасыларыңды адал еңбекпен асырауды Алла сендерге де нәсіп етсін» деп тілек тіледі.
Бүкіл ғұмырын ұстаздыққа арнаған ардақты қарияның өмірі әрқашан өскелең ұрпаққа өшпес бағыт-бағдар болып қала береді.
Лаура МұсабекоВА,
«Жаңа өмір»